Қазақстан полициясына 30 жыл толу мерекесіне орай, ведомствоның «Намыс» демалыс базасында «Әкем, анам және мен – салауатты отбасы» атты қызметкерлер жанұясы арасында спорттық жарыс өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz МО ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сайыстың ашылу салтанаты дәстүр бойынша мемлекеттік әнұранды шырқаудан бастау алды.
Cпорттық шараға барлығы тоғыз отбасы қатысып, әр түрлі сипаттағы эстафета бойынша бақ сынасты. Атап айтқанда, шаңғымен жүріп өту және өрім, қол күресі, гір тасын көтеру, т.б. Сайыста жанұялық командалардың кішкентай қатысушылары да белсенділік танытты.
Байқау қорытындысы бойынша барлық отбасы жүлделі орынға ие болды. Әкелер арасында өткізілген додалы тартыста қол күресі мен гір тасын көтеру сайыстарынан алғашқы орынды иеленген Рүстем Халкназаровты айрықша атап өтсек болады. Сондай-ақ, командалық жарыстан да Халкназаровтар жанұясы алға шығып, бірінші орынды қанжығаларына байлады. Екінші орын ПД АЖББ Дүйсенбаевтар отбасына бұйырса, үшінші орынды А.Нурединовтің шаңырағы иеленді.
Жарыс соңында барлық командалар жүлделі грамоталармен, топтық дипломдармен және «Динамо» спорт кешенінің сый-сияпаттарымен марапатталды.
Қиындығы мен ауырлығы қатар жүретін Ішкі істер органдары қызметкерлерінің арасында мұндай сипаттағы іс-шараларды ұйымдастыру Маңғыстау облысы ПД-да жыл сайын өткізілетін тұрақты үрдіске айналды.