Бейнеу ауылына ауылішілік бағытта жүретін 18 автобус пайдалануға берілді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты аудан әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жаңа қоғамдық көліктердің қолданысқа берілуіне орай жергілікті атқарушы орган өкілдерінің қатысуымен арнайы жиын өтті.
- Қоғамдық көлікпен қамтамасыз ету ауданымызда өзекті мәселе болатын. Сол мәселе шешімін тауып «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ қолдауымен «Батыс Тех Инвест» ЖШС метан газды қозғалтқышты 18 жаңа автобусты Бейнеу ауылына жеткізіп отыр. Автобустар ауыл ішінде 6 бағыт бойынша тұрғындарды діттеген жеріне тасымалдайтын болады, – деді Жалғас Теміров.
Аудандық мәслихат депутаты Бейнеубек Әбілов және «Батыс Тех Инвест» ЖШС құрылтайшысы Нұрсұлтан Қапанов тұрғындарды қуанышты жаңалықпен құттықтады. Автобустардың лентасы қиылып, ауылдың батагөй ақсақалы Муфтыали Байдығұлов ақ жол тілеп, батасын берді.
Қоғамдық көлік тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығын толық қамтамасыз ететін заманауи құрыл-жабдықтармен жабдықталған. Әрі халықаралық экологиялық стандарттарға сай жасалған, қоршаған ортаға зиянын тигізбейді. Электронды жол ақысын төлеу жүйесі де іске қосылған.