Маңғыстау облысының Тоқымақ (Қарақия ауданы) жерінде тәулігіне 50 мың текше метр теңіз суын тұшытатын зауыт құрылысы қарқынды жүріп жатыр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Жаңа зауыт Жаңаөзен халқын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«Жоба Президенттің тапсырмасына сәйкес, ҚазМұнайГаздың қаржысына салынып жатыр. Бүгінгі таңда зауытқа арналған кеңсе, асхана, зауыт қызметкерлері тұратын жатақхана құрылысы жүріп жатыр. Сонымен қатар қосалқы нысандар бар. Ең бастысы, су тұыту цехы, сорғы станциясының құрылыс жұмыстары жүріп жатыр», - деп атап өтті «Ak Su KMG» ЖШС бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Орақ Аяпов.
Сонымен қатар, зауытты инженерлік желілерімен қамтамасыз ету мақсатында Жаңаөзен қаласына дейін тұщытылған суды жеткізетін 200 км су құбырының 135 километрі монтаждалып біткен. Зауытты электр желісімен қамтамасыз ету үшін жоғары кернеулі электр желісі және 40 шақырым жолдың құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ газ құбырын тарту жұмыстары да жүріп жатыр.
«Жоба жергілікті халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіп қана қоймай, өңірдің әлеуметтік және экономикалық тұрақтылығына оң әсер етеді. Құрылыс-монтаждау жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау жоспарда», деп хабарлады ҚМГ компанияның баспасөз қызметі.