©
Ашхабадтың ауа райы осы мезгілде айнымалы келеді. Бұл жолы да жұртты жаураған торғайдай бүрістіріп-қалтыратып, қатқақ қара суығымен азырақ ықтырып алып, өзінің кәрі әжедей мейірлі мінезін қайта тапқан. Байқампаз кісіге көктем нышаны білініп-ақ тұр. Ымырт үйіріле қылаулап түскен қауырсын қар жерге қонақтамастан жидіп кетті. Жылымық лебі жібек орамалдай желпіген наурыздың алғашқы, аптаның бірінші күні, дәлірек айтқанда, түні еді. Шаһар шамы сөнген. Ала шабыр бұлт айдың жүзін шілтерше торлап алыпты. Құс ұйқылы үргедек жұрт жастыққа басы тигенмен тықыр аңдып, тың-тыңдап көпке дейін көз ілмейтін. Қанша тырысқанмен Сәдірдің де кірпігі айқаспай қойды. Ұйқысы қашқан адамның қаралай мазасы кететін әдеті ғой, екі жамбасқа кезек аунап дөңбекшумен түннің жарымын өткізсе де, қалың ойдың қамауынан шыға алмай жатыр. ...Ел басына зобалаң күн туды. Кеңестер Одағының түкпір-түкпірінде қараулығын қараңғыны жамыла іске асырып, жемтігін жеті түнде ілетін құзғындар қаптап кетті. Адам қолымен жасалған зұлымдықтың неше атасынан аспандағы ай түнеріп, жұлдыздар қалтырайтын болды. Ақпейіл дос алакөз дұшпанға айналды. Әркім өз көлеңкесінен қорқып, кісі қарасынан үркетін, егіз туған емшектесінің есігін ашуға сескенетін сұрқия заман орнады. Қала шетіндегі биік шатырлы, кең шарбақты үлкен үйдің сыртында екі адам қараңдағандай болып еді, ізінше ит үріп, іргеден тықыр шықты. Едел-жедел есік те қағылды. Түнімен бесік таянып, көз шырымын енді ала берген жас келіншек ұшып тұрып, шам жақты. Үрпиіп, ояу жатқан отағасына қарады. Иесі иек қағысымен кідірмей есіктің ілмегін ағытты. Қанын ішіне тартқан қара киімді екеу сопаң етіп, үн-түнсіз кіріп келді. Біреуі төсегінің бас жағында отырған аққұба, қыр мұрын, толқынды қара шашын қайырған, қасы қиылған Сәдірге состия қарап: - Оразбаев жолдас, бізбен жүресіз,– деп қысқа қайырды. - Зверев жолдасқа жолығуға болар ма екен? Екіншісі үн қатпастан қолындағы ордерді көз алдына көлденең тосты. Тұтқындау туралы бұйрыққа НКВД бастығының өзі қол қойыпты. Сәдірдің тілі байланып, көк желкеден соққы тигендей сілейіп отырып қалды. Мезгілсіз қонақтарды жыға танымаса да, шырамытты: жұрт «үндемес» атап кеткен үкімет адамдары. Көптен бері көңілін дауыл күнгі теңіздей сапырған беймәлім мазасыздық өзінен-өзі саябырси берді. Жүрегі құрғыр бірдеңені сезген екен. Күнде біреу ұсталып, біреу атылып жатқанын естіп, біліп жүрген. Ел ішін үрей буып тұр. Ауызға ілігіп, ат арқасында жүрген азаматтың көбі «Халық жауы» атанып, із-түзсіз кетті. «Бәсе, бұл нәубеттен менің тыс қалатын орным жоқ еді-ау. Кезек келген екен ғой» деген бір үзік ой санасын жай отындай тіліп өтті. Ұзын бойлы, сымбатты жігіт киіне жүріп, қай жерден жаза бастым дегендей өткен күндерге іштей шолу жасай бастады. Түрікпен арасында өскен Сәдір – Кеңестік өкімет ісіне ерте араласа жүріп, талай сыннан өтіп төселген коммунист. Отыздың бесеуіндегі қылшылдаған қызыл большевик 15 жылдан бері пар-тия жұмсаған жерден бас тартып көрген емес. Шағадамда, Жебелде комсомол жастар ұйымын