Ақтау қалалық прокуратурасы митингілер мен пикеттерді өткізу тәртібі туралы айтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Митингілерді өткізу тәртібі «Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» Заңмен (бұдан әрі - Заң) реттеледі.
Жиналыстарды, митингілерді және пикеттерді ұйымдастырушы оларды өткізу күніне дейін бес жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде әкімдікке хабарлама беру керек және ол үш жұмыс күн ішінде қаралады (10-бап).
Хабарламада бейбіт жиналыстың мақсаты, нысаны, өткізу орны, уақыты, өткізу регламенті, қатысушылар болжамды саны, қаржыландыру көздері, құрылысжайлар орнату туралы мәлімет, плакат және өзге де көрнекі үгіттеу құралдарын пайдалану, ұйымдастырушылар мен қоғамдық тәртіпті сақтауға жауапты адамдардың деректері көрсетіледі.
Бұл міндетті талаптар қатысушылардың өздерінің және басқа да азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет.
Әкімдік тарапынан Заң талаптарына сәйкес жауап болмаған жағдайда, ұйымдастырушы берілген хабарламаға сәйкес жиналысты өткізуге құқылы (11-бап).
Полиция заңға сәйкес заңсыздықтардың жолын кесу үшін құқық бұзушылық жасаған адамдарды ұстауға міндетті.
Егер Заң бұзылса, митингіні ұйымдастырушы да, қатысушылар да Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасы Кодексінің 488-бабымен немесе Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 400-бабымен жауаптылыққа тартылады.
Сол себепті, арандатушылыққа жол бермей, заңды мүлтіксіз сақтауға және заңсыз митингілерге қатыспауға шақырамын.
Прокуратура және басқа да құқық қорғау органдары заң бұзушылықты болдырмауға және қоғамдық тәртіпті бұзғандарға қарсы шаралар қабылдауға міндетті болғандықтан, мұндай заңсыздықтарға жол бермеу керектігін түсіндіреміз.