Елбасының өткен жылы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы» Жолдауының «Туған жер» деп аталатын бөлімінде өмір сүріп отырған өлкеміздің кешегі тарихын зерттеу арқылы бүгінге қол жеткен табыстарды баянды етуді, туған жерге сүйіспеншілікті, оған әрбір адамның іңкәрлік сезімін ояту, оны түлетуге үлес қосуды бағыттаған болатын.
Біздер мекендейтін Маңғыстау өлкесі - республика көлеміндегі ірі аймақ. Оның тарихын толығырақ білу үшін деректер мен дәйектерге сүйене сөз саптаған жөн. Тарихымыздың бірқатары хаттала тұрса да, оның қағаз бетіне түспеген тұстары да баршылық. Тарихты естуіміз бойынша деп баяндау дұрысқа сай келмейді. Әркім өзінің туған өлкесінің, жерінің тарихын зерделеуге атсалысса, онда мүмкін болғанынша мұрағаттық дерек көздеріне жүгіну арқылы естігендермен салыстыра отырып пайым жасаған дұрыс болады.
Бұл жерде атадан балаға дейін ауызекі айтылып, беріліп келе жатқан деректерді жоққа шығаруға да болмайды. Мысалы, өлке тарихын осы өлкенің зерттеушілері саралап жатса құба-құп. Біздің тарихымызды өзге ұлт өкілдері жазады деп сенім арту қиын. Олар біздің қай тұсымызды зерттеді, шын мәнінде зерделей зерттеу жасап қорытынды жасады ма, ол жағы бізге белгісіз.
Ұлттық тарихымызды зерттеуге үнемі үлес қосып келе жатқан тарихшы, жазушы Қойшығара Салғараұлының 1.08.2013 ж. «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған тілшінің сұрақтарына "Өткеннің өнегесі - ертеңге үлгі" тақырыппен берген жауаптары тарихшыларға біршама бағыт бергендей. Мен тарихшы емеспін, қарапайым өлкетанушымын. Туған өлкем туралы айтылатын әңгімелер құлаққа қонымды, ал мұрағаттық деректерге, сірә, сөз бар ма? Сол деректерді облыстық мерзімді басылымдарда жариялауды өзімнің патриоттық борышым деп санаймын. Биыл Маңғыстау ауданының құрылғанына 90 жыл толғалы отыр. Осыған байланысты ауданның құрылуы туралы кейбір мұрағаттық деректерді газет арқылы оқырманға ұсынуды жөн көрдім.
Маңғыстау халқының патшалық Россияға заңды түрде бағыныштылығы 1840 жылдардан басталады. Сондықтан да әкімшілік-аумақтық құрылымдар да патша үкіметінің ұлттық-саясаты талаптарына сай негізделген. Түбекке тұрақты қоныстанушылар 1846 жылдан кейін, әуелі Астрахань, Саратов, Орынбор губернияларынан орыс шаруалары келе бастады. 1848 жылы Николаевск (кейін Баутин поселкесі) стансасына 49 отбасы көшіп келіп, бірден баспана салуды қолға алды. Жаңа қоныстанушыларға патша үкіметі әртүрлі салықтардан босатумен қатар көші-қон шығындарын көтерді, әрбір отбасына үш жылға дейін 60 сом мөлшерінде өтемақы төледі, баспана құрылысы үшін құрылыс материалдары тегін берілді. Сонымен қатар күнделікті күнкөріс жағдайларын да үкімет өз мойнына алды. Қоныстанушылар балықшылықпен айналысты, кәсіп үшін оның құрал-жабдықтары да, тұз да тегін берілді. Жаңа қоныстанушылар аулаған балықтарын жүрмелі саудагерлерге күнделікті керек-жарақтары үшін айырбастап отырды. Міне, осылайша Маңғыстау жеріне жаңадан қоныстанушы орыстардан басқа әртүрлі ұлт (армиян, татар, грек) өкілдері ағылып келе бастады.
1884 жылдардың орта кезінде Үстірттің оңтүстік бөлігінде қыстайтын Адайдың Шоғы (Қырықмылтық), Түрікменадай, Құнанорыс, Балықшы және басқа да руларының ауылдары Кіші жүздің 52-ші дистанциясын құрады. Дистанция басшысы етіп Орынбор шекаралық комиссиясы Адайдың көрнекті биі Есенжан Абызовты тағайындады.
Патшалық Ресей отаршыларына Маңғыстау өлкесінің Адайларын өздерінің ырықтарына көндіру оңайға түскен жоқ. Мысалға, Адайдың С.Байданов деген биі патшаға үзілді-кесілді бағынудан бас тартты. Патшаға ант берген Жұрымбай бидің де өлтірілуі осыдан болу керек. 1847 жылы Маңғышлақта екінші әскери бекініс салынғаннан кейін адайларға билік жүргізушілік қызметке старшиналық дәрежемен Мұхамедов тағайындалады. Екі жыл өткеннен кейін Новопетровск комендантының қолдауымен жоғарғы адайлардың билік жүргізушісі болып Адайдың көрнекті биі Бәймембет Маяұлына сенім көрсетіледі.
Маңғыстау өлкесі үш жағынан теңізбен көмкерілген. Солтүстік батысы Каспий теңізі арқылы Ресеймен, оңтүстік шығысынан Арал теңізінің батыс бөлігіндегі Сұлама қорымынан Оңтүстікке қарай Хиуа хандығының билігіндегі «Құрғақ көл» деп аталатын мүйіске дейін, оңтүстікке Қрасноводск уезінің Қызыл-Жареспеге дейін, Қарабұғаз шығанағы Түрікменстанмен, теңіз арқылы Иранмен, батысы теңіз арқылы Кавказбен шектесіп жатқан ұланғайыр аймақ. 1897 жылғы бүкілресейлік санақ бойынша уездің аумағы 193650 верст немесе 300 мың шаршы шақырым. Аймақта қазақ ұлтының 13244 қожалығында 63795 жан болған. Қала мен селоларда отырықшы болып мекендегендер саны бүкіл уез халқының 1,14 пайызын ғана құраған. (историко-этнографическое исследование, «Казахи» под ред. М.К.Козыбаева, Алма-Ата, изд. «Казахстан», 1995 г., стр.5). Адайлар мекендейтін аумақтың орасан үлкендігіне байланысты екі дистанцияға – бес бөлімшеден тұратын Маңғышлақта қыстайтын адайларды «Төменгі Адайлар» және Үстірттің Бесоқты, Сенек, Сұмса құдықтарын аумағын қыстайтын үш бөлімшеден тұратын «Жоғарғы Адайлар» дистанциясы болып белгіленіп, оның біріншісіне Адайдың көрнекті билерінің бірі, қырымқұл Қалбин Ғафур, екіншісіне Бәймембет Маяұлы тағайындалады. Екеуі де Форт Александровск комендантының көмекшілері болып саналды. (М.С.Турсунова, «Казахи Мангышлака во второй половине Х1Х века», Алма-Ата, 1977 г. л. 46-48).
