©
Ақтау қаласы туралы ойлансам – елді ойлағаным, өскен жерді ойлағаным, жас күнімнің жарқын кезеңіне бойлағаным. Маңғыстауды сағынғаным. Өйткені, бұл қаланың әрбір көшесі, әрбір ғимараты, әрбір субұрқағы мен тынымбақтары маған баяғы балаң күнімнен тіл қатып тұрғандай болады. Сол кезеңде атақты сазгер Әсет Бейсеуовтің шабытынан туған шамшырақ ән әлі күнге дейін маңғыстаулықтардың аузынан түспей келеді. «Ұшады Маңғыстаудан шағалалар» деп шалқып басталатын әнде айтылатын ажарлы сөзді әрлеп, дидарын ашып дәмдеп, бүгінге бәдіздеп айтсақ, «қонады Маңғыстауға лайнерлер». Осы күндерде Ақмаржан қала, Ақшаңқан дала бір дүрлігіп қалар. Теңіз де толқыр, көңіл де толқыр.
Қала болып ірге көтеріп, мемлекеттік паспортын алғанына 55 жыл толған ақмаржан қала – Ақтау қазіргі күндерде қызу қарбалас үстінде. Тамыз айының 11-12-і күндері мұнда «Каспий саммиті» және оның аясында халықаралық шаралар өтіп, онда халқымыз көптен күткен аса маңызды мәселе – Каспий теңізінің мәртебесі қаралмақ. Үсті айбын, асты айдын қарт теңіздің тағдыры келелі кеңеске түсіп, қазақ жұртының болашақ несібесі мен нәпақасы таразыға тартылмақ. Солтүстік көршінің сұсы басым, шығыстық көршінің мысы басым, көз тіккен көршілердің көзақысы басым Теңіздің түбі мен беті іргелі әңгіме, ізашар түсінікке ұласып, айдарымыздан жел естіретін елгезек хабар күтіп отырған жұртымыздың: «бәрекелдісі» бір ауыздан шықса деп жарғақ құлағы жастыққа тимей, түн ұйқысын төрт бөлген, түнде теңіз таянған, оймен жатып оянған облыс басшылығының елең көңілі Саммиттен кейін саябыр табар.
Бұл қандай Саммит? «Каспий бестігі» атанған бұл Саммитке қатысатын мемлекеттер – Қазақстан, Әзірбайжан, Иран, Ресей және Түрікменстан. Бұлардың бәрінің су жақ шекарасын қарт Каспийдің ақшулан толқыны шайып жатыр. Осы жылдың 5 желтоқсаны күні бес елдің басшылары тамыз айының он екісі күні Ақтау қаласында бас қосып, Каспий теңізінің мәртебесін егжей-тегжейлі қарап, Ақтау Конвенциясына қол қоюға келіскен. Бұл бас қосуда аталған елдер теңіздің айдыны мен түбін шекаралық белдеумен белгілеу, теңізде жүзудің кестесін жасау және теңіз табанымен мұнай құбырын тарту мәселесін талқылайды. Барлығы да маңызды мәселе.
Мұның аясында теңіз акваториясының шекаралық қызметі, ұлттық секторлардың жағдайы, әскери-шаруашылық серіктестік, теңіз табанындағы биологиялық ресурстарды пайдалану, осы аймақта теңіздік ғылыми зерттеулерді ортақтаса пайдалану секілді мәселелерді де байыптап қарамақ. 2002 жылы Ашхабадта өткен Саммиттен кейін 16 жыл уақыт өтті. Жиналып, шешімін күтіп қалған бірталай мәселелер баршылық. Ақтау саммиті 5-ші, мерекелік деп аталып жатыр. Демек, мерекелік көңіл-күй бес елдің ортақ мәмілеге келуіне жақсы жол ашатын болар деген үміт басым. Қалай болғанда да, Ақтау саммиті ел тарихының жаңа беттерін жазбақ. Осы саммитті ұйымдастыру секілді аса жауапты жұмыста облыс басшысының алдында тұрған міндет те орасан зор екені ақиқат. Төр иесі Қазақстан болғандықтан барша қазақстандықтар да «іске сәт» деп алаңдап отыр.
