©
Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі неше ғасыр өтсе де бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы.
Н. НАЗАРБАЕВ
Арғы ата-бабаларының әруағын сыйлап, шежірелік деректерді шын қастер тұтатын біздің халқымыз әрбір тау, тасын, жазық даласын, үңгірін, өзен, көлін қасиетті, киелі деп санайды. Көшпелі өркениет топырақ пен судың қадірін біліп, жер түгін тоздырмау үшін көшіп-қонып отырған. Олардың туған жерге, жаратылыс құбылыстарына, табиғатқа деген дүниетанымдық көзқарасы, ықыласы таңғажайып көркем.
Қазақстанның қасиетті орындары ретінде ерекше қастерленетін табиғи мәдени мұра, діни сәулет ескерткіштері, кесенелер болып табылады. Солардың бірі ретінде Маңғыстаудың киелі орындары саналатын Қошқар ата қорымы, Есен ата қорымы және Темір баба қорымын айта аламыз. Ендігі кезекте осы Маңғыстаудың қасиетті рухани құндылықтары саналатын киелі орындарға тоқталып өтсек
Қошқар атадағы қошқар мүсіні
Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданы, Ақшұқыр ауылында орналасқан. Ескерткіш 1978 жылы А.Итенов жетекшілік етуімен зерттелген, 1979 жылы М.Нұрқабаев жетекшілігімен зерттеу жұмыстары жүргізілген. Қорым қоршаулармен бөлінген, ескі қорым және қазіргі күнгі бөліктен тұрады. Қорымның ерте кезеңдік бөлігі көлденеңінен қойылған тас қоршау, сандықтас, баспалдақ тәрізді сатылы тас қабірлермен және қойтас құрылым құрылыстарымен ерекшеленеді. Қорымға кіре берісте, аңыз бойынша әулие Қошқар атаның өзі жерленген киелі орыннан басталады. Бұл жерге үстінде сырық ағаш шаншылған тас үйінді мен қоршау яғни қабір жайғастырылған. Жергілікті сенім бойынша мұнда келген адам әулиенің құрметіне құран бағыштап оқуы немесе оқытылуы тиіс. Мұндағы қорымның танымал ескерткіші - қошқар бейнесіндегі қабір үсті құрылысын айтуға болады. Ол әкті құм тастан араланып, тас жәшік үстіне орнатылған. Бұл мүсіннің бойында Маңғыстау өңіріне тән мемориалдық ескерткіштердің барлық жоғары сапалары үйлесім тапқан. Қапталдық бүйірлерінде араб графикасындағы жазулар, соншалық күрделі болмаса да қарапайым қару жарақ суреттері салынған. Бұл неолит дәуірінен бастау алатын, тастың сырын ұққан, оның қашалу өнерін бойына сіңірген көшпелілердің исламға дейінгі дүниетаным дәстүрінің жарқын көрінісі бола алады. Көргендердің ауызша әңгімелеріне қарағанда қошқар мүсіні алғашында қорымның батыс бөлігінде болған, кейіннен белгісіз біреулер осы жерге, араланған әктас құрылыстың үстіне әкеліп орнатқан.
Аңыз әңгіме
Зират Қожа Ахмед Яссауи ілімін таратушы сопылардың бірі – Қошқар атаның атымен аталған. Қошқар ата ғажайып қасиет иесі болған екен. Ол Маңғыстауға Қорасаннан келген. Адамдардан бөлек жерде тұрып, бұғы етімен қоректенген. Қошқар атаның ашыққанын сезген кезде бұғылар атаға өздері келеді екен. Осылай деп «Маңғыстауда өмір сүріп және қайтыс болған Ханафия әулиелер сектасы туралы адайлардың аңыздары» деген атпен сақталған тарихи құжатта жазылыпты. Қошқар ата зираты орналасқан жер осы құжатта «Қараялшы шатқалының оңтүстік шеті - Ұнжақ» деп көрсетілген.
«Қошқар» түрік халықтарында ұлылықтың, ақыл мен күштің символы ретінде саналады. Қошқар бейнесі көп бейіттерге қойылыпты, халық арасында бұл жануар киелі деген түсінік қалыптасқан. Маңғыстауда қойдың ерекше түрі өсіріледі. Адамдар мен жануарларды бейнелеуге тиым салған ислам діні келгеннен кейін бейіт басына жануарлар тәрізді (қойтастар) адамға ұқсайтын (құлпытастар) қойыла бастаған.
Қошқар ата жануарлар тілін болған екен. Мүмкін сондықтан да оны халық осы есіммен атаған шығар. Бүгінгі таңда ақиқатты қиялдан ажырату өте қиын. Алайда Қошқар ата есімді ұлы адам Маңғыстауда өмір сүрген дегенге күмәндануға болмайтыны анық. Аңыздардың да негізінде көбіне-көп шындық жататыны анық.
