©
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша еліміздегі жалпыұлттық маңызы бар және өңірлік маңызы бар қасиетті нысандар тізімделіп, кітап болып шығарылды.
Сарапшылар кеңесінің ғалымдары мен өлкетанушылардың пікірлері негізінде «Қа-зақстанның жалпыұлттық қасиетті орындары» жобасына Маңғыстау облысынан 15 ки- елі нысан енді. Олардың қатарында Шопан-ата, Шақпақ-ата, Масат-ата, Қараман-ата, Сұлтан-үпі орта ғасырлық жерасты мешіттері, Бекет-атаның мешіттері, кіші жүздің ба- тырлары, билері мен ру басылары жерленген пантеон - Сисем-ата қорымы, «Адай-ата – Отпан тау» тарихи-мәдени кешені, ЮНЕСКО-ның алдын-ала есепке алу тізімінде тұрған орта ғасырлық «Қызылқала қалашығы», Форт-Шевченко қаласындағы Т.Г.Шевченконың мемориалды кешені, сондай-ақ кіші жүзден шыққан Барақ Сатыбал- дыұлы, Балуанияз Мүсірепұлы, Иса Тіленбайұлы және Досан Тәжіұлы батырларымыз бар. Сондай-ақ республика бойынша өңірлік маңызы бар қасиетті орындар жобасына Маңғыстау облысынан 28 киелі объект енгізілді. Олардың қатарында Ман-ата, Қаңға-баба жеріндегі Махтум-баба, Есен-ата, Қошқар-ата, Темір-баба, Хатам (Сейіт)-ишан, Күйеу-там, Оғыланды-ата, Есмәмбет-әулие, Тобықтыдағы Бекет-ата мешіті, Кенті-баба, Ержан-хазірет, Бейнеу ауданындағы Қыз-әулие, сынықшы Қыдырша-ата, Бекбаулы-ата тәрізді киелі орындарымыз, Шопан-ата қорымына жақын қола дәуірінің Ұлыкіндікті діни-қабірлеу кешені, Ақбота Бектұрлыұлы Көркембай-ахун мешіті (19 ғ.), атақты сы- нықшы-емсек шамамен 1793-1838 жылдар аралығында өмір сүрген Мыңкісі Байсалұлы (Бөкен немересі), табиғи ландшафты орындар ретінде Үстірттегі Бозжыра тауы, Қаратау бөктеріндегі Ақмыш оазисі жерінде орналасқан Шерқала тауы, Самал сайы және Айрақтыдағы таңбалар, Қараған түбектегі Тамшалы, Саура сайлары бар. Сондай-ақ 19-20 ғасырлардағы қазақ ауыз әдебиетінің ең жарқын өкілдерінің бірі Қашаған, Нұрым жыраулардан Қырымның қырық батыры эпопеясын үйреніп, біздің заманымызға дейін жетіп, қағаз бетіне түсуіне септігін тигізген қайраткер, Мұрын-Тілеген Сеңгірбекұлы (1859-1954 жж.) тұрған үйі, ұстаханасы, тарихи тұлғаларға қатысты қасиетті орындар қатарында Маңғыстаулық Беріш (Қаратоқай) руынан шыққан Құлбарақ батыр әулие (1790-1832 жж.), Маңғыстау түбегіне алғаш жерленген адай баласы Бердалы Отарұлы (1727- 1770 жж.), заманында бүкіл Маңғыстау өңірінің, қалың Адай елінің көреген көсемі, сөз ұстаған шешені атанған Айтқұлұлы Атағозы батыр (1704-1794 жж.) жерленген қорымдар да бар. Алдағы уақытта киелі объектілер Қазақстан Республикасының 1992 жылғы 2 шілдедегі «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» заңы аясында қорғалатын болады.
Киелі орындарымызды кеңінен насихаттау мақсатында танымдық мақалалар легі жал- ғасатын болады. Бүгінгі санымызда Форт- Шевченко қаласынан 25 км. шығыс бағытта, Қараған түбектің табиғи көркем көріністі Қаңға-баба шатқалында орналасқан «Мах- тум-баба мешіті» туралы қысқаша мәліметтерді назарларыңызға ұсынамыз.