Түпқараған мүйісінде орналасқан 1847 жылы басталып салынған Николаевск балықшылық поселкесінде 1258 жаны бар 236 отбасы, ондағы тұрғындардың бәрі де орыс ұлтынан. 1876 жылдан бастап салынған Долгий балықшылық поселкесінде 373 жаны бар 85 отбасы, Құлалы аралында 40 адамы бар 9 отбасы, 1892 жылдан бастап салынған Керелде 32 жаны бар 10 отбасы мекендеген.
1893 жылдың 26 наурызында патша үкіметінің Каспий теңізі - Ресейдің мемлекеттік меншігі деп танылып, оның жағалауына бірнеше балықшылық қоныстарын салу туралы жарлығы болды. Онда атап көрсетілгендей, балықшылық қоныстарында 80-нен кем емес отбасы тұру керек деген тапсырма болған. Осы мақсаттардың бірі саналатын Кендірлі шығанағы ең қолайлы кеме айлағы деп аталған. Сондықтан бұл жерде бұрын қоныстанып отырған қазақ, түрікмен ұлт өкілдерін ығыстыру қажет болды. Осылайша орыс көпестері келіп, балықшылық кәсіпшілігін дамытты. (Г.С.Жумашева, «Колониальная политика царизма на Мангышлака», Алма-Ата, 1998 г.).
Теңіз жағалауын бойлай жедел түрде балықшылар поселкелері бой көтере бастады. 1903 жылғы дерек бойынша уезде 9 болыс, 4 орыс поселкелері болды. 4806 жаны бар 1045 түрікмен отбасы, поселкелерде 1358 жаны бар 278 отбасы болды. Қазақ, түрікмендердің діні суниттер болғандықтан имандылық жолында бірі - Фортта, екіншісі Ақшұқырда, екі мешіт, 19 діни білім беретін медреселер жұмыс жасады. 17.03.1909 ж. Форт Александровскіде 730 жаны бар 142 отбасы, тұрғындардың сапа құрамы 230 түрікмен, 201 қазақ, 90 орыс, 36 армян және қалғандары парсы, грек, поляк ұлт өкілдеріне тиесілі болды.
Қазақ АССР-ның әкімшілік-аумақтық құрылымының негізі 1919 жылдың 10 маусымында бекітілген, ол РСФСР Халық Комиссарлар Кеңесінің «Қырғыз (қазақ) өлкесінің әкімшілік-аумақтық басқарылуы бойынша Революциялық комитеті туралы Ережесімен» белгіленді. Бұл құжат бойынша қазақтар мекендеген көптеген аудандардың бөлігі Астрахань губерниясында, Түркістан АССР-ның аумақтарында болғандығы, сондықтан олардың сол республика үкіметтерінің келісімдері бойынша қосылуы айқындалған.
Болашақ Қазақ АССР құрылуының дайындығына сай Маңғышлақ уезінің 1920 жылдың маусымында өткізілген жиынында Сыртқы Каспий облысы Красноводск уезінің екі Адай болысы мен Астрахань губерниясының бірқатар адайлар мекендеген елді мекендері мен Ішкі Бөкей ордасының бірқатар жерлері енуге тілек білдірген. 1920 жылдың сәуір айының басында Маңғыстау өлкесінде Кеңес үкіметі толық орнағаннан кейін болыстық ревком өкілдері қатысқан Сағыз бойындағы Буракөл-Қошабайдың «Ақшелек» жерінде үлкен бас қосу болды. Жиналыс уез тарихында съез деп аталып, 11-15 маусым аралығында өткізілді. Осы өкілдердің съезі Адай уезі ұйымының бастапқы негізін салды. Жиналысқа негізінен Маңғышлақ уезінің қазақтарымен қатар күн ілгері шақыру бойынша Темір, Гурьев, Красноводск уездерінің де қазақтары (адайлары) да қатысты. Жиналыстың өтуіне Адай дала ревкомының төрағасы Тобанияз Әлниязов бастамашылық жасап, жиынның өтуіне Адай, Табын көшпенді болыстарының ревком жетекшілері мен ауыл ақсақалдары қолдау көрсетті. Жиналыста уездік революциялық комитет құрылып, құрамы уақытша 3 адамнан сайланды, төрағасы болып Тобанияз Әлниязов, орынбасарлығына Сыдиық Жұбаев және мүшесі болып Құсайын Жаналиев бекітілді. (МООМ-П, 1 қор, 1 тізімдеме, 26 іс, 49 бет.)
Жиналысқа қатысушылар болашақ Адай уезінің Қазақстанның құрамына кіру туралы тілектерін білдіріп, бұл ұсынысты Орынбордағы Қазақ өлкелік революциялық комитетіне ұсынады. Бұл кезде П.Холодков басқаратын Маңғышлақ уезі Сыртқы Каспий облысына қарайтынды.
1920 жылдың 27 маусымына дейін Маңғышлақта жергілікті Кеңес атқару комитеті мен Волга-Каспий флотилиясы ұйымдастырған революциялық комитеті қатар жұмыс жасады. Бұл басқару жүйесін Маңғышлақ уезі жүзеге асырды. Маңғышлақ уезінің Сыртқы Каспий облысының құрамына кіруіне байланысты жергілікті Кеңес атқару комитеті таратылып, Маңғышлақ уезінің жаңа революциялық комитеті құрылды.
Маңғыстау уезі әуелі Кавказ соғыс округіне, 1899 жылдан кейін Түркістан генерал-губернаторына қарасты Сыртқы Каспий облысына бағынды. 1920 жылдың ақпан айында Сыртқы Каспий облысына Маңғышлақ уезінің құрамындағы отбасылары мен ондағы адам сандарының жобасы алынып, болашақта оларды тұрақты азық-түлікпен қамтамасыз ету, мал өнімдерін өткізудің орындарын белгілеу ұсынылды. Маңғыстау уездік азық-түлік басқармасы құрылып, оның бастығы болып Маймақов тағайындалды. Бұл бағыттағы жұмыстар біршама реттелді.