Маңғыстау облысының әкімі Ералы Лұқпанұлы бауырымды бір кісі білсе, мен білермін. Президент әкімшілігінде ұзақ жылдар қатар қызмет атқардық. 1995 жылы Қазақстан Халқы Ассамблеясы құрылғанда бұл ұжым Президент әкімшілігінің ішкі саясат бөліміне қарайтын, бар болғаны 3 адамнан тұратын шағын топ еді. Талай азаматтар тізгінін ұстады. Бірақ ұжым ұлғая қойған жоқ, тіпті кей жылдары, қысқартулардың кезінде, адам саны шектеліп те қалып жүрді. Содан Қарағандыда облыс әкімінің орынбасары болып жүрген Ералы Лұқпанұлы келіп, сектор меңгерушісі болған кезден бастап, ассамблея айбатына мінді. Қазақстанның бар өңірінде жұмыстар қызу жүріп, жаңа, тың идеялар мен іскерлік бас қосулар, келелі кеңестер керуен түзді. Содан шағын сектор бірте-бірте саяси салмақ жинап, қоғамдық өмірдің қозғаушы күшіне айналды. Екі тілде есіп сөйлейтін, дерек пен дәйекке келгенде шешіп сөйлейтін, халықтар достығы деген тақырыпта кесіп сөйлейтін Ералы бауырым Елбасының жанында отырып, жұртымыздың жанын баурап сөйлейтін, Мемлекет басшысының назарына түскен үзеңгілес серігіне көз алдымызда айналды. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығымен Маңғыстау облысына әкім болып тағайындалғанда көпшілік: «бұл қайдан шықты?» деген жоқ, жігері мен қуаты бойында екен, елге жақсылығы тиер деп қоштап қарсы алды.
Осы қысқа мерзімде жаңа әкімнің қолтаңбасы көпке жария болды деп естимін. Жаңа тұрғын үйлер салынған, биылдың өзінде 700 мыңға жуық шаршы метр пәтер жаңа тұрғын иелеріне тимек, теңіздің суы тұшытылып, жарты арал жұрты жарылқанып қалған. Бірнеше шақырымдық жағалаулар жолжиектермен көмкеріліп, айдын алабы мәдени келбетке ие болған. Осы замандық қонақүйлер мен балабақшалар, мектептер, спорт алаңдары, дүкендер мен асханалар есіктерін айқара ашқан. Оның бәрін сан тілінде санамаласақ, әкімнің өзі де «белгілі жайлар ғой» деп оқымай кетуі мүмкін. Бүгінгі мақсат: Саммит сәтті болсын, басы да, аяғы да тәтті болсын, қамшы ортаға тасталар сәтте қазақстандық ұстаным қатты болсын, нәтижесі бақты болсын деген баталы сөзді жолдап отырмын. Саяси ойын алаңы – Ақтау қаласы. Қос бесті қанжығасына бөктерген ару қаланың абыройы осы V Саммиттен кейін бәсі жоғарыдан көрінсе деймін. Осылайша тамыз айы тарихымыздың тағы бір жаңа беттерін жазбақ.
* * *
Миллион жылдық ғұмыры бар Маңғыстаудың мың жылдық тарихы жүз жылдық өлшемге сия бермейді. Біздің дәуірімізге дейінгі жүз жылдық шамасында Үстірттің үстінен құлаған түйелі керуен бір жағы Қытай, бір жағы Үндістан асып, «Жібек жолының» бойындағы қайнаған тіршілік қарасын үзбей жалғасып, біздің заманымыздың соңғы жүз жылдығына келіп қол артқан. Одан бергі тарихты қозғасаң, Абыл мен Нұрым бастаған, Қашаған мен Сүгір қостаған ақтаңгер ақындар мен күйшілердің атажұрты аруақты дала – Маңғыстау жеті жұрт келіп, кеткен жер. Сол жеті жұрттан желісін бұзбаған шежіре, жетесін тапқан сөз, жапан даласында үнемі теңізден соғатын желкем желге маңдайын төсеген, сан алуан өрнекті, тілі тылсым құлпытастар мен қойтастар, сағана тамдар мен сарала сазды күмбездер қалған. Үш жүз алпыс әулиелі Маңғыстау дегеніміз – осы.
Толысып төңкерілген, аспанмен көмкерілген Тетис телегейінің қазан шұңқыры, шүңейіт шүңгілі енді Қарағия ойпаты атанып, қара жолдың бойымен уақыт қуып жөңкілген өткен-кеткенді таңдай қақтырып тоқтатып, тізгінін қағып шығарып салады. Орыстың атақты қаламгері К.Паустовскийдің: «Жерге жаңбырдай жауған жұлдыздарды көрем десең, Маңғыстауға бар» деген сөзі еске түседі. Төрт құбыланың талайын көрсек те, дәл Маңғыстаудағыдай жерге қол созым биікте тұрған жұлдыздар орманын көрген емеспіз. Асылы, ислам дінін таратамыз деп араб әлемінен арнайы сапар шеккен үш жүз алпыс пірәдар осы жерге тегіннен тегін маңдай тіремеген болар. Телегейі толқын атқан тылсым жердің шамасын құс жолын маңдайға алып бағамдаған болар. Тарихы терең, өткені ерен қария жердің қазынасы болғанға салауат, ертеңге аманат екенін дәл ұғып, түйелі керуендерін әуелі осы жерге шөгерген болар. Нар шөккен, нараду болған жер. Намыс жарқылдаған жер, күй кернеген ел.
«Атамды айтсам, алысқа кетемін» демекші, енді ұзын сөздің ұғымын бүгінге қарай жетелеп көрелік. 1973 жылдың наурыз айы болатын. Онда мен Қазақ Ұлттық университетінің студентімін. Орталық поштаның жанында барлық одақтық, республикалық, облыстық газеттердің жаңа нөмірі ілініп қойылатын тақталар бар-тын. Сабақтан шыққанда соған соғып, ел жаңалығын біліп, ата-анамызбен тілдескендей болып қайтатынымыз бар еді. Жарқ еткен жаңалық бірден көзге түсті. «Социалистік Қазақстан» газетінде Гурьев облысынан жаңа, Маңғышлақ облысы бөлініп шығатыны арнайы Жарлықпен бекітілген екен. Маңғышлақ деген атауы сәл тосаңдау болып естілсе де, әкеміз базардан келіп, байғазы үлестіргендей болып қуанып қалдық. Бақсақ, Маңғышлақ деген сөз де ежелгі атау екен.
[caption id="attachment_59212" align="alignright" width="280"] Өтеген Оралбаев[/caption]Маңғыстау тарихында Жылыой Маңғыстауы деген географиялық термин бар. Түбектің шекарасы әйгілі Жем өзенінің жағасындағы Жылыой ойпатымен шектеседі де, бұл жер ресми түрде осылай аталады. Жылыой мен Маңғыстаудың ауылы аралас, қойы қоралас болатыны сондықтан. Менің кіндігім Жылыойдың Ақмешіт деген жерінде кесілген. Кәдімгі әулие Бекет Атамның дүниеге келген жері. Сол кездегі Жылыой ауданындағы «Коммунизм таңы» совхозының бірінші фермасы, яғни Қарақұм бөлімшесі, жаңа Жарлық бойынша Маңғыстау облысына берілетін болыпты. Қарақұм қойнауы менің өскен жерім, ата-анамның ғұмыр кешіп жатқан ауылы. Осы ауылда бір жыл оқып, 8-класты бітіргенім және бар. Өйткені «Қарақұм» мектебі сегізжылдық болатын. Содан да болар мен бұл жаңалықты жатырқамай қабылдадым. Осылайша «Қарақұм» ауылы Бейнеу ауданы болып шыға келді. Кейінгі жылдарда, елу жасқа толған кезімде, сол кездегі аудан әкімі Басшы Әзірхановтың ұсынысы бойынша маған «Бейнеу ауданының Құрметті азаматы» атағын берді. Елдің ықыласы мен құрметіне алғысымды әркез айта жүремін.
Университетті бітірер қарсаңда сол кездегі Шевченко қаласына келіп, «Коммунистік жол» атты облыстық газеттің редакторы Рысхан Мусин ағамызға кіріп, газетте қызмет жасағым келетінін айтып, ол жұмысқа алатын болып келісіп кеткенмін. Бұл менің Шевченкоға екінші рет келуім еді. 1967 жылы, сегізінші класта жүргенде, анам мен екі жасар інім Есет үшеуіміз келгенбіз. Күні бойы қала кезіп, әбден шаршап, тамақ ішетін жер таппай, жер тапсақ, қазақ тілінде тіл қатысатын қазақ таппай қиналып, сәбиін арқалап, маңдай тері маржандай аққан апамның қажыған жүзі әлі көз алдымда. Сол кездегі пұшайман халімізді қазір ойласам, анамның аруағының алдында әлі де ар жүгін арқалап, қиналып кететінім бар. Балаң едім, қалалық жұрттың жылышуақ сөзін естімей, жас қаланы жат сезініп кеткенмін.
Жеті жыл өткен соң, 1974 жылдың қазан айында, осынау ұлттық пейілі суықтау қалаға үшінші рет келдім.
Қара жер хабар бермесін, Рысхан ағам сөзін жұтып, мені газетке алмайтынын айтты. «Жазған-сызғаныңды көрмегесін, тәуекел ете алмай отырмын» деді қызара жымиып. Қатты абыржыдым. Пойыздан түскен бетім еді, қайда барарымды білмей, есік алдына шығып, қинала ойланып тұрдым. Таныс-біліс сірә жоқ. Бірте-бірте өзіме келіп, «тілшілік тағдыр бұйырмаған болар, кешкі пойызбен ауылға қайтып кетермін» деп ойлап, өзіме-өзім басу айттым. Мезгіл түске жеткен еді. Көшенің келесі бетіне қарасам, бес жыл бірге оқыған курстасым, екі-үш жас үлкендігі бар, аға болып жүрген Бисен Марабаев келе жатыр екен. Өлген әкем тірілгендей қуанып кеттім. Оның мұнда екенін білмеуші едім. Ол да: «өй, қайдан жүрсің?» деп мені құшақтай алды. Жағдайымды айттым. «Болды, жүр, келгенің қандай жақсы болды» деп бастай жөнелді. Осылайша сол күні, марқұм Бисен ағамның кепілдігімен облыстық телерадиостудияның редакторы болып шыға келдім. Осылайша бір сәтте шевченколық болдым да шықтым.
Облыс орталығы болғалы қалада қазақ қараң-құраң көріне бастапты. Осы ұйымда алғаш еңбек кітапшасын алдым. Студияның әдеби-өнер хабарлары мен балалар хабарларын жүргізетін редакторлық лауазым берді. Басшымыз жайсаң азамат, білімпаз маман, танымал қайраткер М.Қисамединов деген аға болатын. Жастарға жақсы қарады, еркіндік пен жігер беріп отырды. Осында мен «Өлең және өмір» деген телехабарлар дестесін жасадым. Онда бір жыл ішінде Абайдан бастап, Жұмекен Нәжімеденовтің, Қадыр Мырзаливтың, Тұманбай Молдағалиевтың, Сағи Жиенбаевтың, Мұхтар Шахановтың әдеби- өнер портреттерін жасадым. Облыс жұртшылығы жақсы қабылдап жатты. Балаларға арналған «Қарлығаш» клубын ашып, қазақ балаларын экранға шығардым. Облыс өнерпаздарын танытуға кірістім. Бір жылдан кейін облыстық газеттің редакторы Рысхан Мусин өзі шақырып, газетке қызметке алды. «Коммунистік жол» газетінде бір жыл ішінде түбектің еңбек қаһармандары туралы 10 өлең-очерк, ондаған мақала жаздым. Әрине, бұлардың бәрі қаламгерлік еңбектің көрсеткіші болғанмен, таза поэзиялық жинақтарыма қосқан емеспін.
