Бүгін, 23 маусымда Ақтауда «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауының өңірлік кезеңі өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Байқауға Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев келіп, кәсіпкерлерге сәттілік тілеп, марапат пен сыйлық табыстады. Бұл іс-шараға биыл Маңғыстаудың 49 кәсіпкері қатысып отыр.
Байқау мынадай үш аталым бойынша жүргізілді:
1) «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар»;
2) «Халыққа арналған үздік тауарлар»;
3) «Үздік азық-түлік тауарлары».
Әр аталымға үш-үштен, тоғыз жеңімпаз шығып, арнайы жүлдемен марапатталды.
Олар:
«Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» аталымы бойынша: «Каскор Машзавод» АҚ, «Каз Азот» АҚ және «OSS KAZAKHSTAN» ЖШС жеңіп алды.
«Халыққа арналған үздік тауарлар» аталамы бойынша: жеке кәсіпкер «Мендикулова»; жеке кәсіпкер «Жекенова»; жеке кәсіпкер «Rakhim baby».
«Үздік азық-түлік тауарлары» аталымы бойынша: «Актау Агро» ЖШС, жеке кәсіпкер «Төлеуіш Даниял Саматұлы» және «Кобзев Руслан Викторович» шаруа қожалығы топ жарды.
Өңірлік байқаудың 9 жеңімпазы «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауына жолдама алды. Республикалық көрме-байқаудың қорытындысы бойынша «Атамекен» ҰКП-ның сараптамалық тобы 27 финалисті анықтайды. Одан әрі жеңімпаздар онлайн дауыс беру арқылы іріктеледі.
Жүлдегерлер төрт жыл бойы «Қазақстанның үздік тауары» байқауының эмблемасын жарнамалық мақсатта пайдалану құқығына ие болады.
«Алтын сапа» және «Қазақстанның үздік тауары» байқауларының жеңімпаздарын марапаттау жыл соңында Нұр-Сұлтан қаласында ҚР Президентінің қатысуымен өтеді.