1920 жылдың 20 тамызында Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитеті мен РСФСР Халық Комиссарлар Кеңесінің Қырғыз (Қазақ) Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасын құру туралы декреті шығып, 1920 жылдың 4 қазан күні өткен Кеңестердің Құрылтай 1 Қазақстандық съезінің шешімімен Адай уезі губерниялық билік дәрежесімен Қырғыз (Қазақ) Автономиялық Республикасының құрамына енді. Маңғыстау елінің елдігін танытқан тарихи бір мәселе - 1920 жылы тамыздың 1-8 аралығында Баку қаласында өткен Шығыс Халықтарының 1 съезі болды. Осы жиынға Маңғыстаудан 10 делегат қатысты. Бұл съезге Шығыс Халықтарының 37 ұлт өкілдерінен 2000 делегат қатысқан болатын. Қатысқан делегаттарға Маңғышлақ уездік-қалалық Әскери-Революциялық Комитетінің 12 тамыз 1920 ж. №10 бұйрығымен 11 тамыздан бастап айлығына 3000 сом берілетін болып белгіленді. Қатысқан делегаттар: Е.Бағдаулетов, Қ.Жаншуақов, Б.Досанов, О.Көбеев, Я.Қосумов, М.Серов, Ж.Тағанов, Ж.Телғараев, Ө.Шымыров, П.Холодков. Съезге дүниежүзінің алпауыт мемлекеттерінен АҚШ, Англия, Франция, Қытай т.б. делегаттар қатысты. (МОММ, 214 қор, 1 тізімдеме, 6 іс, 13 бет).
1920 жылы 16 қазанда Бүкілодақтық Орталық Атқару Комитетінің №5 қаулысымен Сыртқы Каспий облысының Красноводск уезінен 4, 5 Адай болыстары Адай уезіне беріліп, уездің аумағы кеңея түсті. 1920 жылдың 25 қазанындағы ҚазАСР Орталық Атқару комитетінің қаулысы негізінде Маңғышлақ уезі Адай уезі деп аталды. (Қазақстанның әкімшілік-аумақтық құрылымы туралы анықтамалық, Алматы, 1959 ж., 22, 238 беттер).
Адай уезі өзінің қандастарына қосылды. Осы күні Қазақ Орталық Атқару Комитеті 1920 жылдың 16 қазанындағы Түркістан Республикасы Орталық Атқару Кеңесінің №341 декретіне сәйкес Адай уезі Маңғышлақ уезі мен Сыртқы Каспий облысына қарасты Красноводск уезіндегі 4-ші және 5-ші адай болыстарын біріктірді. Осы тұста бұл уездердегі болыстар Өзбекстан мен Түрікменстанның аумақтық бөлінісіне кіргелі тұрған жерінен тұрмыстық ерекшелігі мен этнографиялық құрамына қарай ендігі кезде Қырғыз (Қазақ) Социалистік Кеңестік Республикасына беру туралы қарарға Түркістан Үкіметін басқарып тұрған кезінде белгілі қоғам қайраткері Нәзір Төреқұлы қол қойған болатын. Ел болашағын айқындаған құжатқа қол қойған Алаштың біртуар азаматының ерен еңбегінің арқасында, еліміздің үштен бір байлығын игеріп отырған кең байтақ қасиетті Маңғыстау жері қазақтың бағына айналып отыр. Осы өзгерістерге сәйкес басқару жүйесінің құрамдарына да бірқатар толықтырулар болды. Уездік басқару ревкомының құрамына П. Холодков пен С. Даниловтар енгізілді. (МОММ, қор-214, тізбе-1, алғысөз).
Бұл игі істерді Адай уезі 1-съезінің шешімі негізінде жүзеге асыру жолында қызмет еткен Адай уезі ревкомының төрағасы Т. Әлниязовтың айырықша еңбегінің нәтижесі деп бағалағанады. (Ғ. Теміртасов, «Маңғыстау мирасы», Алматы, «Мерей» баспасы, 1995 ж., 34 бет).
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Рахмет Өтесіновтің үйі мұражайға айналса…Т. Әлниязовтың осы бағыттағы атқарған ісіне риза болған Қазақстанның Халық ақыны Сәттіғұл Жанғабылов өзінің толғауында:
Қырық мың үйді басқарып, Екі үйдей қараған Бір болыстық болмаса, Мұндай ұлы дәреже Бұрын–соңды біздер таппадық Кете, Табын, Таз, Беріш Он тоғыз болыс Адайдың Үлгердің ісін атқарып. Сен еңсесі биік ала шың, Пана еткен пақыр саясын. Бақытың биік алатын. Басқармаққа сұранып, Қазағыңды айырдың Қалалы жұртпен арасын. Бермей жүрсің азапқа Мұсылманның баласын. Адай түгіл қазақта Қатарың жоқ дарасың! ...Байұлы,Табын, Жетіру- Үш ата бір тілді Қол астыңа кірем деп, Жиырма жеті болыстың Басқардың елін түгендеп... (С.Жанғабылов, «Аманат», «Ер-Дәулет» баспасы, 112-114 беттер).Маңғыстау уезін Қазақ автономиясының құрамына беру туралы мәселені Түркістан Республикасы Орталық Атқару Комитетінің төрағасы болып жүрген кезінде Тұрар Рысқұлов 1920 жылдың басында қойған болатын. (С. Демеубай, «Жалындап өткен жас ғұмыр», Алматы, «Үш қиян», 2005 ж., 86-89 беттер).
1921 жылдың 2 қыркүйек күні Форт Шевченко қаласында Адай уезі революциялық комитетінің төрағасы Тобанияз Әлниязовтың төралық етуімен ревком мәжілісі өтті. Мәжіліске ревком мүшелері С. Жұбаев пен Жаналиев және губком жауапты қызметкерлері, халық өкілдері қатысты . Мәжіліс хаттамасын О. Дауылов жүргізді.
Күн тәртібіне ұсынылған 1-мәселе бойынша ревком төрағасы Т. Әлниязов реком Өлкелік Ішкі Істері Халық Комиссариатының 23.07.1921 ж. №2983 нұсқауына сәйкес реком мүшелерін толықтыру туралы хабарлама жасады. Бұған дейін ревком мүшелері болған Данилов пен Холодковтардың әртүрлі себептермен аумақтан кетулеріне байланысты ревком құрамынан шығарып, құрамы 7 адамнан революциялық комитет сайлау туралы хабарлама жасады. Талқылаудан кейін ревком мүшелері болып бұрынғы мүшелері құрамда қалдырылып, қосымша Комиссаренко, О. Дауылов, Төлендиев, Б.Томалақовтар сайланды. Мәжілісте Т.Әлниязов ревком мүшелерінің Бүкілқырғыздық 1-партия конференциясы шешімдеріне сай ревкомдағы сот, әкімшілік, шаруашылық органдарының ана тілінде іс жүргізуін қатерге берді. Хаттамаға мәжіліске қатысушылар түгелдей қолдарын қойып, ревкомның мөр таңбасы басылды. (МОММ, 214 қор, 1 тізбе, 27 іс, 34 бет). 26.09.1921 ж. Форт Шевченко қаласында Қырғыз Орталық Атқару Комитетінің және Губком өкілдері Бөкейханов пен Сергеевтің қатысуымен Адай уездік ревкомының мәжілісі өтті. Мәжілістің күн тәртібіне қойылған 1-мәселе - Адай уезі мен Хорезм Республикасы арасындағы кейбір шекаралық жанжалдар және оны реттеу туралы болды.