құрысты, үгіт-насихат жұмыстарына жегілді. Бір мезгіл Совнарком қызметін атқарды. Халықты ұлт-ұлысқа бөліп-жармай, біртұтас кеңестік еңбекшілер қоғамына адал қызмет етуге бар күш-жігерін жұмсап, қазақ пен түрікпенге тең қарады. Үш тілге бірдей шешен, ісі түсіп алдына барған кісінің шаруасын жедел бітіріп жіберетін көсем, сауатты жігітті жергілікті жұрт та жатсынбады. Әділдігін, білгірлігін бағалады. Бұл да шамасы келгенше бұқараның сөзін сөйлеп, жыртысын жыртты. Қарапайым халықтың мұң-мұқтажына қарасты, қайбір істі бастамас бұрын елдің пікір-пайымымен санасты. Беделді қызмет тұғырына қонғанмен «Әй, кәпір» атанбады. Жаңылыс басқан жері, ағаттық жіберген тұсы бар ма, әлде?! Қашан да үлкен-кішінің алғысын алумен жүрді емес пе? Біреуге қылған қиянаты да жоқ сияқты еді. Көптің шаруасын бітірмей көңілі көншіген емес. Сонда бұның мәнісі қалай? Бірақ биліктің тізгінін ұстаған кісінің ұдайы көптің назарында болатыны белгілі ғой. Сол көпшіліктің ішінен бір күншіл, бір күңкіл шық- пасы неғайбыл-ау, өзі. Көптен бері көкейінен ұры күшіктей жылтыңдаған күдік көлеңкесі кетпей қойған. Басына бұлт үйірілгелі үшінші жыл. Бұдан сол үш жыл бұрын большевиктер қатарын саяси сенімсіз мүшелерден тазарту науқаны басталып, бұның да мәселесі бірнеше қайтара талқыға түскен. «Бастауыш ұйым мәжілісі» деді, «Жалпы жинақ» деді, «Бюро» деді – жауаптың астына алған. Сондағы сұрайтындары: «Байдың қызын комсомолға өткіздің бе?», «Нағашыларың Кеңес өкіметіне қарсы шыққан Адай бандаларын басқарыпты, олармен байланысың болды ма?»... Кінәратсыз партия, кеңестік өмірбаян бәле-жаланың бәрінен аман алып шыққан. Жалақорлар таққан кінә – «Ұлтшылдығы да», «Саяси қателігі де» айғақсыз болып, құрулы тұзақтан құтылған. Құтылдым деп жүрген. Бірақ бұл жолғы қармаққа мықтап іліккен тәрізді. Бұйрыққа өзін ертеден білетін Зверевтің қол қоюына қарағанда, тұтылудың тегін еместігін сезеді. «Не де болса, жоғарыдан келген кесім-ау» деп түйді Сәдір. ...Бұл кезде тұтқындауға келген екеуі екі жерден доңыз құсап тұмсықтарын бұрыш-бұрышқа сұғып, тіміскілей тінтіп үйдің ішін қорс қылып жатқан. Қарамаған қомшасы, ақтармаған боқшасы қалмады. Ақыры дым таппағасын, барлық құжаттарын тізімдей бастады. Ұясын өрт шалған құстай Шекердің шыр-пыры шықты. Тұңғыш рет азаматының алдын орап, жолын кес-кестей берді. Тағдырдың жазуына үнсіз мойынсұнған Сәдір келіншегіне көз салмастан: «Балдарға бас-көз бол!» – деді бесікте алаңсыз ұйықтап жатқан бейкүнә нәрестеге қарап тұрып. Бірбеткей күйеуінің бір ауыз сөзінен соң, шарасыз келіншек ту сыртымен шегіншектеп барып босағада қалшиып тұрып қалған. Жаман ырым бастамайын деп, көзіне жас та алмады, үнін де шығармады. Етегіне жармасқан балаға да қарамады. Әкесі есікке бет алғанда кішкентай қыз бір жамандықты сезгендей, аяғына оратылып шың- ғырып жіберген. Сәдір сәбиді жоғары көтеріп маңдайынан сүйді де шешесінің қолына ұстатып, артына қайырылмастан қара киімділердің алдына түсті. Өзінің кінәсыздығына, үкіметтің әділдігіне имандай сенгендіктен бүгежектемей, тысқа