Новопетровск бекінісінде айдауда болған ұлы украин ақыны Т.Г.Шевченко 1851 ж. ма- мыр айында Қаңға-баба жерінде болып, қорымның бір көрінісінің суретін салған. Поляк суретшісі Бронислав Залесский де Қаңға-баба қорымындағы қираған мазардың, қабірүсті қойылымдарының сызбаларын қалдырған. Бұл жер Маңғышлақ айлақта- рынан Хорезмге, Хиуаға баратын магистральді керуен жолы бойындағы маңызды орын болған. Шатқалдың етегіндегі сай маңында, жер қабаттарының арасынан ағып тұрған таза судан нәр алып, тұт ағаштары қалың боп өскен. Қаңға-баба кешенінің пайда болуы алдымен жері ыңғайлы, су көздерінің болуымен байланысты, мұнда оғыз-қыпшақ (11-13 ғғ.) кезеңінде-ақ қасиетті су көздері мен тұт ағаштарын құрметтейтін киелі орыны болған Маңғышлақ көшпелілері болуы мүмкін. Тұт ағашын кие тұту ғұрпы Арал-Каспий өңірінің халықтарына кең тараған, исламға дейінгі наным-сенімдерге ие. Т.Г.Шевченко өзінің күнделігінде қазақтар ағашты өте құрметтеген, құрғақ бұтақшалардың өзін сындырмайтын болған деп көрсетеді. Этнограф Г.П.Снесаревтың айтуынша Хорезм тұрғындары арасында ағашты құрметтеумен байланысты басқа да наным-сенімдер бар. Хиуа маңының тұрғындары ежелден тұт ағашын шабуға тыйым барын, қураған бұтақты қасиетті сөздер айтып кесу шарт болғанын айтады. Сақталған тұт ағаштарының ежелгілері, діңі құлаш жарым болып келеді, жақсы жемістейді. Мұнда сонымен қатар бұлақ жағасында жалбыз мол өседі. Осының бәрі керемет салқындық және хош иіс беріп тұрады.
1870 ж. осында болған орыс генералы Н.П.Ломакин мынадай мәліметтер қалдырған екен: «Қаңға-баба шатқалы Форттан 25 шақырым жерде орналасқан. Тереңдігі бір сажын болатын бірнеше құдықтар мен бұлақтарда мол көлемде тұщы су бар. Қаңға- баба жерінде мектеп, адамдар орналасатын үйі бар үлкен түрікмен мешіті болған, олардың қирандылары әлі күнге дейін тұр. Сай беткейлерінде қазақтар күтіп, қорғаштайтын 800 тұт ағашы өскен. Олардың кез-келгені сол ағаштардың тіпті бір бұтағын сындыруды үлкен күнә санайды».
Ел арасында сақталған аңыздарға қарағанда Қаңға-баба мұсылманшылықты уағыз- даған әулие адам болған делінеді. Кейбір аңыздарда Қаңға-баба осы өлкенің билеушісі, қазақтардың жазылмаған заң кодексін шығарған, бұлжымас дала заңын орнатқан ұлы тұлға болған дейді. Ғалым С.Қондыбай «Маңғыстау мен Үстірттің киелі орындары» кітабында Қаңға-баба – оғыздарға дейінгі маңғыстаулықтардың пірі дейді. Өлке ақ- сақалдары Қаңға-бабаны әлі күнге дейін қадір тұтады.