Баяндамашы Бөкейханов: «Адай уезі мен Хорезм түрікмендері арасындағы жанжалдарды реттеу үшін әдейі делегация жіберу қажет. Делегацияны бастап баруды, оның басшыларымен бұрын да таныстығы бар, халық алдында өзіндік беделі бар ревком төрағасы Т.Әлниязовқа тапсыруды ұсынды. Одан кейін сөз алған Өлкелік Атқару Комитетінің өкілі Бөкейханов жоғарыдағы ұсынысты қуаттады. Ол сонымен қатар Адай уезі қалай болғанда да Хорезм Республикасымен жылдар бойы сауда - саттық қатынаста болып келеді. Сол қатынасты берік нығайту үшін екі жақтан тауар әкеліп, апара жатқан түйе керуендерін Хорезм жағынан үнемі қарулы қарақшылардың тұтқиылдан шабуыл жасап, тонаушылықпен жасап келе жатқандығын айта келіп, оның жолын кесу үшін екі жақты келіссөз жүргізу қажет. Ол, әсіресе Адайлар үшін қажет. Сондықтан мұндай жұмысты атқару үшін беделді делегация бару керек. Бұл жұмысты Т.Әлниязовқа тапсыру орынды деп санаймын. Мұндағы ревком төрағасы жұмысты уақытша атқаруды тәжірибелі қызметкер С.Жұбаевқа міндеттеу керек. Ревкомның жұмыс жүйесінде қосүкіметтік билік жүргізуді тоқтату қажет және ревком мүшелері ауылдардағы жағдайларды зерттеп, ондағы болыстық ревкомдар жұмыстарына басшылықпен қатар көмектесулері тиіс», - деп сөзін аяқтады. Бөкейхановтың ұсынысы бірауыздан мақұлданды. (МОММ, 214 қор, 1 тізімдеме, 27 іс, 101-103 беттер).
1921-1922 жылдары Адай уезі жұт иттен кейін тағы да табиғат қаһарына ұшырап, қыстың қаталдығынан уезде мал шығыны орасан көп болып, ел күйзеліске, арты аштыққа ұласатындай тауқыметке тап болды. Адайдың басына түскен ауыр жағдай Орынбордағы басқару орындарына жетіп, халықтың қамын ойлай білген азаматтар мән-жәйды білу үшін Қазақ үкіметінің өкілдерін жібереді. Аштықтың зардабынан халық босқындыққа душар болып, Хорезм ойына, Хиуа, түрікмен жерлеріне көшумен болды. Бұл аштықпен арпалысып жатқан халыққа Жөнейтхан бастаған қарақшылардың халықты тонаумен қатар адамдарды қасақана өлтіруі сияқты қатыгездіктері орталыққа талай хабарланғанмен оған тосқауыл қойылмады. Екі ел арасындағы келіссөздерді жүргізу үшін комиссиялар да құрылды. Ол комиссиялардың Түрікстан мен Адай уезі арасында жүргізген ауызекі келіссөздеріне жунейтхандықтар толық келіспей, тонаушылық беттерінен қайтпады. Бұрынғыша адайлық керуендерді тонай берді. 1923 жылдың 1 тамызына дейін соңғы мәліметтер бойынша екіжақты жанжалдардан 200-ден астам адамның өліп, жаралы болғаны және көптеген адамдардың тұтқында отырғаны, Адай жағынан дүние-мүліктерді есептемегенде 6669 бас ірі мал, 7958 ұсақ малдың айдалып кеткені комиссия мәжілісінде сөз болды. 1923 жылдың күз айында екі еларалық мәміле жасайтын съезде екі жақтан да ел арасына беделді деген өкілдер қатысып, әрең дегенде болашақ достықта болу туралы құжатқа қол қойылады. Тұтқындар алмасады, зорлықпен алып кеткен мал, мүліктердің бірқатары кері қайтарылады. Осы бітуажар істің басында ревком төрағасы Ж. Мыңбаев болғанын айырықша көрсеткен жөн.
Ж. Мыңбаевтың 1922 ж. қазан айында өткен Бүкілқазақстандық Кеңестердің ІІІ съезіне қатысып, уез халқының қамы үшін көптеген қордаланған мәселелерді, оның ішінде мал шаруашылығын дамыту үшін Адай уезіне көрші губерниялардың сулы жерлерінен жер бөлу туралы дәлелді түрде тайсалмай айтқан ұсыныстары қазақ зиялыларын елең еткізді. Осы съезде Ж.Мыңбаев ҚОАК мен Бүкілодақтық Атқару Комитетінің мүшелігіне сайланған болатын. Ж.Мыңбаев кейін 1924 ж. Бүкілқазақстандық Кеңестердің ІҮ съезіне, Бүкілресейлік Кеңестердің ХІ съезіне қатысып, республиканың көптеген басшыларымен бетпе-бет кездесіп, уездің көптеген мәселелерінің оңды шешілуіне әсері болады. 1925 ж. Ж.Мыңбаев ҚОАК төрағасы болып сайланады. 1926 жылдың аяғында Өлкелік Орталық Атқару Комитеті уездік революциялық комитетіне өткір түрде 1927 жылдан қалдырмай кеңестердің сайлауын өткізудің міндетін қойды. 1927 жылдың 28 маусымында Қаз АССР Орталық Атқару Комитетінің қаулысына сәйкес Адай уезі округ болып құрылды.