еңсесін тік ұстап шықты. Сәдір үйден ұзай бергенде күшігінен асыраған қара ала иті есіктің қыр көзінде шоқиып отырып, айға қарап ұзақ ұлыды. Қақсап қоймағасын Шекер: «Қара басыңа көрінгір, қайта бастадың ба?» деп, таяқтап, ауладан қуып жіберді. Он шақты күннен бері түн баласы ұлып, көршілердің ұйқысын бұзғасын: «Мына, итке не көрінген? Шынжырдан босатып жіберші, жөніне кетсін!» деп еді күйеуіне. Бірақ ит байлаудан босаса да, шарбақтан шықпай, басын алдыңғы екі аяғының үстіне салып, босағада табандап жатып алды. Көкейіндегісін адам секілді айта алмағанмен, қасына барған иесіне әлденені ұқтырмақ болғандай мұңға толы көздерімен тесіле ұзақ қарайтын. Ұлуын азайтқанмен, қоймады. Кешелі бері тыныш еді, осы зауалға көрінген екен. Тар қапаста жатқан адамның өткен-кеткенді ойлаудан өзге қолынан келер не қайраны бар? «Ойдан ұшқыр нәрсе жоқ» деген рас сөз екен. Қиялдың көк қаршығасын қай қиырға салсаң да көктей ұшып, қияға парлай жөнеледі. Сәдірдің де жеке камерадағы жалғыз серігі – ой. Түпсіз тұңғиық ой-теңізіне шым батып, шырмауық естеліктер желісін үзе алмай әлек. ...Отызыншы жылдардың басында Ташауыз, Көне Үргеніш маңына көшіп келіп, жағалай жаба салмаларын паналап жатқан босқын қазақтар көп еді. Ата-аналары аштан, аурудан өлген жетім балалар топ-топ болып базар жағалап, алата- қиялылардың көзін ала бере бірдеңесін қағып кетіп, ұрлық қылумен өзек жалғап, үйсіз-күйсіз шұбырып, қаңғып жүретін. Сол кір-қожалақ, өрім-өрім аш-жалаңаш балалардың аянышты түрлері әлі көз алдында. Көрінгеннен көмек дәметкендей олай-былай өткендердің қолына қарап, жаутаңдап жол тосып тұратын. Кейін солардың көбіне қамқор болып, интернатқа алғызып, киіндіріп, тамақтап, сабақ оқуға мүмкіндік жасады. Жергілікті басшылар арасында шала сауатты – шолақ белсенділер жетіп артылатын. Солардың бірқатарын өкілдік қызметін өтеп жүріп жұмыстан алған кезі де болған. Соқаға жегетін жалғыз өгізі барды «құлақ», әкесінің жаназасын шығарғанды «молда» деп жер аударып, бұқараны өкіметке өшіктіріп, өзімбілдікке жол берген басқармалар еді – олар. Ойлап отырса, нағыз жалынды жастық шағы ат үстінде өтіпті. Алдына көмек сұрап келген кісінің қолын бос қайтарған емес. Талай жарлы-жақыбайды өз қалтасынан тамақтаған, бірақ бұнымен іс бітпесін білген Сәдір олардың басын біріктіріп, колхоз құрмаса болмайтынын жақсы түсінді. Барар жер, басар тауы қалмай бет-бетімен босып жүрген қазақтар тоз-тоз болып құрып кетудің аз-ақ алдында еді. Босқан жұртта тазалық қайдан болсын? Жас нәрестелер іш ауру, тырысқақ секілді індеттен шетінеп жатыр. Ересектер мен балалардың да биттен ағып, бастары таз, қышыма-қотыр болып жүргендері көп. ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Маңғыстаулық кәсіпкерлер 1%-дық несие ала алады Қайран, 25-ай! Ол кезде қорқу, сақтану дегенді білді ме? Өзі де тәуекелшіл еді-ау. Тәуекелге бармауға болмайтын да уақыт еді – ол жылдар. Елдің алды аштан қырыла бастаған. Елболғанда, жер емшегін емген жергілікті жұрт емес, Маңғыстау, Ақтөбе беттен жер ауып келген өз ағайындары. Кейбіреуі – Кетіктегі көтеріліске қатысып, қудалау басталғасын қашып келгендер. Қолындағы бала-шағаның таңдайына тартып отырған бірліжарым түйесін барымталап, ортақтың малына қосса, өзін «құлақсың» деп, колхозға кіргізбесе, ол адам көтеріліске шықпағанда қайтеді? «Арқаның қысы жайлы болса, арқар ауып несі бар?» демекші, адайлар жайдан-жай ата-жұртын тастап, ала шапанды сартқа алақан жайып, түрікпеннің қолтығына тығылар ма еді? Бәрі де «Бала-шағаны аштықтан аман алып қаламыз ба?» деген есек дәме-дағы. Үкімет жазасынан қорқып, Бесқала ауған қашқындарды соңдарынан қуа шыққан қызыл әскер тобының бір сайға қойша иіріп, қырып салғанын естіген. Енді сол оқтан аман қалған қандастарын аштық аранынан сақтап қалу – Сәдірге сын. Соры қалың елді көре тұра аштан қырып алмаудың амалы – бұрын бірінің молда, бірінің бай болғанына қарамай колхозға біріктіру еді. Бәрінің бала-шағасы бар. Аштан өлмей жазға жету үшін Үкіметтің жан басына беретін бір батпан жәрдем-астығын алуы керек. Оны алу үшін шұғыл колхозға кіру керек. Кірмегендерге батпан түгіл бір уыс та бидай жоқ. Ал жаз шыққасын бәрі күш біріктіріп, егін салуы керек. Маңдай терді жерге төгу керек. Сонда аман қалады, қазақ бұл жұттан! Жергілікті Үкімет қаулысымен Сәдір осы іске білек сыбана кірісті. Қоныстанушылар ауыл-ауылға бірігіп, ондаған колхоз құрылды. Орталықтан медпункт, бастауыш мектептер ашылды. Мамандар қазақтардың өз ішінен, Қазақстаннан шақырылды... Сол кезде түрікпен арасын сағалаған елдің басын қосып, Үкіметтен жәрдем бөлгізгені – күндердің күнінде өзіне «ұлтшыл» деген айып, айғақ болып жабысарын ол кезде қайдан білсін?! Қарашаның он үші күні әдетінше таң бозынан оянған. Терезе саңылауынан сыздықтай соққан жел ызғарынан тұла бойы қалтырап, тоңып жатыр екен. Қырық құрау әйнекті қырау тұтып қалыпты. Сегіз айға созылған сергелдең мен адам төзгісіз азап ақыры Сәдірдің де сабырын түгесіп, сағын сындырған. Жуан жұдырық жендеттер тұтқынды неше қайтара соққыға жыққанмен жігерін жасыта алмай діңкелеп еді, соңғы екі тәулік бойы тікесінен тік тұрғызып қинады. Тізесі сәл бүгілсе болды қара таяқ қақ тобықтан сақ ете қалады. Жанды жерді дөп көздегішін қайтерсің. Сәдірдің көзінің жасы бұрқ ете түседі, сонда да дыбысын шығармайды. Тістене-тістене жағы да қарысып қалады. Жаны шырқырап, еркіне бағынудан кете бастаған денесін жинауға бар күшін салады. Ақыры ес-түссіз құлаған. Камераға сүйреп әкеп тастапты. Күп болып іскен балтыры – көк талақ. Толарсақ қанталап қалған. Өне бойы от болып өртеніп жатыр, бірақ тәні ауырсынған мен санасы сау. Әрбір жауаптың аяғы әлгідей азаппен аяқталатын болып жүр. Қол қоймай, қасарысудың жазасы. Тағатын айыптары: «Нәзір досыңмен бірігіп, «Түрікмен азаттығы» ұйымын құрыпсыңдар, қазақ-түрікмен жастарын жинап, үкіметті басып алмақ ойларың болған», «Алашордашылармен астыртын байланыс жасап тұрғансыңдар» дейтін басы-көзі жоқ жала. Жанын жегідей жейтін де сол. Кешегі бір-бірінің жолында жандарын қиюға бейіл сыралғы достары сыртынан сатып, жауап