Қарақұлақ (лат. Caracal caracal) – мысық тұқымдасына жататын жыртқыш аң. Қазақстанның шөл, шөлейтті аймақтарында және тау аңғарында кездеседі. Олар осындай ауданда тіршілік етуге бейімделген. Құмды жерде жақсы жүре алады, өйткені табандары жүнді келеді, осының жәрдемімен денесі құмға батпай, сусымалы құмдардан жеңіл жүріп өте алады.
Денесінің ұзындығы 65 – 82 см, құйрығының ұзындығы 25 – 30 см, салмағы 11 – 13 кг. Есту барабаны кішірек, оның алдыңғы шеті төменгі жақ байланыс ойысының артқы шетіне дейін жетеді, иіс сезу мүшесі өте жақсы дамыған, бірнеше қашықтықтағы өлексенің исін сезеді. Құлағының сыртқы жағы түгелдей қара. Арқасы қоңыр сары, бауыры ақшыл сары. Құлағының ұшында ұзын шашағы болады. Танау сүйектері жалпақ. Жоғарғы жағында бірінші жалған азу тістері болмайды. Олар жемін түнде, кейде жазғытұрым және қыста күндіз де аулайды. Азығын көбінесе ұзақ қарауылдап жүріп, жасырынып жетіп, оған 4 – 4,5 м қалғанда секіріп барып жармасады.
Қарақұлақ – шапшаң қозғалатын жыртқыш және де өте сақ жыртқыш осы сақтығының арқасында адамдардың көздеріне түспейді, адамдарға кездесіп қалған жағдайда жусан арасына немесе бұта арасына бұғып жатып қалады. Негізінен құмтышқандарды, қосаяқтарды, құстар, сарышұнақтарды, кейде кірпілерді, жайраларды, бауырымен жорғалаушыларды, жәндіктерді азық етеді, жазда суға жақын жүреді. Қарақұлақ ін қазбайды, өзіне баспана ретінде жайраның, түлкінің індерін бірнеше жыл қатарынан пайдалана береді. Ақпан айында шағылыса бастайды, содан буаздық мерзімі 68 – 70 күнге созылады. Аналығы сәуір айының басында 3-4 марғау туады. Марғаулары тез өседі.
Маңғыстауда қарақұлақтың нақты саны әлі күнге дейін белгісіз. Жылдан-жылға саны азаюда, сондықтан қорғауға алынып, Халықаралық табиғат қорғау одағының тізіміне және Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген. Маңғыстауда қарақұлақ Қарақия-Қаракөл мемлекеттік табиғи қаумалының аумағында, Үстірт қорығында және оған жақын орналасқан аумақтарда кездестіруге болады. Үстірт қорығы аумағында Қарынжарық, Атжол, Көкесем шыңдарында құрылған фототұзақ көмегімен қарақұлақтың бірнеше фотоматериалдары жинақталды. Жинақталған материалдар қорық мамандарының зерттеу жұмысына үлкен септігін тигізуде.
Үстірт мемлекеттік табиғи қорығының
кіші ғылыми қызметкері Б. Сайынов