Округ бойынша сайлау алды шаралар жасақталып, дайындық жұмыстары жолға қойылды. Сайлауға қатысуға 171552 адамның 94558-і тізімге енді. Сайлауға тізімдегі сайлаушының 50023-і қатысып, 55 пайызды құрады. 01.06-01.07.1927 ж. аралығында ауылдық, 10.07-11.09 аралығында болыстық съездер өткізіліп, Кеңестердің І съезіне делегаттар сайланды. Сайлаудан кейін 1927 жылғы 15 қыркүйегінде Форт- Александровск қаласында Адай округтік Кеңесінің І съезі өтті. Съезге шешуші дауыспен 165, кеңесші дауыспен 27 делегат қатысты. Съез Адай уезінің округке айналғанын, округтік кеңес атқару комитетінің құрылғанын жария етті. Съезде ұйымдастыру мәселесі қаралып, атқару комитетке 53 мүше, 21 мүшелікке кандидат, президиумына 13 адам сайланды. Ауылдық кеңестердің мүшелігіне 3349, болыстық кеңестердің мүшелігіне 129 адам сайланды. Съезде уездік революциялық комитеттің 1923-1927 жылдардағы жұмысынан комитет төрағасы Б. Қилыбаев есеп берді.
Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитетінің «Қазақ ССР Автономиясын аудандастыру туралы» 1928 жылдың 3 қыркүйегіндегі №743 қаулысы бойынша Адай округінің құрамында орталығы Форт-Шевченко қаласы болатын Маңғыстау ауданы құрылды.
1926 жылғы Маңғышлақ уезінде Қазақ Мемлекеттік жоспарлау комиссиясының мәліметі бойынша ауыл, село халқының саны 55525 адам болған. 1930 жылы Маңғыстау ауданының 17 ауылында 7918 қожалық, ондағы адам саны 38012 болды. Аудандағы мал саны: 22009 бас жылқы, 1419 мүйізді ірі қара, 28364 бас түйе, 213704 бас қой, 52946 бас ешкі малы болған. Республикадағы губерниялар - уездер - болыстар нұсқадағы әкімшілік-аумақтық құрылымдар жойылып, орнына жаңадан әкімшілік-аумақтық құрылымдар пайда болды.
Маңғыстау ауданындағы басқару жүйесінің республика бойынша ерекшелігі - 1928 жылдың басына дейін революциялық комитеттер арқылы жүзеге асырылды. Бұл Адай уезінің саяси, шаруашылық, мәдени өмірінің ерекшелігімен деп түсіндіріледі. Атап айтқанда, біріншіден, болыстар құрамындағы ауылдардың мал шаруашылығы жәйімен үнемі көшіп-қонып жүруі, олардың уез бен өлке орталықтарынан (Орынбор) шалғай орналасуы, болыстардан және болысаралық жол қатынастарының тиімсіздігі, уездік кеңестер сайлауын өткізудің қиындығы, екіншіден, жергілікті халықтардың Кеңестік билік жүргізуші революциялық комитетке наразылығы және олардың ағайын арасына жік түсіріп, рулық жанжалдарды қоздырушылық сипатындағы іс-қимылдары, үшіншіден, уездің оңтүстік шығысынан Түркістан Республикасы (Хиуа хандығы) тарапынан Жунейдхан бастаған барымташылардың жиі қоқан-лоқы жорықтары мен генерал Толстов қалдықтарының теңіз арқылы дүркін-дүркін қарақшылық-тонаушылық шабуылдары уездің басқару жүйесінде үнемі әскерилердің бақылауын қажет етті. Сондықтан да әскери революциялық жүйе сақталды. Алайда Маңғыстау ауданының түбектегі аумағының орасан үлкен болуына байланысты әкімшілік тұрғыдан басқару қиын болды. Шынында да халық мекендейтін аумақтағы қатынастың қиындығы мен шалғайлығы ортақ әлеуметтік мәселелерді оқу-ағарту, елдегі сауаттандыру жұмыстары сияқты кешенді жұмыстарды жүргізудің мүмкіндіктері аз болатын.
1939 жылдың 16 қазанында Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Жарлығы бойынша Маңғыстау ауданы екі ауданға бөлінді: орталығы Форт-Шевченко қаласы болатын Шевченко ауданына және орталығы Куйбышев селосы болатын Маңғыстау ауданы. 1940 жылы аудан еңбекшілерінің өтініші бойынша Гурьев облыстық Кеңесі атқару комитетінің шешімі бойынша аудан орталығы Таушық поселкесіне (Социалистік городок) көшірілді.
Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Гурьев облысы бойынша ұйымдастыру комитетінің 22 қазан 1939 жылғы №28 «Маңғыстау ауданы бойынша ұйымдастыру комитетінің құрамына комитет төрағасы болып С.Ақмолдиев, Ішкі Істер Халық Комиссариатының аудандық бөлім бастығы, Спиридонов, аудандық жер бөлімінің бастығы Х.Сүлейменов және ұйымдастыру комитетінің хатшысы болып Сәбит Бәкіров бекітілген.
1939 жылғы алғашқы жергілікті Кеңестердің сайлауында Гурьев облыстық кеңесінің депутаттығына Маңғыстау ауданынан «Маңғышлақкөмір» тресінің №2 шахтасында әуелі көмір қазушысы, кейін десятнигі болған, стахановшы Күзембаев Жалмұрат 22 ақпан 1940 жылы еңбекшілер депутаттары Гурьев облыстық Кеңесіне №32 Таушық сайлау округі бойынша №2 шахта еңбек ұжымынан депутат болып сайланды. Бұл қарапайым шахтердің еңбегінің оң бағасы болатын. Ұлы Отан соғысы жылдарында көптеген энергетикалық қиындықтарды жеңуде Таушық көмірінің де сүбелі үлесі болды.
Таушық жеріндегі көмір өндіретін «Маңғышлақкөмір» тресі 1949 жылы 26 ақпандағы директордың №12 бұйрығы бойынша тас көмір құрамындағы ылғалдың көп болуына байланысты және өнім өндіру мен тасымалдау жұмыстарының қиындығына байланысты жұмысын тоқтатқан болатын.
Аудандық кеңестің депутаты болып 25 адам сайланды. Олар Таушық поселкесінен Бакиров Аблахат Латифұлы, Бимағамбетов Жалжан, Белунина Лиза, Жолболдиева Нұржан, Корнеев Р.И. («Маңғыстаукөмір» тресі құрылысының бастығы, Тұщықұдықтан ауылдық кеңесінен Бәкіров Сәбит, Құспан Қарабасов, Қарашағыр ауылдық кеңесінен Ұлықпан Смағұлов пен Тілекбай Кәдіров, Ортаеспеден: Бекболатова Зия мен Жұмағазиева Ажар, Қаратөбеден Медетова Зияда мен Өтебай Көпеков, Калинин ауылдық кеңесінен Игібаев Жолдыбай, Шевченко ауылдық кеңесінен Игішева Торша мен Қостанбеков Сауытқали, Куйбышев ауылдық кеңесінен Ақмолдиев Сағызбай (Аудандық кеңес атқару комитетінің төрағасы мен Өтегенова Шархат, Тұщыбектен Елмұхамедов Хамидолла (аудандық партия комитетінің 1-хатшысы), Шайырдан Бабықова Мақпал, Әлібаев Хайролла, Шетпеден Сарыбаев Жұбан, Ондыдан Спиридонов Л.Х. Ақтөбеден Сүлейменов Хамит пен Таңатаров Есбергендер сайланған болатын.
1942 ж аудандық кеңестің 5 депутаты Ұлы Отан соғысына аттанып, 5-уі түрлі себептермен басқа жақтарға қоныс аударған. Поселкелік, ауылдық кеңестерге 149 депутат сайланған. Олардың да 69-ы Ұлы Отан соғысына аттанып, 5-уі әртүрлі себептермен аудан көлемінен кетіп қалған, 75 депутат қалған. Аудандық кеңестің депутаттарынан Игібаев Жолдыбай («Жаңа адым» колхозының басқарма бастығы), Сарбаев Жұбан (Жыңғылды колхозының басқарма бастығы) және ауылдық кеңес депутаттарынан Қозыбағаров Мыңбай Шетпе ауылдық кеңесінің төрағасы, Сейілханов Өскінбай- Ортаеспе ауылдық кеңесінің төрағасы, «Жасбірлік» колхозының басқарма бастығы Үбжанов Тұрғамбай, ферма басшылары: «Жасбірлік» колхозынан Қанжігітов Түгелбай, «Жаңа адым» колхозынан Әбдірова Бақыт – ұйымдастырушылық жұмыстарын жетілдіре отырып, өздеріне міндеттелген мал басын өсіріп, мемлекетке өнім тапсыру жоспарларын үнемі асыра орындап, стахановшылар қатарында болып келген. Соғыс жағдайына байланысты жергілікті кеңестердің сайлаулары заңды мерзімдеріне өтпей, 1945 ж. аудандық кеңестің 13 депутаты ғана қалды. Олардың қатарында: ауданның басшы қызметкерлерінен Қ.Қарабасов, Х.Сүлейменов, Таушық поселкелік кеңесі атқару комитетінің төрағасы С.Қостамбеков, Куйбышев ауылдық кеңесінің төрағасы Ж.Бимағанбетов, «Жаңа адым» колхозының басқарма төрағасы Жолдыбай Игібаев болды.
Бүкіл әлемді дүр сілкіндірген қырқыншы жылдардың қиындығы мол, зұлымдық атаулы мен ізгіліктің нағыз теке-тірес кезінде елді, халықты ауыртпалықтан аман алып шығуға қызметтену басшылықта болған азаматтардың нағыз сынға түсер кезі. Соғыстың алғашқы күндерінде жау қолында қалған одақтас республикалардан 1942 жылдың қаңтар айында 434 адам ауданға паналауға келді. Олардың 256-сы Украинадан, 18-і Беларуссиядан, 22-сі Ресейдің облыстарынан, т.б.
Бұлардың көпшілігі еврей, неміс ұлт өкілдерінен болатын. Жоғарғы басқару орындарының ерекше тапсыруы бойынша осы келгендерді баспанамен, жұмыспен қамтамасыз ету де оңай шаруа болған жоқ. Келгендер мамандықтары бойынша: 8-і денсаулық сақтау жұмысына, 10-ы тұрмыстық қызмет көрсету комбинатына, қалған еңбекке жарамдылары көмір өндіру жұмыстарына орналастырылды. Аудандық штабтың төрағасы С.Ақмолдиев «Маңғышлақ көмір» тресінің басшылары: Л.Корнеев, К.И.Пономарев, А.Сидоренко, Сұлтангелдиевтермен бірлесе, бұл жұмыстарды да қисындарын тауып реттеді. Кейіннен бұл көшіп келушілер саны 672-ге жетті.
1940 жылы Қазақ ССР-ның 20 жылдығына байланысты ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, ғылым мен мәдениет саласындағы қол жеткен табыстары үшін 31.12.1941 ж. Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығы бойынша Құрмет Грамотасымен наградталғандар қатарында аудандық партия комитетінің 1 хатшысы Хамидолла Илмұхамедов, Жаңа адым колхозының басқарма төрағасы Жолдыбай Игібаев, Бірлік күш колхозының басқарма төрағасы Ұзақбай Құлбаев, Бірлік күш колхозының жылқышысы Шауқарбай Қасыбаев, Калинин ауылдық кеңесінің төрағасы Көпешев Өтебай №2 шахтаның көмір қазушысы Екібай Құрманқұлов, Жаңа адым» колхозының шопаны Мұқан Мамаев, Ұланақ колхозының бақташысы Карес Рахметов, Тұщыбек колхозының ферма басқарушысы Еңсеген Таңбаев болды.
Ал 1943 ж. Республика халық шаруашылығын қаржыландыру және қаржы жоспарын орындаудағы жетістігі үшін Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен Құспан Қарабасов марапатталды. – Маңғыстау ауданының қаржы бөлімінің меңгерушісі және мал шаруашылығын дамытудағы ерекше еңбектері үшін марапатталғандар: Еңбекшілер Депутаттары Маңғыстау аудандық Кеңесі атқару комитеті төрағасының орынбасары Жұмасейт Исеев, Жаңа жол колхозының ферма басқарушысы Құбаш Мергенов, Қызыл таң колхозының түйешісі Қалипа Көпжанов, Жаңа жол колхозының жылқышысы Ізтұрған Тауасаров.
1945 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының №7 Жарлығы бойынша Гурьев облысындағы мал шаруашылығы озаттарын 1944 жылғы еңбек көрсеткіштері бойынша Маңғыстау ауданының Сталин атындағы колхоздың басқарма төрағасы Оңғали Бәшентаев Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен марапатталған.
1945 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесінің Жарлығы бойынша «Құрмет белгісі» орденімен наградталғандар: Чапаев колхозының ферма басқарушысы Болысбай Есбосынов, «Жас бірлік» колхозының басқарма төрағасы Шоланов Сыран, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен Қаратөбе ауылдық кеңесінің төрағасы Молдаш Нұрманов мадақталды.
