Ақтау қаласы әкімдігінің бөлім басшылары мен қызметкерлері 28«А» және 29 шағынаудан тұрғындарымен кездесіп, оларға аталған шағынаудандарды абаттандыру жобасын ұсынды, деп хабарлайды mangsystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Жоба аясында шағынаудан ішінде автомобиль және жаяу жүргіншілер жолын салу, кеңейту, спорт және балалар алаңы салынбақ. Әкімдік өкілдері жұмыс барысында аталған аумақтарды абаттандыруға қатысты тұрғындардың барлық талап-тілегі ескерілетінін айтты.
-Өткен аптада 1, 4, 14, 22 шағынаудан тұрғындарымен кездесіп, аулалардың концепциясын талқыладық. Кеше 28«А» және 29 шағынаудан тұрғындарының ұсынысын тыңдадық. Құрылыс кезінде оларды ескереміз», – деді Ақтау қалалық құрылыс бөлімі басшысының орынбасары Еркінбек Шауқан.
Жауаптылардың айтуынша, құрылыс жұмыстары шағынаудандардың ішіндегі ескі құбырлар ауыстырылған соң басталады.
Естеріңізге сала кетейік, осы жылдың маусым айында Ақтау қаласының әкімі Нұрдәулет Қилыбай мен әкімдік қызметкерлері 1,4,14 және 22 шағынаудандардың тұрғындарымен кездесу өткізген болатын. Активпен бірге спорт және ойын алаңдарын орнату мен жөндеуді қоса алғанда, абаттандыру бойынша жоспарлар талқыланды. Сондай-ақ, жасыл желектерді суару және тұрғын үйлердегі жылу жүйесі мәселесі де көтерілді.