Маңғыстау облысы әкімдігінің қолдауымен Маңғыстау облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен республикалық командалық айтыс өтеді. Бұл туралы брифингте Маңғыстау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Әбілқайыр Байпақов айтты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Айтыс Ақтау мен Атырау облыстарының ақындары мен дәстүрлі өнер өкілдері арасында өтеді.
- Өңірлер арасындағы топтық сайыстың бірінші кезеңі 20 команданың қатысуымен өтіп, үздік 10 команда анықталады. Екінші кезеңде 10 команданың ішінен 4 мықты команда үшінші кезеңге жолдама алады. Үшінші кезеңде анықталған 2 команда 2025 жылы Астана қаласында өтетін ақтық сайысқа қатысады. Байқау шарты бойынша айтысқа әр командадан төрт айтыс ақыны, бір термеші, бір жыршы, бір дәстүрлі әнші, бір күйші қатысады. Ақындар айтыстың түре, сүре, қайым, қыз бен жігіт айтысы түрлерінен сынға түседі. Республикалық командалық айтыстың алғашқы байқауы Қызылорда қаласында өтіп, Әйтеке бидің 380 жылдығына орай «Әділ сөздің алдаспаны» тақырыбына арналған өнер сайысына Қызылорда облысы мен Шымкент қаласының ақындары мен жыршылары, термешілері қатысады. Қасиетті Маңғыстау облысында жалғастырып жатқан жыр додасы «Маңғыстау – машайықтың басқан жері!» деп аталып, оған Маңғыстау мен Атырау облысының арқалы ақындары бақ сынайды, - деді Әбілқайыр Байпақов.
Сонымен қатар, айтыс сынды мәдени іс-шараларды алдағы уақытта жиі ұйымдастыру жоспарланған.
Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің Халықаралық одағы Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Аманжол Әлтайдың айтуынша, республикалық командалық айтысқа Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман бастаған қазылар алқасы баға беретін болады. Байқауды елімізге белгілі айтыскер ақын, Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Аманжол Әлтаев жүргізеді.
Айта кетейік, айтыс бүгін, 12 шілде күні Н. Жантөрин атындағы музыкалық драма театрында өтеді.