Маңғыстау облысындағы Н.Жантөрин атындағы музыкалық драма театрында «Шыңырау» фильмінің премьерасы өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Әбіш Кекілбайұлының «Шыңырау» повесінің желісімен түсірілген фильмді Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ 2018 жылы шығарған, режиссері және сценарий авторы – Жаңабек Жетіруов.
Мәдени іс-шараға аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев қатысты. Облыс әкімі туынды авторларына, оның шығуына үлес қосқан барша жанға алғыс айтты.
- Асанәлі Әшімов ағамыз бір әңгіме айтып еді. Кезінде «Қыз Жібек» киносы шыққаннан кейін, көп ұзамай Еуропада көрсетіліпті. Сонда олар: «Бір-бірімен осыншалықты терең қарым-қатынас жасайтын мұндай да халық бар екен-ау! Шіркін сол халыққа бір барып, өмір салтын көрер ме еді!» деп тамсанған екен. Қазіргі құбылмалы ғасырда мына «Шыңырау» фильмі де сондай әсер қалдыратын шығар. Табиғаты қатал, шөлді мекеннен ауа көшпей, осындай жерде де өмір жалғаудың жолын тауып, тірлік ете білегн халық туралы фильм ешкімді де бейжай қалдырмайды деп ойлаймын, - деді Нұрлан Ноғаев.
Қазақ әдебиетіне де, әлем әдебиетіне де жаңалық болып келген бұл повесть 1982 жылы жарық көрді. Содан бері көптеген режиссер оны экраннан сөйлетуге ниеттенген, бірақ негізгі жұмыстар 2009 жылы басталды.
2009 жылы «Қазақфильм» киностудиясының сол кездегі президенті Ермек Аманшаев ұйытқы болып, «Шыңырауды» түсіруге бірінші қадам жасалған. Кейін бұл жұмыс Жаңабек Жетіруовқа тапсырылды. Ол кісі Әбіш Кекілбайұлымен бірнеше рет кездесіп, сценарийдің алғашқы нұсқасына автордың рұқсатын алған болатын. Өкінішке қарай, жазушының өзі бұл фильмді көре алмай кетті.
«Шыңырау» 2019 жылы елордада өткен «Еуразия» халықаралық кинофестивалінің бағдарламасында тұңғыш рет көрсетілді. Содан бері 10-ға жуық Халықаралық кинофестивальдің жүлдесін жеңіп алған.
Фильмдегі басты рөлді – бұған дейін Маңғыстауда түсірілген «Кек» фильмінде Сүйінқараның рөлін ойнаған, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алдабек Шалбаев сомдады. Сонымен қатар, «Дарын» жастар сыйлығының иегері Асылхан Төлепов, Мұхамеджан Мырзакеев, Мақсат Сәбитов, Қанат Құрымбаев, Айжан Жаңабекқызы, Анар Бейсенбина сынды белгілі актерлер қатысты.
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН