23 маусым – Қазақстан полициясының құрылған күні. Биыл қазақстандық полицейлер 30 жылдық мерейтойын атап өтті. Мерекеге орай, Маңғыстау облысы Полиция департаментінде мерекелік салтанатты іс-шара өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Мерекелік кешті бастамас бұрын, қызмет бабында қаза тапқан тәртіп сақшыларын еске алып, олардың құрметіне ведомство плацындағы монументке гүл шоқтары қойылды.
Осындай айтулы күні Маңғыстау облысы әкімі Нұрлан Ноғаев, Ақтау қаласының әкімі және өзге де мемлекеттік органдар мен күш құрылымдардың басшылары іс-шарамыздың төрінен бой көрсетіп, өңір полициясына арнап жүрекжарды тілектерін жеткізді. Мерекелік шараға ІІО ардагерлері мен қызметінде жүріп қайсарлықпен қаза тапқан қызметкерлердің ата-аналары да шақырылды. Департаменттің басшысы Аян Сабитұлы барша жеке құрамды төл мерекемен құттықтады.
-Халықтың сенімін ақтау – полиция қызметіне берілетін жоғары баға. Қоғамдық тәртіпті қалыптастыру, ел тыныштығын қорғау жолындағы қызметте әрдайым анттарыңызға адал болып, ел қорғаны деген атаққа абыройлы қызмет ете беріңіздер! Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға береке-бірлік және Отанымыз – Қазақстан Республикасының игілігі жолындағы қызметтеріңізге табыс тілеймін!, -деп атап өтті полиция генерал-майоры Аян Дүйсенбаев.
Мереке қарсаңында бірнеше қызметкердің шені жоғарылап, өз қызметіне адалдық танытқан сақшылар марапатталды. Өз міндеттерін адал атқарғаны үшін ҚР ІІМ Министрі Марат Ахметжановтың бұйрығымен басшы құрамның 7 қызметкеріне мерзімінен бұрын және кезекті арнаулы шендері табыс етіліп, 16 полицей құрмет грамотасымен, грамоталармен және алғыс хаттармен марапатталды. Сондай-ақ, сақшыларға “Ішкі істер органдарының құрметті қызметкері”, II дәрежелі “Ішкі істер органдарының үздігі” төс белгілері мен “Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін” медальдары табыс етілді. Одан бөлек, Департамент бастығы бұйрығымен 30 шақты тәртіп сақшысы грамота және алғыс хаттармен марапатталып, 12 қызметкер бағалы сыйлық иегері болды.
Қызметінен отбасына оралмаған ержүрек батырлардың жақындарына да ерекше құрмет көрсетіліп, Департамент атынан сыйлықтар табысталды. Осылайша, полиция күніне арналған салтанатты іс-шара мерекелік концертке ұласты.