«Шыңырау» фильмінің Ақтау қаласындағы тұсакесері аясында баспасөз конференциясы өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Н.Жантөрин атындағы музыкалық драма театрында болған конференцияға фильмнің режиссері және сценарий авторы – Жаңабек Жетіруов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алдабек Шалбаев, «Дарын» жастар сыйлығының иегері Асылхан Төлепов, киноактер Мұхамеджан Мырзакеев, Маңғыстау облыстық мәдениет басқармасының басшысы Пания Сармурзина қатысты.
Сұқбат барысында повестегі бас кейіпкер Еңсептің прототипі – құдықшы Бейнеубайдың ұрпағы сауал қойды. Бейнеубай Құлшарұлының бүгінде 70-тен асқан көзі тірі немересі Есберген Іңірбаев фильм шет елдерде қалай бағаланып жатқанын сұрады. Оған режиссер Жаңабек Жетіруов жауап берді.
– Туындымыз осы күнге дейін біраз халықаралық жүлдені қанжығалады. Көрермендердің ықыласы өте жақсы. Бірде Үндістанға фестивальға бардық. Біздің кино көрсетілгеннен кейін бір көрермен келіп, келесі күні кездесейік деп өтінді. Айтылған уақытта бардық. Сөйтсек, кешегі көрермен жігіт «Шыңырау» туралы поэма жазып келіпті. Үндіше жазған ғой, сол жақтан ағылшын тіліне аудартып, елге келгесін орысша тәржімасын жасаттым. Сол оқиға есімде қалып қойды, - деді.
Сонымен қатар, режиссер киноға повесте жоқ екі кейіпкерді қосқанын айтты.
– Бұл – өте салмақты, философиялық шығарма. Сондықтан оны экранға әкелу оңай болған жоқ. Бас кейіпкер Еңсептің бейнесін аша түсу үшін, фильмге оның баласын және екінші құдықшы Қалпақтың қызын ойдан қосқанымды айтқым келеді. Шығармада Еңсептің баласы да, Қалпақтың қызы да жоқ. Әбіш ағамыз Еңсептің өрлігін, Қалпақтың алдында кішірейгісі келмей кіжінуін көбінесе монолог арқылы берген. Сондықтан, осы іште бұлқынып жатқан өрлікті сыртқа шығару үшін, бір-біріне ғашық қыз бен жігітті киноға кірістірдім. Ал мұның образ ашуға қандай септігі тигенін қазір кинодан көрерсіздер, - деді Жаңабек Жетіруов.
Суреттерді түсірген Талант Құсайын