Ұлы Отан соғысының отты жылдарында Маңғыстау топырағында кіндік қандары тамған Мәди Бегенов, Біләл Қалиев, Қалдығараев Жұмағалилар асқан ерліктері үшін Кеңес Одағының Батыры атағына ие болса, Кемер Оңғалбаев «Даңқ» орденінің толық иегері, Сүйеубаев Исатай пен Қартбай Бекжанов «Ленин» орденімен, күні кеше арамызда еңбек еткен Бименбетов Тұяқбай 2,3 дәрежелі «Даңқ» орденімен, «Жауынгерлік Қызыл Ту», «Қызыл Жұлдыз» ордендері мен «Ерлігі үшін», «Еңбектегі ерлігі үшін» медальдарымен марапатталған. Бұл азаматтардың горельефтері 2015 ж. Ақтау қаласының Даңқ аллеясынан бой көтерді. Ауылдар мен қалалардың барлығында да майдангерлерге арналған ескерткіш тақталар, шынытастар орнатылды.
Соғыс жылдарында және одан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіру кезінде Маңғыстау малшыларының жетістіктері ерекше болды. 1945 ж. соңында мал басы: қой 109800 басқа, жылқы 11215 басқа, түйе 3672 басқа, сиыр 6100 басқа жетсе, тек екі жыл ішінде сәйкес қой 179383 басқа, жылқы 16392 басқа, түйе 4528 басқа, сиыр 7730 басқа жетті.
Ауданның малшы, бақташыларының осынау толағай табыстары бағаланып, КСРО Жоғарғы Кеңесінің Төралқасының 1948 жылғы 23 шілдедегі Жарлығымен Орпа колхозының жылқышысы Нұрсейт Бейнеуовке «Социалистік Еңбек Ері» атағы беріліп, малшы мен колхозбасшыларының 7- еуі «Ленин», 9-ы «Еңбек, Қызыл Ту» ордендерімен марапатталды.
Маңғыстау ауданының құрылуы кезінде аудандық партия ұйымына басшылық жасаған Х.Елмұханбетов өңірдегі «Маңғыстау көмір» тресінің 1940 ж. басында іске қосылуына сәйкес жұмысы кезінде көмір өндірісіне жергілікті жұмысшыларды тартуда елеулі жұмыстар атқарды. Жаңа ашылған өндіріс басшыларымен талай айтыс-тартыспен аудан орталығын Таушыққа (соцгородокқа) көшіруді, көптеген әлеуметтік мәселелерді шешуге, оның ішінде орта мектеп, балабақша, мәдениет үйін, дүкендер, 35 орындық аурухана, наубайхана т.б. жұмыстарды жүзеге асырды. Екі жыл ішінде бұл аз жұмыс емес. Ұлы Отан соғысының басталуы тұсындағы қиыншылық кезінде 1941 ж. тамыз айында майданға өз өтінішімен аттанып, орнына ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі болып жасап жүрген Б.Жантасовты қалдырған еді. 1942 ж. қазан айында бұл да майданға аттанады. Осы мезгілден бастап Маңғыстау партия ұйымының басшылығына Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты Әмір Бақыраев келді. Бұл азамат Ұлы Отан соғысының отты жылдарында ауданның партия ұйымын басқарған, ауданның негізгі экономикасы - мал шаруашылығын дамытуға, көмір өндірісіне басшылық ету, майданға жастарды аттандыру, асыраушылары әскерге аттанған отбасыларына айырықша көңіл бөлу, кезінде жәрдемақы тағайындау, жаралы болып соғыстан оралғандарды мүмкіндігіне қарай жұмысқа орналастыру т.б. мәселелерді шешуде біраз тер төкті. 1951 ж. Ә.Бақыраевтың басқа жұмысқа ауысуына байланысты аудандық партия ұйымын басқаруға 1951 ж. Төлеген Қағазов сайланды. Т.Қағазов облыс, комсомол, партия ұйымдарының басшылық жұмыстарынан мол тәжірибесі бар басшы болатын.
Маңғыстау ауданының 1951 жылдан кейінгі экономикалық дамуы мен қалыптасуы кезіндегі аудан жұртшылығының басындағы қуанышты сәттер де, ауырпалықтар да Төкеңнің басқаруы кезінде болғанын айтқан жөн. Төкең әрдайым өзінің кішіпейілділігімен, асқан қарапайымдылығымен, байсалды мінезімен, іскерлігімен ауданның негізгі экономикасы мал шаруашылығының тұралаған тұстарында облыс басшылығы, қала берді, тиісті республикалық орындарға мәселе қою арқылы оң шешімінің табылуына қол жеткізді.
Аз ғана жыл ішінде халық шаруашылығының барлық салаларынан аудан облыстың көшбасына дейін көтерілді. Ауданның партия ұйымын 14 жыл, атқару комитетін 8 жыл басқарып, ауданның тыныс-тіршілігі үшін аянбай еңбек еткен Т.Қағазовтың еңбегі ерекше аталып, аудан жұртшылығының мәңгі есінде сақталуға тиісті. Болашақта аудан орталығынан Т.Қағазовтың ескерткіші бой көтеруі қажет-ақ.
Осыдан кейін Маңғыстау ауданының партия ұйымын Қ.Сәмешев, О.Көшеков, С.Тәжібаев, А.Өтеуов, С.Керелбаев, А.Еділхандар басқарып, кейін басқарудың әкімдік жүйесіне ауысты. Маңғыстау ауданында 1940 жылдардың басында 14 ауылдық кеңес, 29 колхоз болды. Колхоздардың басты бағыты – мал шаруашылығы. Оның өнімдерін мемлекеттік тапсырыс бойынша дайындап, өткізу арқылы еңбектеріне қарай нәпақа табу болды. 1946-1960 жылдардың арасында халықтың күнелтіс жағдайы тек малмен байланысты болғанмен, тиісті еңбектеріне лайықты жалақы мен мемлекет тарпынан қолдаудың кемдігінен халық арасында әртүрлі аурулар болды, ана мен балаға деген қамқорлықтар жетіспеді. Соған қарамастан аудан еңбеккерлері үнемі белсенділік танытты.
1954 жылы мал шаруашылығын дамыту мен басқару жүйесін жетілдіру мақсатында колхоздар ірілендіріліп, қайтадан 13 шаруашылық болып құрылды. Мал басының өсуіне байланысты мал шаруашылығы Сам өңіріне дейін, оның да шығыс бөлігіне қарай, Матай құмына, Ақтөбе облысының Байғанин ауданының аумағына дейін жетіп жығылды. Осылай шаруашылықтың кеңеюіне байланысты жаңа елді мекендер, әлеуметтік нысандар бой көтерген ферма орталықтары салынды. Өңірдегі табиғаттың соқтықпалы соқпалы қатаңдығына қарамастан дала ерлері мал басын өсірді. Мысалы, 1965 ж. ауданда 387000 бас қой, 26956 бас жылқы, 7000 бас түйе малдары өсіп, Гурьев облысындағы ең малды ауданның санатында болды. Малшылардың да тұрмыс жағдайы жақсара бастады.
Қазақстан Үкіметінің 1964 жылы 15 мамырдағы №318 қаулысы бойынша Маңғыстау ауданының орталығы Таушық кентінен Шетпе станциясына көшірілуі туралы қаулысы болып, 1966 ж. Мақат - Маңғыстау теміржолының салынып бітуіне байланысты толықтай жүзеге асырылды. Қазіргі таңда Шетпе станциясы арқылы республикамыздың басты қалалары мен Өзбекстан, Түрікменстан, Иранға дейін теміржол қатынасы, республикалық маңызы бар автожолдар пайдалануға берілді. Ауданның бүгінгі таңда көлік - логистикалық әлеуеті артты.
Қазақстан Үкіметінің 1969 жылы 5 наурыздағы қаулысы бойынша аудандағы колхоздар 6 совхозға ұйымдастырылды. Облыс дербес болғаннан кейінгі алты жыл ішінде совхоздардағы мал саны: қой 343 мыңнан 534 мыңға, жылқы 17 мыңнан 22500-ге, түйе 12800 бастан 15000-ға жетіп, мал шаруашылығының тез дамуына барлық жағдайлар жасалды. Шаруашылықта жұмыс жасайтын малшы, бақташылардың табыстары да артты. (Маңғышлақ облыстық 111 партия конференция материалдары, желтоқсан, 1978 ж.)
Шаруашылықтардың мемлекет меншігіне өтуі кезінде мемлекет тарапынан селоларға көзқарас өзгерді. Село орталықтары толықтай тұрақты электр желілеріне қосыла бастады. Жаңа үлгідегі мектептер мен мектеп жанындағы интернаттар, балабақшалар, емдеу орындары салынып, жаңа үлгідегі ғимараттар бой көтерді. Телефон байланысы, қатынас түрлері т.б. әлеуметтік бағыттағы жұмыстарға толықтай қан жүгірді.
Маңғыстау ауданының 75 жылдығына орай 2003 жылы Алматы қаласының «Зерде» баспасынан шыққан тарихи-танымдық мазмұндағы «Өскен орда», ауданның 80 жылдығына орай 2008 ж. «Нұрлы әлем» баспасынан шығарылған «Аудан асқан асулар» атты кітаптарда ауданның экономикалық, әлеуметтік дамулары туралы біршама баяндалған болатын. Маңғыстау ауданының 90 жылдық мерекесіне орай ауданның облыс құрамында даму жолдары күнделікті мерзімді басылымдарда кеңінен жарияланып келеді. Бұл бағытта аудандық «Жаңа өмір» газетінің де өзіндік үлесі баршылық. Маңғыстау топырағында туып, өскен жоғарғы билік орындарына депутат, делегат болып сайланғандар туралы деректерге тоқталайын.
КСРО Жоғарғы Кеңесіне депутаты болып: Сүйеген Салманов, Нұрлыхан Бекбосынов, Майша Молдағарақызы Түметовалар сайланды. Ақшымырау кеңшарының шопаны, «Республиканың еңбек сіңірген ауыл шаруашылығы қызметкері» Мүберек Тегісбаев СОКП ХХIV (24) съезіне делегат болып қатысып, «Ленин», «Октябрь революциясы», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерінің иегері атанған болатын ҚСРО Жоғарғы Кеңесіне депутат болып: 1959 ж. «Ленин», «Октябрь революциясы», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерінің иегері, майдангер шопан Оспан Шамғұлов, 1963 ж. жылқышы Нұрым Мейіров, 1967 ж. Ленин атындағы колхоздың басқарма төрағасы Ерғали Төлесінов, 1971 ж. шопан Шортанбай Масатов, 1975 ж. Маңғыстау ҚКП аудандық комитетінің хатшысы С.Тәжібаев, 1990 ж. облыстық агрокомбинат директоры Жадырасын Қоңырбаев, ҚР Парламенті Мәжілісі мен Сенатының депутаты, Халық жазушысы Ә.Кекілбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары болып 1990 ж. Х.Ережепов, 2004 ж. З.Алшынбаев, 2007 жылдан бері Г.Сейтмағамбетова ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланды.
Киелі Маңғыстау түбегі тек мал шаруашылығы мен балық өнеркәсібі қатар дамыған аймақ болып қана қоймай, өткен ғасырдың алпысыншы жылдары мұнай мен табиғи газдың мол қоры ашылуына сәйкес түбегіміз қайтадан түлеп, оның байлығын игеру үшін төрткүл дүниенің түкпір-түкпірінен халық ағыла бастады. Оның үстіне сұрапыл жылдары ел асып, күнелтіс қамымен жан сауғалап кеткен қандастарымыз туған жерлеріне кері оралуына байланысты түбекте жаңа қалалар мен елді мекендер бой көтерді.
Маңғыстаудың дүлдүл ақыны Түмен Балтабасұлы: Маңғыстау – Машайықтың басқан жері, Үкімет, партияның бастауымен Іздеген ел керегін тапқан жері - деп, байлығын әлем мойындаған Маңғыстаудың бейнесін өлең - жырмен көрсетеді.
1973 жылдың 20 науырызындағы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығы бойынша орталығы Шевченко қаласы болған Маңғыстау облысы құрылды. Қазіргі ұрпақ бабаларымыздың ондаған жыл мекен етіп, табиғатының қаталдығына қарамастан ғұмыр кешкен, талай зілзалаларды бастарынан өткерген, 360 әулиелі ата қонысының бабалары ұрпақтарға мирас етіп қалдырған асыл қазынасының игіліктерін көруде.
Қазір аумағында 3 қала, 5 ауданы бар, экономикасы дамыған, орталығы бүкіл дүние жүзіне танымал сәулетті Ақтау қаласы бар түбек, тәуелсіз Қазақстанның батыстағы теңіз қақпасы болып отыр. Сонымен кешегі уезден, округке, бүгінде облысқа айналған өлкенің тарихын зерделей, түбектің дербестік тізгінін берік ұстанған, замана ағымына сай керуен көшінің бағытын өзгертпей, кемеңгер Елбасының 2018 жылға арнаған Жолдауында айырықша атаған 10 тапсырмаларына сай еңбек етіп, лайықты дәрежеде бағытын ұстану - бүгінгі әрбір қазақстандықтың міндеті.
Қойлыбай ҚАРАЖАНҰЛЫ, зейнеткер-ұстаз, өлкетанушы, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, ауданның Құрметті азаматы
Суретті түсірген Т. ҚҰСАЙЫН