Сенат депутаттары Бекбол Орынбасаров пен Сүйіндік Алдашев Жаңаөзен қаласына іссапармен келіп, бірқатар нысандарды аралады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Іссапар барысында алдымен “Қазақ газ өңдеу зауытының” ұжымымен кездесіп, жұмыс барысымен танысты.
1973 жылы негізі қаланған зауыт қазіргі таңда 914 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Зауыт директоры Болат Байшуақов осы күнге дейін атқарылған жұмыстарға тоқталып, жаңа зауыт туралы ақпарат берді.
-“Қазақ газ өңдеу зауытының” қазіргі техникалық жағдайы бірқалыпты, еңбекті қорғау, техника қауіпсіздігі жоғары деңгейде қамтамасыз етілуде. 2023 жылдың қорытындысы бойынша Қазақ газ өңдеу зауыты еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы үздік қауіпсіздік көрсеткіші үшін “ҚазМұнайГаз” ҰК АҚ марапаттады. Өндірістік көрсеткіштерге тоқталып өтсем, кіріс газ кен орнын игерушілерден қабылданып, әрі қарай тауар өнімі өндіріліп шығарылуда. Сұйытылған мұнай-газы, пентан-гексан фракциясы және тауарлық құрғақ газы белгіленген көлемде өндіріліп, тұтынушыға жіберілуде. Жаңа зауыт құрылысына тоқталсам, қазіргі таңда Peton компаниясымен келісім шарт негізінде жобалау жұмыстары жүргізілуде. Жақын арада геология, геодезиялық зерттеу жұмыстары жүргізіліп аяқталды, - дейді Қазақ газ өңдеу зауытының директоры Болат Армияұлы.
Кейін, қуаттылығы тәулігіне 50 мың текше метр болатын Тоқмақ жеріндегі су тұшыту зауытының құрылыс жұмыстарымен танысты.
Нысанның құрылысы «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ қаражаты есебінен қаржыландырылған. Су тұщыту зауытының құрылысына жауапты мердігер мекеме «Aк Su KMG» ЖШС.
Айта кетсек, су тұщыту зауытының құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін жаңаөзендіктердің ауыз суға мұқтаждығын толық қамтамасыз етеді.