Есен ата қорымы
Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы, Бекі селосынан 5 шақырым оңтүстік-шығыс бағытта орналасқан. 2004 ж. К.Канисованың жетекшілік етуімен Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы экспедициясы зерттеген. Алғаш рет 05.10.2004 жылы Маңғыстау облысы әкімиятының №197 қаулысымен мемлекеттік қорғауға алынған. Қазіргі таңда Маңғыстау облысы әкімдігінің 2010 жылғы 28 шілдедегі №279 қаулысы бойынша жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген. Жетібай-Шетпе жолына жақын биіктеу келген ұзын төбеде орналасқан. Қорымның аумағына кіре берісте дәстүрлі қағидаға сай дұғалық орын орналасқан. Ол тас қаландыларымен қоршалған. Ескерткіш тас үйінді түрінде, әрі тік орнатылған ағаш бақанымен ерекшеленген, ал басқасы созылған ұзын шарбақ ретінде орналасқан. Аңыз бойынша осы жерде киелі күштің иесі болған Есен ата жерленген.
Аңыз әңгіме
Нақты деректер жоқ, халық аузындағы аңыз бойынша қорымның батыс беткейінде 5 шақырым қашықтықтағы Есен ата жерасты мешітімен Қараман ата жерасты мешітін байланыстыратын жол бар болған делінеді. Ел аузындағы аңыз бойынша «Есен де Қараман ата сияқты Шопан атаның баласы екен» делінеді. Шамамен XII-XIII ғасырлардың тарихи тұлғалары болар деп тұспалданатын Есен ата Маңғыстауда ислам дінін таратушы мистик-суфистер орденінің өкілі болар деген де пікір бар. Бірақ нақты тарихи дәлелдер жоқ. Ә.Кекілбаевтың кітабында Шопан ата мен Бекет атаға қатысты «Шаңырақтан лақтырылған аса таяқтың артынан Маңғыстауға келу» оқиғасы осы Есен атаға да қатысты айтылады. Есен атаның тағы бір моласы Балқанда. «Ата руының» түрікмендері Есен атаны өздерінің түп атасы деп таниды. Аңыз бойынша Есен (Эссен) атаның лақап есімі - «Гөзлі-ата». Осы атты қойған Қожа Ахмет Яссауи көрінеді; ол өзінің лақтырған асатаяғын Есеннің көріп, тауып алғаны үшін қойыпты. Гөзлі ата қазақ қызына үйленіп, одан үш бала көрген, олардың аттары - Нұр ата, Убақ ата, Омар ата. Үш бала ата руының үш бөлімшесіне өз есімдерін берген. Гөзлі атаның ұрпақтары жөніндегі хатқа түскен алғашқы дерек 16 ғасырдікі. Әбілтазы болса Оғызханның шөбересі, Тимурдың баласы Ата дегенді өз шығармасында келтіреді. Ата руының Гөзлі-ата құдығына таяу жердегі Туэр құдығы маңында мекендейтінін бірінші рет Н.Н.Муравьев жазып қалдырған болатын. Есен ата туралы қазақ аңызы ештеңе айтпайды, ол туралы аңыз бар шығар, бірақ қолымызға ондай материал түскен жоқ. Ал түрікмен аңыздарына негізделген тұжырымдарға арқа сүйер болсақ, Есен ата - түрікменнің «ата» деген руынан шыққан данышпан кісі, дұрысырақ айтсақ, Есен ата - «ата» руының түп атасы, әлгі ру өз тегін осы кісіден бастайды екен. «Ата» ру есімінің алғаш рет қағазға түсуі күні кеше ғана, оның аты 19 ғасырдың басындағы орыс деректерінде кездесе бастады. Ол кезде, яғни 1810-20 ж.ж. «аталықтар» ауылдар Оқ-Балқанның терісті жағындағы, яғни Маңғыстау жақ бағытындағы Ерсары өңірінде мекендеген екен. Ал біздің түрікменнің үлкенді-кішілі руларының ішінен тек осы «атаға» назар аударуымыздың бірнеше себебі бар. Аңыз бойынша Омар - Гөзлі атаның баласы. Омар атаның екінші моласы теңіз жағасында, Бекдаш маңында. Аталған әулиелердің барлығы да «ата» руынан шыққандар және қалай да бір ретпен «Гөзлі атаның туысы не баласы, немересі болып шығып жатады». Мысалы, Кемел ата ата руынан шыққан Кемалай деген кісі көрінеді, ал Күкірт ата (Куртыш ата) аңыз бойынша Гөзлі атаның мемересі. Балқан тауының терістік беткейіндегі Омар атадан шығыстағы бір қорымды Қараәлем ата деп атайды. Оның екінші атауы - Қараймақ ата, аңыз бойынша ол да ата руынан шыққан және Гөзлі атаның баласы (не немересі) көрінеді. Айладыр еліндегі әулиелердің басым көпшілігінің «ата руынан» шыққан кісілер болып есептелуі белгілі бір заңдылықты көрсетеді. Оларды шежіре бір руға меншіктеген, соған қарағанда осы әулиелердің культінің қалыптасуына да бір діни-шығармашылық ортаның негіз болғаны айқын.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Байбоз ата ұрпақтарыТемір баба қорымы