қағаздарына өзін «Халық жауы» деп мойындайтындарын растап қол қойыпты. Әсіресе, қашаннан қанды көйлек жолдасы Айташовтың: «Оразбаевты «Астыртын ұйымға тартқан мен едім» деп жалған куәлік беруі жанына қатты батты. Жаратылысында өтірікпен жаны қас Нәзір сүйткесін, басқасы на не жорық? «Мен деген жігіт Нәзірдей-ақ болар» деп, дүйім түрікпен мен қазағың сүйінбейтін бе еді, оның мерттігіне? Сыңайы, сенісер достың қалмағаны ғой! Бұл не за уал? Ендігі әрекеттің бәрі бекершілік болып жүрмесін? Әділет іздеп, құр қарсыласа бергеннен не пайда? Ендігі қалғаны хақ бұйрығына көне беру емес пе? Санасы сансыраған Сәдір осы ойға бекіп, ертесіне қағазға қол қоймақ болып отырған кеште камера есігінің кілті шылдырлады. Ішке көрші ауданның бірінші хатшысын кіргізді. Көптен танитын. Жылмаңдаған, еті тірі Қадыр деген түрікпен жігіт еді. Қараңғы үйдің адамның антын алатын бір бәлесі бар ғой, көзінің оты сөніп, жасып қалыпты. Қадыр малдас құрып қасына жайғасқасын, өзінен-өзі шешіліп сөйлеп кетті. - Сәдір аға, мені бүгін түнде, не таңда атады,–деп бастады ол сөзін. Аңырып қалған Сәдірге: - Рас айтам. Атылатын адамдарды осы мен құсатып, тобынан бөліп, оңаша, немесе жеке кісі жатқан камераға қамайды екен бұлар. НКВД Зверевте атылатын күні менің қасыма түнеп шыққан. - Зверев деймісің? - Иә, НКВД бастығы. Сізден кейін, айға жетпей өзі де ұсталған. - Мүүммкін емес. - Әй, Сәдір аға-ай...неге мүмкін болмасын? Ол бір Сталиннің қызын алған күйеу деймісің? - Сонда кім қалды өзі?! Қадыр үндемеді. - Апыр-ай, оны не себеппен ұстады екен? деп, Сәдір НКВД бастығының атылып кеткені не әлі де сене алмай әуре. - Ешқандай себеп жоқ! - Себеп жоғы қалай? - Себеп сол – жоғарыдан план бар екен. - План!? - Иә. Салық. Кәдімгі ет, сүт, жүн салығы секілді. Әр республиканың жан басына қарай осынша адам атылсын деп план салатын көрінеді. - Қой, бекер болар?! - Сәдір аға-ай, сенбейтін не бар? Мұны маған сол Зверевтің өзі айтқан. Сірә, өлетін болғасын несін жасырсын? - Бұнысы сұмдық қой!? - Зұлымдық деңіз! Арғыбергіде бірде-бір үкімет өз халқын бүйтіп қырмаған шығар? - Сонда бұның оларға не үшін керегі болды? - Ішіндегі серкелерді қырып тастасаң, бір қора қой қапелімде өздігінен жол бастап кете алмай, бастарын бірбірінің қолтығына тығып, ошарылып, бұға бермейтін бе еді? Серкес із қалған бұқараң да қойдай қоңыр емес пе? Әбден жуасытып алмақ болған да! - Сөзіңнің жаны бар, Қадыр! Ақкөздігіміз ғой, біз соны ойламаппыз, Елге үкімет қас қылады деген ой үш ұйықтасақ түсімізге кіріп пе? Абақтының тор терезесінен толған айдың нұры түсіп, қараңғы бөлме іші бозамық тартты. Тұтқынның жүдеу жүзін жас жуып, өсіп кеткен қалың қаба сақалынан сырғи домалап өңіріне тамып жатты. Кенет үлкен ала көздері жарқ-жұрқ ете қалды да, даусы жарықшақтанып шықты. - Прокурор Аннамұрадовты білесіз ғой? - Білем. - Ол да өлді, жақында. - Атып па? - Өзі атылыпты. Түбі бір қамалатынын білген де. – Імммм... Сол Аннамұрадов үштіктің құрамында болып, өзінің туған ағасын айдатып жіберген көрінеді... Мен де