Маңғыстаулық полицейлер Нидерланд мемлекетінің Роттердам қаласында күш құрылымдары арасында өткен дүниежүзілік ойындарда топ жарып, алты медаль жеңіп алды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Жарысқа әлемнің 97 елінен барлығы 13500 спортшы қатысты. Олардың қатарында қазақ елінің, Маңғыстау өлкесінің намысын қорғаған тәртіп сақшылар мен ІІО зейнеткері Қайрат Ургешбаев бар.
Сайыс қорытындысы бойынша 3 полицей жеңімпаз атанды. Атап айтсақ, бокстан 75 келі салмақ дәрежесінде полиция капитаны Жандос Сұлтанов, каратэ спортынан 70 келі салмақ дәрежесінде полиция лейтенанты Мұса Бексұлтан мен 75 келі салмақ дәрежесінде полиция капитаны Мерген Калимжанов 1-орын иеленіп, алтын медаль жүлдегері атанды. Сонымен қатар, бокстан екі қызметкер полиция капитаны Берік Абдрахманов және полиция лейтенанты Дидар Алғалиев күміс медальді қанжығалады.
Шілде айының 22 мен 31 аралығында өткен додада спортшылар 63 спорт түрінен сайысып, бағы мен бабын сынады.