Маңғыстаулық спортшылар велоспорттан елордада өткен ҚР чемпионатында 4 алтын және 3 күміс медаль жеңіп алды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz спорт басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Спорттық додаға Маңғыстау облысының атынан 4 спортшы қатысты. Маңғыстау облысының командасы велоспорттың әр түрінен 7 медаль иеленді.
Атап айтқанда «Кейрин» және «Спринт» бойынша Сергей Пономарев 2 алтын жүлде алса, «Скрэтч» және «Іріктеу» бойынша Сұлтанмұрат Миралиев 1 орын иеленді. Ал «Жеке уақытқа» санатында күміс жүлдені Дмитрий Носков иеленді. «Командалық спринт» бойынша Виктор Голов, Сұлтанмұрат Миралиев, Сергей Пономарев өнер көрсетіп 2 орын иеленсе, «Командалық жарыс уақытқа» санаты бойынша маңғыстаулықтар күміс жүлде алды. Команда құрамында Виктор Голов, Дмитрий Носков, Миралиев Сұлтанмұрат, Сергей Пономарев бар.
- Біз жоғары деңгейде өнер көрсеттік. Ерлер арасында медальдар бойынша 1 командалық орынды жеңіп алдық. Ел чемпионаты жылдың ең маңызды чемпионаты болып табылады. Ұлттық чемпион атағын жеңіп алған спортшы бір жыл ішінде келесі чемпионатқа дейін ұлттық чемпион жейдесімен әлемдік деңгейдегі жарыстарға қатысуға құқылы және Әлем чемпионаты, Азия чемпионаттарына қатысуға жолдама алады. Жігіттер бар үмітті ақтап, жаттықтырушы қойған барлық тапсырмаларды орындады, - дейді жаттықтырушы Жанұя Серікбайқызы.
Жарыс 25-30 шілде аралығында Нұр-Сұлтан қаласындағы «Сарыарқа» велотрегінде өтті. Оған еліміздің 16 облысынан 180 спортшы қатысты.