Биыл 1 мамырдағы жағдай бойынша облыс халқының саны 748 471 адамға жетті. Көрсеткіш былтырмен салыстырғанда 22 мыңға өсті. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облыстық статистика департаментінің басшысы Римма Утюшева айтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Оның айтуынша, қалада - 302 697, ауылда - 445 774 адам тұрады.
- Жыл басынан бері салыстырғанда облыстың барлық ауданында халық саны артты. Тұрғындардың өсуі Ақтау қаласында - 1,5% (218 197 адамға), Түпқараған ауданында - 1%-ға 342 адамға (36 197 адам), Жаңаөзен қаласында 1445 адамға немесе 0,9%-ға (160 833 адам), Бейнеу ауданында - 295 адамға немесе 0,4%-ға (72827 адамға), Маңғыстау ауданында - 56 адамға немесе 0,1% (40289 адам), Қарақия ауданында 13 адамға немесе 0,03% (38 273 адам) байқалды, - деді Римма Утюшева.
2022 жылдың қаңтар-сәуір айында Маңғыстау облысында 7203 нәресте дүниеге келген. Оның 3719-ы ұл, 3484-і қыз бала, оның ішінде 2349 бала Ақтау қаласында туған.
Осы кезеңде облыста 970 адам қайтыс болса, ең көп өлім Ақтау қаласында 440 адаммен тіркелген.
2022 жылдың қаңтар-сәуір айында азаматтық хал актілерін тіркеу органдары 1521 некені тіркеді. Бұл 2021 жылмен сәйкес кезеңінен 19,3%-ға аз. Сонымен қатар биыл 4 айда ажырасулар саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9 пайызға азайып, 161 (177) құраған. Ажырасу бойынша Ақтау қаласы көш бастап тұр. Яғни, 87 ажырасу тіркелген.