үштіктің бірі болып талай адамға үкім шығарыстым. Бала күннен бірге өскен жолдастарды жау дегенге сенбей, қол қоюдан бас тартпақ болғанымда, НКВД адамы айтты: «Жауды жақтағаның – өзіңнің жау болғаның» деп. Сосын амалсыздан... Әй, қорқақ басым... Бейкүнә жандардың қанын мойныма жүктей бергенше, Аннамұрадов құсап бірден атылып өлсемші... Тұтқын еңіреп қоя берді. Біраз отырып, солығы басылғасын сөзін қайта жалғады. - Сәдір аға, мен қолымды қанға былғадым. Енді ана жаққа не бетіммен барам?! Бұл сұрақты екі дүниенің арасында тұрған тұтқынның өзіне қойып отырғанын сезген Сәдір үндемеді. Бөлмеде біраз уақыт өлі тыныштық орнады. Ажалын ақтық сырынан арылып қарсы алмақ ойы болды ма, Қадыр сөзін қайта сабақтады. - Сіз де үштікте болдыңыз ба? - Жоқ. - Онда абыройыңыз бар екен, аға! Өлсеңіз де жүзіңіз ақ қой! Зверевте: «Жүздеген жанның күнәсын арқалап барамын. Бірденақ жалғыз оқ пен жайрап қалуым керек еді» деп, бармағын шайнаумен кетті. - Есіл боздақтар-ай... Бос танбосқа... Қаншасы жер жастанды екен? - Бір жылдың ішінде сегіз жүздей адам атылды деген. - Ойпырмай, қырып салып тыау. Мынасы рас болса? - НКВД біледі ғой. Өлер алдында өтірік айтып не қылсын?! Сонда бұл үкіметке жау кім, дос кім? Елдің бәрі жау болғаны ма? - Аға, жау – ана Кремль де отырған мұрттының өзі! Қасындағылар да – жау! Елді бірбіріне айдап салып, бірі небірін қырғызып отырған солар емес пе? Аннамұрадов айтыпты атылар алдында: «Өз ағамды айдаттым, обалым жоқ. Ашхабадтың елу градус ыстығына үйренген адам, Сібірдің елу градус суығына төзе ме? Үсіп қалды ғой бір жерде. Бүйтіп тірі жүргенше өлгенім артық» деп. Ішіндегісін Зверевке айтып арылып кеткен ғой, байғұс. Міне, мен бар сырымды сізге айтып отырмын. Қол қойсаңыз да, қоймасаңыз да үкіміңіз кесулі. Сіздің жазаңыз да – ату! Сәдірдің жон арқасы мұздап кетті. - Оны қайдан білдің? - Білетін адам айтты. - Зверев пе? - Иә. Айтқанындай, таң қараңғысында Қадырды айдауылдар алып кетті. Қадырдың сөзінен соң, қол қоймаймын деп қасарысқанмен ештеңе шықпасына Сәдірдің әбден көзі жеткендей болды. Бұрын да мақұлдап отырған шешіміне тас бекінді. Сірә, өлетін болғасын жантүршігерлік азаптан тезірек құтылғысы келіп, сол күні алдына тосқан қағаздың бәріне қол қойып берді. Білдей бес адамның айғағы жазықсыз жау атанып, бір түнде атылып кетуіне жеткілікті себеп. Жауаптаған тергеушілердің бәрі бей таныс – мәскеуліктер. Ақтаушысы да, қаралаушысы да, куәлері де жоқ жабық сот бар жоғы жиырма минутқа созылды. Сөйтіп, орда бұзар шағында Сәдір өзі құрысқан қызыл үкіметтің құрбаны болды. Оның: «Мен өз халқыма жау болған емеспін!» деген сөзіне сот мүшелері құлақ аспады. Үкімді арнайы Мәскеуден алдырған жендет сол күні орындады. Қарашаның жиырма сегізі, дүйсенбі күні «Үштіктің» бұйрығымен қарауылға ілігіп, кебінсіз көмілген көптің бірі болды да кетті. Өкініштісі, ішіндегісін айта алмай кетті. Сегіз айдың ішінде сыр ашып, сөйлескен жалғыз пендесі – Қадыр еді. (Төрттағанның толық нұсқасын «Жұлдыздың» биылғы №3 санынан оқи аласыздар).Үміт ЖӘЛЕКЕ