Қаңға-баба қорымы алғаш рет 25.03.1982 жылы халық депутаттарының Маңғышлақ облыстық кеңесі атқару комитетінің №121 шешімі бойынша мемлекеттік қорғауға алын- ған. Кейін Маңғыстау облысы әкімдігінің 2010 жылғы 28 шілдедегі №279 қаулысы бойынша жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген. 2014 жылы қорымдағы Махтум-баба мешітіне қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Қорымда көне түркімен ескерткіштері – негізінен қойтас, қошқартас түріндегі мүсіндік қабіртастар, жәшік-сандықтас, шырағдан тас белгілері кездеседі. Қорымның батыс бөлігін 18-20 ғғ. кезеңді қазақ қойылымдары алып жатыр. Қорымнан 200 метр оңтүстік-батыста шамамен 14-15 ғ.ғ-да салынған Махтум-баба мешіті орналасқан. Жоспарда мешіт үлкен және кіші бөлмелерден тұратын көп камералы құрылыс болып келген, әртүрлі бөлмелері бір-бірімен аркалы қуыстар ар- қылы байланыстырыла шығарылған. Қабырғалары саз балшық араластырыла жартылай өңделген тастардан көлденеңінен және сейсмикалық апатқа қарсы қиғаштала қаланған. Қорымнан жоғарырақ, шығысқа қарай шеткері сайда орналасқан кейінірек уақытта салынған ауыл (мектеп-интернат) ғимараттарының қалдықтары жатыр.
Имам Хусейннің ұрпағы қасиетті Махтум-баба Маңғышлақ жеріне Курекал жерінің түрікмендері тұрған Парсы (оңтүстік Иран) аймағынан келген. Көп ұзамай оған көптеген мүридтер келе бастаған, бұл кезеңдерде Қаңға жерінде бірде-бір ағаш өспеген. Бір күні Махтум-бабаға мүридтер келіп, табиғаты көркем жерде серуендеп қайтуға рұқсат сұрайды. Махтум-баба олардың көкті, тал-теректі сағынғандарын түсініп, «Бүгінше ешқайда кетпей-ақ қойыңдар, ал ертең осы маңнан бақ табылмаса, онда баруға рұқсат етем» депті. Мүридтер Махтум-бабаның айтқанын тыңдап, ешқайда кетпейді. Таңертең олар өз көздеріне өздері сенбейді, жақын тұрған тауда жеміс-жидектері самсап өскен жеміс ағаштары толып кеткен. Мынадай таңғажайып бақты көріп, болған ғажайыпқа таң қалған мүридтер өздерінің бұдан артық жер табамыз деген күнәларын кешіруді өтінген екен.
Осындай ғажайыптың күшімен Сұлтан-үпі жазығында да бақтар пайда болған екен. Бір күні Хейрулла-сұпы оңашаланып, тақуалық ойға шомып отырса, оған екі жағынан да бірнеше адамдар келіп, қасиетті адамдар жайында әңгімелесе бастаған. Олардың біреулері Сұлтан-үпінің әулиелігін айтып мақтаса, екіншілері Махтум-бабаның күштілігін, бір сөзбен-ақ шөл дала тауларын бау-бақшаға айналдырып жібергендігін алға тартты. Мұны естіген Хейрулла-сұпы былай дейді: «Егер Махтум-баба бір сөзбен бай-бақтар орнатса, мен сіздерге Сұлтан-үпі қасиетінің титтей ғана бөлігін көрсетейін, мына тауға көтеріліп, жазыққа қарасаңыз өзіңіз қалаған баубақшаларды көресіңіз». Сонда Махтум-бабаның жақтастары «Сен ақылыңнан адасыпсың! Не айтып тұрғаныңды өзің білмейсің» депті. Бұны естіген Хейрулла-сұпы ашуға булығып, «хюве хак» (бұл ақиқат), cекіріп бір орнында шыр айналып, содан соң тауға жүгіріп барып құлайды. Адамдар артынан еріп барып қараса, жазықтық үлкен кеңістікте тамаша ағаштар өсіп шыққанын көреді. Осыны көрген сол жердегілер Хейрулла-сұпының аяғына жығылып, оның сенімді мүридтеріне айналған екен.
Нұрсәуле ДАУЫМШАРОВА, Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығының маманы
Мақаланы дайындауда келесідей әдебиеттер пайдаланылды: Предания адаевцев о святых секты ханафие, живших и умерших на Мангышлаке. Сборник сведений о кавказских горцах. 7 шығарылым. Тифлис, 1873., С.Е. Әжіғали, Архитектура кочевников. Феномен истории и культуры Евразии, "Маңғыстаудың қарашаңырағы-Түпқараған" кітабы