Бүгін Ақтау қалалық ауған соғысы ардагерлерінің «Боевое братство» қоғамдық бірлестігі халықты, әсіресе, жастарды Отанын сүюге тәрбиелеуде септігі тиер шара өткізді. Қоғамдық бірлестік Абай атындағы мәдени-демалыс кешенінің 2-қабатында ұйымдастырған ел үшін қасық қаны қалғанша соғысқан маңғыстаулық ардагерлердің фотосуреттері көрмесін алғаш болып шекарашылар, жастар ресурстық орталығының өкілдері, Мұнайлы ауданынындағы мектептер оқушылары тамашалап, көзі тірі ардагер аталардың өмірбаянымен, ерлік істерімен танысты. Ақтау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Аманжол Қартбай соғыс ардагерлерін «Ардагерлер жанымызда» атты көрменің ашылуымен құттықтап, игі тілегін айтты. - Отанды сүю — әр адамның бойынан табылуы тиіс ең бір қастерлі сезімдердің бірі. Онсыз елдің ел болып, алға қадам басуы екіталай. Маңғыстау облыстық ішкі саясат басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсыры аясында «Боевое братство» ауған соғысы ардагерлері қоғамдық бірлестігінің «Халық арасында патриотизмді қалыптастыруға және Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін насихаттауға бағытталған іс-шараларды өткізу» әлеуметтік жобасы бойынша өтіп жатқан шара бұл, - деді қоғамдық бірлестік төрағасы Матжан Шаулиев. - Біздің басты мақсатымыз—халық арасында патриотизмді қалыптастыру, Отан соғысы ардагерлерінің мерейін өсіріп, рухын көтеру, өскелең ұрпақтың туған жеріне, Отанына деген сүйіспеншілік сезімін ояту. Жастарды саяси ұлттық патриотизмге, ұлттық рухани құндылықтарға тәрбиелеу міндеті біздің мойнымыздан түспек емес. Бүгін көрмеге аз адам келген жоқ. Бір ай бойы әлі көптеген жерлестеріміз бен қала қонақтары келіп, тамашалайтын болады. Көрменің ашылуы салтанатына ардагерлерден Б.Боқаев, С.Безязычный, С.Сухонос қатысты. Олардың өмірбаянына қысқаша тоқталсақ, Бисен Боқаев 1923 жылы туған. Әскер қатарына 1942 жылы шақырылып, 1942-1944 жылдар аралығында шекаралық әскери құрамда қызмет атқарған. 1944 жылдың сәуірінен 2-Украина майданындағы соғыс қимылдарына, Яссы-Кишинев операциясына, Бессарабияны, Румынияны азат етуге қатысқан. Соғыстан кейін шекаралық әскери құрамда қызметін жалғастырып, 1949 жылы елге оралған. «Қызыл Жұлдыз», «ІІ дәрежелі Отан соғысы» ордендерімен, «Жауынгерлік еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Бейбіт жылдары «Парасат», «Құрмет» ордендерімен, «Жауынгерлік еңбегі үшін» медальдарымен марапатталған. Красноводск қаласында теміржолшы болған. 1993 жылдан бері Ақтауда тұрады. Стефан Безязычный 1925 жылы туған. 1941-1945 жылдары Солтүстік Кавказдағы, Балтық жағалауы майдандарында соғыс қимылдарына қатысқан. Ол ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен, «1941-1945 ж.ж. Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «Кеңес Одағының маршалы Г.К.Жуков» медальдарымен марапатталған. 1969 жылдан Ақтау қаласында тұрып, Каспий аймақтық тау-кен металлургиялық комбинатында жұмыс істеді. ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Маңғыстаулық полицейлер ведомстволық біріншілікте күміс медальді иеленді Ал Станислав Сухонос 1928 жылы туған. 1944 жылдың шілдесінен бастап № 338 теңіз аңшысының моторисі. Теңіз аңшыларының Бірінші Қызыл тулы Новороссиская дивизиясының сүңгір жау кемелерін іздеуші. Соғыстан кейін №338 теңіз аңшысы катерінде суға батқан кемелерді іздеу жұмысымен айналысқан. 1952 жылы елге оралған. ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталған. Соғыстан кейін катерде жұмыс істеген. «Боевое братство» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Матжан Шаулиев көрмеге келген үш ардагердің омырауларына «Бауыржан Момышұлы» медалін тақты. Белгілі әнші Жоламан Көшкінов, жыршы-термеші Болат Шаулиев, №16 мектептің музыка пәнінің мұғалімі Жарас Нұралиев ән-жырларын төгілтіп, қариялардың көңілдерін көтерді.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="54789,54786,54787,54790,54788"]