Маңғыстау облысы, Қарақия ауданы, Жаңаөзен қаласынан 85-90 шақырым оңтүстік бағытта орналасқан. 2002 жылы Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы мамандарының келуімен зерттеліп, Маңғыстау облысы бойынша тарихи-мәдени мұра объектілерінің алдын ала есепке алу тізіміне енгізілген. Қорымда 200-ге жуық әр типті объектілер орналасқан. Ескерткіштер жоспарда домалақтау және тік бұрышты, өңделмеген тастан қаланған тас белгілер не көлденең жатқызылған тастан қаланған тас қоршаулар, қойтастар, сандықтастар және жеке дара құлпытастар орналасқан. Қорымның батыс бөлігінде түркімендік қабір үсті құрылыстары шоғырланған, шығыс жақ бөлігінде сандықтас және қойтас түріндегі ескерткіштер орналасқан. Қорым орталығында зиярат етушілер жиі келетін әулие Темір баба қабірі орналасқан. Қабір басына кесене салынған.
Аңыз әңгіме
Темір баба – мықты жауынгер, батыл, әруақты адам болған. Ел аузындағы аңыздың басқа нұсқасында Темір баба мен қасиетті Шопан ата кездесіп, әруақ салыстырған делінеді. Әруақ салыстыру нәтижесінде Кендірлі аралы пайда болған. Теңіз жағасында аяғын суға малып отырған Темірбаба жер түбінен – Хорезмнен келе жатқан Шопан атаның аяғының дыбысын естіп отырыпты. Шопан ата қасына келіп, өз жөнін айтып, Темір бабадан жөн сұрапты. Осы кезде Темір бабамен құдіретті күшін салыстырғысы келетінін айтады. «Құдіретіңді, әуелі, өзің көрсет», - депті Темір баба. Шопан ата тау етегінде жайылып жүрген бір үйір қара құйрықты шөрелеп шақырған екен. Үйір алдын- да тұрған теке келіп, етегін жалап, жата кетеді. Шопан ата пышақсыз бауыздап, жіліктеп, мүшелеп, жайратып тастапты. Осыдан кейін етін терісіне қайта салып, алақанымен бір сипап өткенде теке сілкініп, үйіріне қарай жөнеледі. Кезек Темір бабаға келіп, ол балағын тізесіне дейін түріп, көк теңізге қойып кетеді. Теңіз қақ айырылып, Темір бабаның, басқан жері қара жер болып қалыпты. Шопан ата «Неғып тұр екен?» деп артына бұрылса, ол сәлдесін шешіп, «Әулиелігіңізге сендім, бұдан әрі жүре берсең, кәпірлер келетін жол саларсың», - деп қайтарыпты. Қара түбек содан қалыпты. Осы қара түбектің пайда болуы туралы халық ауызындағы аңыздың тағы бір нұсқасы былай баяндалады. Теңіз жағалай жүріп, баласы суға кетіп, құтқара алмаған Темір баба теңіз бетін үш рет «Өмір бойы осылай сапырылып жат!», - деп қамшылапты. Темір бабаның қамшысының тиген жері қара жер болып қалыпты. Содан бері теңіздің (аралдың) Форт – Шевченко беті тынымсыз сапырылысып, ал керісінше Бекдашы беті тыныш жатады екен.
Жер шежіресі – ел шежіресі. Жоғарыда аталған Қошқар ата, Есен ата қорымы және Темір баба қорымы – «Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандары». Қазіргі таңда «Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары» қатарына Маңғыстаудан 15 киелі орын енсе, өңірлік қасиетті нысандары қатарына 28 ескерткіш енгізілді. Маңғыстау өңірі тарихи-мәдени мұраға бай өлке екені белгілі, алдағы уақытта бұл «қасиетті нысандар» саны артып, көп ізденіс пен қосымша мәліметтерді талап етеді. Яғни болашақта киелі орындар қатары да, ізденіс жұмыстары да одан әрі жалғасын табады.
Дерек көзі:Айман ЯРИХАНОВА, «Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығының» бөлім меңгерушісі
Көрнекі сурет сайттың архивінен