© ҮКҚ
ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаев «Kazinform» агенттігінің тілшісіне берген сұхбатында террористік актілердің алдын алу шаралары, геосаяси тұрақсыздық жағдайында Қазақстан экономикасы үшін қауіп-қатерлер, киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне жұмысқа орналасу және өзге де маңызды мәселелер туралы айтып берді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
– Сіз жақында Мемлекет басшысына екі террористік актіге жол берілмегені туралы баяндадыңыз. Соның бірі – шетелдік серіктестермен атқарылған шаруа. Осы істер туралы толығырақ мәлімет бере аласыз ба?
– Бірінші террористік акт Ақтауда тоқтатылды. Мұқият жедел зерттеудің нәтижесінде қала тұрғындарының бірі радикалды діни идеологияны ұстанушы ретінде назарға ілінді.
Ол бұрын кісі өлтіргені үшін сотталған. Интернеттегі шетелдік содырлардың үгіт-насихатының ықпалымен мемлекеттік органдардың бірінің ғимаратында жарылыс жасамақ болған.
Қолдан жарылғыш құрылғы жасауға арналған компоненттерді, соның ішінде жанғыш және өзге де химиялық қоспаларды, сондай-ақ зақымдау элементтерін – бұрандамалар мен шегелерді сатып алған. Тінту барысында оның үйінен дайын жарылғыш заттар салынған 4 ыдыс және террористік актіге дайындық фактісін дәлелдейтін басқа да айғақтар табылып, алынды, - деді Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаев.