©
Рухани жаңғыру кезеңінде халқымыздың рухани түлеуіне бағыт беретін, ұлттық кодымызды айқындайтын мәселелердің егжей-тегжейлі зерделеніп, ел мүддесіне пайдаланылуы, жастар тәрбиесіне бағытталуы өте маңызды. Әсіресе, еліміздің болашақ азаматтарын қалыптастыруда зиялылыққа тәрбиелеудің қажеттілігі барған сайын артып келеді. Жедел өзгерістерге бейім қазіргідей заманда қоғамның толыққанды мүшесі болу азаматтың жан-жақты дамуын қажет етеді. Өскелең қоғам сұраныстары мемлекеттік-ұлттық мүдде тұрғысынан жастардың өз елін шексіз сүйетін, өз қабілетін толық жүзеге асыра алатындай мамандықты жетік меңгерген, ұлттық және жалпыадамзаттық мәдени құндылықтарды сыйлайтын, коммуникативті және бірнеше тіл білетін, адал да ашық, жоғары мәдениетті азамат болып қалыптасуын талап етуде. Сондай жастар ғана бәсекеге қабілетті болып, заман мен қоғамның жоғары талаптарына жауап беріп, уақыттың кез келген сынына қарсы тұра алады. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Бәсекелік қабілет дегеніміз – ұлттың аймақтық немесе жаһандық нарықта бағасы, я болмаса сапасы жөнінен өзгелерден ұтымды дүние ұсына алуы. Бұл материалдық өнім ғана емес, сонымен бірге білім, қызмет, зияткерлік өнім немесе сапалы еңбек ресурстары болуы мүмкін. Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады. Сондықтан әрбір қазақ стандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек. Мысалы, компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты факторлар әркімнің алға басуына сөзсіз қажетті алғышарттардың санатында», – деп атап өткен болатын. Президент өз мақаласында қоғамдық сананы жаңғыртудың алты бағытын айқындап көрсетті. «Егер жаңғыру елдің ұлттықрухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды», – деп Елбасының өзі айтқандай, бәсекеге қабілеттілік, прагматизм және реализм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, Қазақстанның эволюциялық дамуы, сананың ашықтығы секілді негізгі бағыттардың қай қайсысы да ұлттың рухани кемелденуінің, ұлттық сананың жаңғыруының кепілі болмақ. Рухани жаңғырудың бағыттарын айқындай отырып, Президент ХХІ ғасырдағы қазақстандықтардың бейнесі туралы өзінің көз қарастарын тұжырымдап берді. Осы бағдар біздің жастар тәрбиесіне жете көңіл бөліп, оның ішінде зиялылыққа тәрбиелеу бағытында да нақты әрекетке көшуімізге негіз бола алады деп ойлаймын. Қазіргі жастардың өз мамандығын жақсы меңгеруімен қатар, қазақ қоғамының әлеуметтік үміттерінің үдесінен шығатындай толыққанды зиялы азаматы болып қалыптасуы лазым. Ең алдымен, оның бойында шын мәніндегі зиялы адамға тән адамгершілік, ұлтжандылық және интеллектуалдық қасиеттер қалыптасып, жаны сұлу болып шығуы керек. Сондықтан жастарды зиялылыққа тәрбиелеу – «Мәңгілік ел» ұлттық идеясын орнықтыру мен жастарымыздың бойына сіңірудегі оқыту мен тәрбиелеу саласындағы өзекті міндеттердің бірі болмақ. Қазіргі сөздіктерде зиялылыққа мынадай анықтама берілген: «Зиялылық (лат. Intelli gens – ұғымды, ойшыл) – әлеуметтік үміттерге жауап беретін, қоғамның алдыңғы қатарлы саналы да білімді тұлғаларына қойылатын индивидтің даралық сапаларының жиынтығы». Зия (араб. – талапты, жарық, шұғыла) сөзі – қазақ тілінде талапты, алға жетелеуші, үлгілі деген мағына береді. «Зиялы» – оқыған, білімді азамат деген ойды білдіреді. Яғни ол мағынасы жағынан орыс тіліндегі «интеллигент» сөзіне жақын. Зиялылық ұғымының мәні терең де жанжақты, ол қазақ ұғымындағы тектілік, бекзаттық секілді адамдық жоғары қасиеттердің жиынтығын құрайды. Зиялылық – тұлғаның өз бетімен ойлай білушілігі, адамдар тірлігі мен дүние құбылыстары туралы пайымдай алуы; интеллект байлығы, мінез жайлылығы, сөздің беріктігі мен әрекетінің игіліктілігі; жан жомарттығы, жүрек мейірімділігі мен ақыл-ой қабілеті; тарихқа, өнерге, әдебиетке құштарлық, мәдениеттілік пен мақсаткерлік. «Зиялы» және «зиялылық» ұғымдарының алғашқысы оның әлеуметтік рөлін, ал екіншісі тұлғаның ерекше сапасын, руханилығын білдіреді. Мұның мәні: кейбір адамдардың әлеуметтік тегі мен мамандықтарға тән болатын этика-психологиялық ерекшеліктер уақыт өте келе қоғамның өзге де мүшелеріне жұғысты болады. Әдетте зиялылық білімді, оқыған адамдарға қатысты айтылады. Алай да имидждің бұл сипаты оның қажетті, оның ішінде жеткілікті атрибуты болып табылмайды. Зиялылық қоғамның кез келген мүшесіне тән болуы мүмкін. Қазіргі кездегі зиялылықты қайсыбір тапқа, мамандыққа, кәсіпке, дипломы немесе аттестаты бар адамдарға телу шартты болмақ. Кеңестік заманның сталиндік және сталиннен кейінгі кезеңінде бұқаралық санада зиялылықтың мәдени мәні ескерілмей, оны жұмысшы және шаруа табының арасындағы «үшінші тап» ретінде қарастыру белең алды. Сондықтан зиялылық әлеуметтік талап етілетін және еліктеуге тұрарлық сапа ретінде тиісінше көріне алмады. Тоталитаризм кезеңінде зиялылыққа деген осындай көзқарастың әсерінен мемлекеттің бюрократиялық аппаратына деген күдік пен сенімсіздіктің орын алғаны да шындық. Зиялы адамға тән әлеуметтік әділеттілік сезімі биліктің кез келген бұйрықтары мен шешімдеріне келісіммен қарауға қайшы келіп жатуы мүмкін. Зиялыға тән интернационализм, шовинизм көріністеріне ымырасыздық ұлтшылдық сананың дамуына қайшы келмейді. Қазіргі кезде қоғамдық өмірдің барлық саласындағы өзгерістерге байланысты зиялылықты қоғамдық маңызды құндылыққа айналдыру, оны тұлға мен қоғамның даму шарты ретінде пайымдау туралы көзқарас қалыптасып отыр. «Зиялы – саналы ғұмырында ұлт руханиятына терең тамыр жіберген, жаңа кәсіби білімнің биігіне құлаш ұрған, зерделі ойдың, парасатты пайымның, ірі азаматтық мінездің иесі,– деп жазады ғалым, ақын Дүкен Мәсімханұлы. – Ондай тұлға қашан да еріктіліктің құлы. Олар ешкімнің міндеттемесінсізақ кез келген салада адал да қажырлы еңбек етіп, ұлтын әманда өркениеттің өріне сүйрейді. Оның бәрі өзі істеуге тиісті перзенттік борыш екенін шынайы сезінеді. Ғұмыр дариясына тәйтәйлап аяқ басқаннан тартып, кәтепті қара нардай қасқайып, бабалардан қалған аманатты көш жерге болса да алға апаруға атан күшін аямайды. Бір қызығы, бұл қасиет кім көрінгенге беріле бермейтіні тағы ақиқат. Ондай қасиет өз заманының озық ойлы, нағыз зиялылырана ғана тән». Осындай ұлт қайраткерлерінің тұжырымдарын жинақтап айтсақ, зиялылық дегеніміз – тұлғаның моральдық бағыттылығының, білімділіктің жоғары деңгейіне ұмтылуының, үлкен мұраттар жолында ұдайы өзінөзі жетілдіріп отыруының нәтижесінде қалыптасатын, дамып отыратын рухани сапа болып табылады. Зиялылық адамның ойөрісінен, жанжақты білімділігінен, өзін ұстау мәдениетінен, сөйлеген сөзінен, сөзі мен ісінің бірлігінен көрінеді. Зиялылықтың ең басты өмірлік мұраты – өз еліне, туған халқына қалтқысыз қызмет ету. Зиялылық тұлғаның рухани дамуы мен оның тиімділігінің бірлігін білдіреді. Зиялылықтың ел болашағы, халық игілігіне қызмет етудегі маңызы туралы қоғам қайраткері, ғалым М.Кемел былай дейді: «Зиялысы көп ел, зиялылары биік ел ғана өркениет жолында өрге өрлейді. Зиялыға тектілік, тазалық, тәрбиелік, кісілік жарасады. Халықтың халық болмағы–алдыңғы қатарда жол көрсетіп жүрген осындай азаматтарында. Елді өсіру де, өшіру де солардың қолында. Егер олар жетілген, озық ойлы болмаса, онда қиын. Қарапайым халық бәріне сенеді, қайда жетелесең, сонда ереді. ...Адамның зиялы болып жетілуі үшін ақыл аздық етеді, айла тіптен керексіз, үлкен жүрек керек!». Ал зиялы тұлғаның өмірлік мұраты, өз халқының болашағы үшін күрескерлігінің мақсаты қандай? Бұл орайда, қазақтың күрес кері һәм қайраткері, ұлт зиялысы Мұстафа Шоқайдың мына сөзін келтіре кеткеніміз дұрыс болмақ: «Ұлттық зиялы деп кімдерді айтамыз? Бір қарағанда жеңіл көрінгенімен, шын мәнінде бұл сұрауға дұрыс жауап қайыру оңай емес. Оқыған, тәрбие көрген адамның бәрін зиялы деп атап, оны сол адам өзі тән болған ұлттың «ұлттық зиялысы» қатарына қоса беруге болады деп ойласақ, сөзсіз қателесеміз. Біздіңше, белгілі бір мұрат-мақсаттардың соңында жүрген және сол белгілі мұрат-мақсаттары төңірегіне жиналған оқымыстыларды ғана зиялы деп айтуға болады. Ұлттық зиялылар қатарына тек өз халқының саяси, экономикалық және әлеуметтік дамуына қалтқысыз қызмет ете алатын адамдар ғана кіре алады». Жеке тұлғаның бәсекеге қабілеттілігі – өр кениеттің даму өзгерістеріне орай заман мен қоғам талаптарына сай келетіндей іс-әрекет дағдыларының болуы. Бұл – қандай жағдайда да қоғамнан өз орныңды тауып, оның сұраныстарына жауап бере білу қабілеті. Жастарымыз жаһандану жағдайында өзінің өмір сүру жағдайын қамтамасыз етіп қана қоймай, мемлекеттік саясат пен ұлттық мүдде тұрғысынан әрекет етіп, өмір шындығына белсенді ықпал жасап, жақсы жағына қарай өзгертетін білім, білік және дағдыларға ие болулары керек. Қазіргі заман талабына сай білім алушыларға кәсіби құзыреттіліктер қалыптастыруда жоғары оқу орындарының алдында орасан зор міндеттер тұр. Білім саясатындағы түбегейлі өзгерістер оқытушыдан студенттерді тек білімге ғана емес, өмір сүруге үйрететін қабілеттерді талап етуде. Болашақ мамандардың осынау ақпараттық қоғамнан қалыспай жете ойлаушы, жедел шешім қабылдаушы, іскер ұйымдастырушы, нақты бағыт-бағдар беруші болып шығуы – бұл қазіргі уақыттың талабы. Елбасымыз ұсынған бес институттық реформада көрсетілгендей, мемлекеттік қызметтің меритократия қағидаттары негізінде өзінөзі көрсетуге бірдей мүмкіндіктер беретін әділетті қазақстандық қоғамның түп-бейнесіне айналуы көзделіп отыр. Меритократия – әлеуметтік шығу тегіне және қаржылық жағдайына қарамастан, басқарушы лауазымдарды ең қабілетті адамдардың иеленуін алға қоятын басқару қағидасы, яғни нағыз лайықтылардың билікке араласуы. Мұнда қоғамды басқару түрі – «еңбегі сіңгендердің билігі» – меритократия, мемлекеттік ұйымның басында ең ақылдылар, ең іскерлер – қабілетіне қарай іріктелген игі жақсылардың отыру тиістілігін білдіреді. Ал ондай лайықтылар мектеп пен жоғары оқу орындарынан даярлана бастауы, тұлғалық тұғырлары қалануы керек. Адамның зиялылығы көрінетін басты қасиеттерінің бірі – оның қоғамдық ортада адамдармен қарым-қатынас жасай білу мәдениеті. Сөз өнерін жақсы меңгеру, бірнеше тіл білу, коммуникативтік дағды, шешендік шеберлік пен сөйлеу мәдениеті – қазіргі заман адамынан, білікті маманнан талап етілер негізгі қасиеттердің бірі. Сондықтан университет түлектерінің қарымқатынас өнерін меңгеріп, өзінің жақсы дағды қалыптастыра алуы өте маңызды. ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Маңғыстаудағы 52 сауда орнының бәрі де өрт қауіпсіздігі ережесін бұзған Жастарға зиялылықтың негіздерін, қарым-қатынас мәдениетін үйрету – қазіргі қоғамның рухани адамгершілік идеалын қалыптастырудың, жас ұрпақты отансүйгіштік пен елжандылыққа тәрбиелеудің, бүгінгі қоғам да кең етек алып отырған парақорлық, жемқорлық, даңғазалық, жағымпаздық, мақтаншақтық, әсіре бәсекешілдік, жершілдік пен рушылдық, атаққұмарлық секілді жағымсыз құбылыстардың таралуына тосқауыл қоятын маңызды алғышарттардың бірі болмақ. Қазіргі ғылым мен білім саласындағы реформалар, интеграциялық процестер еліміздің әлемдік аренадағы орнын айқындауға жұмыс істеуде. Бұл – уақыт талабы, қазақ жастары әлемнің көптеген елдерінде білім алып, бәсекеге қабілетті маман атанып, байрақты бәсекелерден жүлдемен оралып жүргендері кім-кімді де қуантады. Жастарымыздың әлеуеті артып, талантымен қазақ елінің атын әйгілеп, мәртебесін көтере беретініне еш күмән болмаса керек. «Үш тұғырлы тіл» саясаты да кең қанат жайып, білім саласына дендеп енуде. Ендігі жерде бірнеше тіл меңгерудің қажеттілігі баршаға мәлім. Оған білім алушы да жақсы түсінеді, ата-ана да қуана қолдайды, ұстаздар да барынша тырысуда. Тек қазақ тіліміз сол көптілділіктің ығында қалып қоймай, қайта екінші, үшінші тілдерді үйренудегі негізгі тұғыр болғаны, баланың, ең алдымен, ана тілімен ауызданып, содан кейін өзге тілдерді үйренуі керектігін жалпы көпшілік естен шығармағаны игі. Орта мектепте оқытылатын негізгі ғылыми пәндермен қатар, «Өзін-өзі тану», «Дінтануға кіріспе», «Бастапқы әскери дайындық», көркемөнер мен технология пәндерінен алған білімдерін студенттердің жоғары оқу орнында жинақтай жалғастырып, «адам болу, азамат болу мәдениетіне» үйрететін бірегей пән барлық мамандықтарда жүргізілгені дұрыс болар еді деп ойлаймыз. Осы мақсатта жасақталған «Зиялылық және қарымқатынас мәдениеті» пәнінің оқу бағдарламасы Ш.Есенов атындағы КМТИУ Ғылыми кеңесінде мақұлданып, екі жылдан бері барлық педагогикалық мамандықтарда жүргізілуде. Мұнда білім алушылар зиялылықтың әлеуметтік-рухани мәні, ұлт зиялыларының қоғамдық-әлеуметтік қызметі мен өнегесі, тұлғаның рухани даму жолдары (тұлғаның өмірден өз орнын анықтауы, кәсіби қызметке дайындық, шығармашылық қабілет пен іскерлікті дамыту, адамгершілік принциптер, өмір салты мен мақсаткерліктің мәні т.б.), қарым-қатынас мәдениеті мен шешендік өнер негіздерін үйреніп, тұлғалық жан-жақты дамудың жолдарына дағдылануда. Сөйтіп, жастарымыз «Болмасаң да ұқсап бақ» деп Абай айтқандай, зиялылықтың әліппесін үйреніп, белсенді азаматтық позициясын айқындап, азаматтық қоғамға қызмет қылуға дайындалуда. Шыңға ұмтылған адам ең болмағанда шоқыға иектейді дегендей, биік мұрат, ұлы армандар ғана жас адамды алға жетелейді. Қорыта айтқанда, Елбасымыз ұсынып отырған «Мәңгілік ел» ұлттық идеясының талаптары баршамыздың алдымызға үлкен міндеттер жүктейді. Бұл – жалпыға ортақ, елдік мұрат пен мемлекеттік мүдде жолындағы Ұлы Мақсат. Сондықтан ұлттық сана, ана тілі мен салт-дәстүрімізді дамыта отырып, әлемдік өркениетке ұмтылу, адамзаттық құндылықтарды игеру – міндет. Тарихи зердені ойсыратпау, ана тілі мен әдебиетін, тарихы мен салтсанасын, халқымыздың бекзаттық қасиеттері мен жалпыазаматтық құндылық тарды баланың бойына жастайынан сіңіруге атсалысу – әрбір ата-ана мен ұстаздың, жалпы қоғамның міндеті. Сонда ғана әлемдік жаһанданудың ықпалына алаңсыз қарсы тұра аламыз.Әділет ҚАБЫЛОВ, Ш.Есенов атындағы КМТИУ профессоры, филология ғылымдарының кандидаты