Осылардың бәрін көріп жүрген жас композитор, атыраулық Мұхиден Ғаббасов студияға іздеп келіп танысып, ол таныстық ұзақ жылдық шығармашылық достыққа ұласты. 1978 жылы «Тұңғыш» деген атпен алғашқы өлеңдер жинағым шықты. Кітап тұтастай Маңғыстау тақырыбына арналған болатын. Ол кезде компартияның күшті кезі, халықтар достығы дүрлеп тұрған. «Еңбек деген кереметті жырлаған, елу ұлттың ақындары бар мұнда» деген өлеңімнің шумағы салтанатты кештерде девиз болып айтылып жүрді. Кезінде тарыққан Тарас ақын Маңғыстауды: «Құдай қарғаған жер екен» деп жазған. Осыған қарсылық ретінде 1975 жылы «Кеудесінде керуен болған бөкен-жыр, ерлік, еңбек, бақыт, байлық екен қыр, қарғыс атқан жер екен деп жазғанмен, Тарасқа да пана болған мекен бұл» деп жыр жаздым.
1977 жылы, «Лениншіл жас» газетінде қызметте жүргенімде, Маңғыстауға іссапармен келіп, жастар газетінің тарихында алғаш рет «Мұнаралы Маңғыстау» деген өлең-очерк жаздым. Соны оқыған Әбіш Кекілбаев ағам бір ақыннан: «осы бала маған келіп жолықсын» деп сәлем айтыпты. Бірден бара қоюдың ретін таппай, келесі жылы қызмет кабинетінде алдына кірдім. Кемеңгер ағам кеңпейілдене сөйлеп, жай-күйімді жақсылап анықтап, алдағы күндеріме бағыт-бағдар сілтеді. «Маңғыстау аңыздары» деген дастандар шоғырын жаз, шығаруын өзім реттеймін» деп тапсырма да берді. Осы кездесу менің Әбіш ағаммен қырық жылға жуық етене араласып, ағалы-інілі болып кетуіме негіз қалады. Іні ағаның пейілін сұрап алмайды ғой, менің жерлес бауырларым тарапынан кейде осыған іштарлық көрсетіп қалатын сәттер де болды. Ондайда: «мен Сүйінғараның тікелей жиенімін, ашуыма тисеңдер қиын болады» деп әзілге жеңдіретінмін.
1975 жылы халық ақыны Сәттіғұл Жанғабыловтың 100 жылдығына орай Маңғыстау ауданында ұлан- асыр той болды. Сол тойда ақынға арналған мүшәйра болып, оған отызға жуық ақын қатыстық. Қазылар алқасының төрағасы Алматыдан арнайы келген Әбу Сәрсенбаев, мүшелерінің бірі Сағи Жиенбаев болды. Сонда Әбу аға ағыла сөйлеп, бас бәйгені маған берген еді. Онда Мұрат Өскембаев ағамыздың көзі тірі, қасына шақырып, бауырына басып еді. Мен еңбек жолымды да, шығармашылық жолымды да киелі Маңғыстаудан бастадым. Бұл өлкені ерекше жақсы көрем, жүрген жерімде «маңғыстаулықпын» деп аяғымды маңғаздана басамын. Маңғыстаудың еңбек адамдары, өнер қайраткерлері туралы 2 том боларлық мақалалар жаздым, ондаған өлең-очерк туындаттым. Ол кезде қазіргі атақты ақынымыз Есенғали нағашым Сыр бойында, Жаңақорған жерінде, Келінтөбе елінде, өзі жазғандай, «қой бағып жүр еді».
Мұны бір қайырып тастап, «Ақмаржан қала – Ақтауым» әнінің шығу тарихына келіп, мақаланың түйінін тарқатайын. Бір күні Мұхиденге: «Мұха, осы Ақтау қаласының гимнін жазсақ қайтеді, Шевченко деген атты Ақтау деп адақтап алалық. Сосын облыс тарихында алғашқы болып сазды-аспапты ансамбль құралық, сен осыған музыкалық жағынан жетекші бол, мен әдеби-репертуарлық жағынан жетекші болайын, ансамбльдің аты «Самал» болады» деп ұсыныс айттым. Мұхиден жаны жұмсақ жігіт еді: «пәлі, бәрін ойластырып қойыпсың ғой, менің де ойлап жүргенім осы еді» деп қуана қостады. Осылайша 1974 жылдың қазан айында, комсомолдар күнінде ең бірінші рет Мұхиден екеуіміз эфирге шығып, жаңа өнер ұжымының – түбектің тұңғыш ансамблі – «Самалдың» тұсауын кестік. 1975 жылғы күз айының басында Ақтау туралы ән сөзін дайындап, Мұхиденнің жұмыс орнына барсам, бір жаққа кеткен екен. Өлеңді столының үстіне қалдырып, «марш екпініндегі ән болсын» деп жазып, үш леп белгісін қойып кеттім.
Ән бірден туды. Оны да комсомолдар күнінде эфирге шығардық. Ән тыңдармандарын тапты. Облыстық газетке оның нотасы мен сөзін жариялауды сұраған хаттар келе бастады. Сол кездегі газет редакторы Киікбай Мырзағұловтың келісімі бойынша әннің нотасы мен сөзін газетке бердік. Бастапқы аты «Ақмаржан қала – Ақтауым» болғанмен қаланың аты ресми түрде Шевченко болғандықтан басшылық атауын өзгерту керек деген пікір ұстанды. Осылайша жаңа ән «Шевченко шаттығы» деген уақытша атпен жарыққа шықты. Бұл әннің алғашқы орындаушысы – белгілі әнші қарындасым Тамара Асар. Ол осы әнмен облыстық байқауда бірінші орын алып, кейін республикалық байқауда тағы да бірінші орын алғандықтан композитор Ескендір Хасанғалиев өзі орындап, Қазақ радиосының алтын қорына жаздырды. Бұл әннің әуені 30 жыл бойы облыстық Телерадио комитетінің хабар ашар девизі болып тұрды. Ән Атырау облысына да кеңінен тарады. Қазір бұл әнді білмейтін, естіген кезде арқаланып, аруағы көтерілмейтін маңғыстаулық жоқ десе болар. Қайбір жылы Астанада Маңғыстау облысының күндері болып, талантты әнші Жоламанның орындауында осы ән шырқалғанда бүкіл зал орындарынан тұрып, қол соғып, қосылып тұрды. Сол топтың ішінде Әбіш ағам да бар еді. Мен Әбекеңнің әнге қосылғанын сонда бірінші рет көрдім. Жүзі жайнап, жанары жарқылдап қалып еді асыл ағаның.
Енді осы әнмен мақаланы түйіндейін.
Маңғыстауымды сағынғанда осы әнді өзім де шырқаймын. Өйткені бұл ән – менің бақытты шағымның куәгері. Ақтаудың 55 жылдық тойында бұл ән де сан рет шырқалатын болар. Сонда мені Ақтаудың азаматы емес деп кім айта алады?
АҚ МАРЖАН ҚАЛА – АҚТАУЫМ Өлеңін жазған Өтеген Оралбайұлы Әнін жазған Мұхиден Ғаббасов Ақ маржан қала теңізге төсеп бауырын, Қарсы алған күнде Каспийдің нөсер дауылын. Көшесі жастық, көңілі шаттық гүл толы, Ақ моншақ қала Ақтауың осы, бауырым. Қайырмасы: Ақ маржан қала, Ақ арман қала, Ерліктің нағыз ертеңі, Мұнайлы қала, Шырайлы қала, Махаббат сазын шертеді. Бүлдіршін қала бақыт деп соққан жүрегі, Атыңды сенің шартарап Отан біледі. Келеді сені көтеріп бүгін жас ұрпақ, Жүрегі, жаны, арманы, ортақ тілегі. Қайырмасы: Мұнда кел, досым, өмірді сүйсең сен егер, Болашақ күнге бастайды жорық кемелер. Дауылдың жырын, дәуірдің жырын айтатын, Дәл осы қала, дәл осы қала, сене бер! Қайырмасы:Өтеген ОРАЛБАЙҰЛЫ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, Бейнеу ауданының Құрметті азаматы.