Мұнайлы ауданында ресми тіркелген 178 шаруа қожалығы, 438 үй шаруасы бар. Жалпы ауданда 7283 ірі қара тіркелген. Ұсақ мал 10 207 басты құрап отыр.
Қуаңшылық басталғалы ауданға 22 вагон түк шөп, 2 жүк көлігімен 62 орама шөп келді. Тегін шөп аудандағы белсенді азаматтардың қатысуымен үй шаруашылықтарына және 95 ірі шаруа қожалықтарына таратылды.
Осыған дейін 20 млн теңге «Каспий» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясынан несие алған «Жолым ата» ЖШС ауданға 98 тонна шөп әкеліп сатты. Жалпы келісімшарт бойынша 1 жыл ішінде Мұнайлыға 363 тонна мал азығын әкелуі керек.
14 мың тонна шөп жеңілдетілген бағада 1 000 теңгеден сатылды. Қазір қысқы мал азығына дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Ауданға қысқы мал азығын жеткізу үшін 2 оператор тағайындалды. Жеке кәсіпкер Ермекбайұлы 50 млн теңге, Күншығаров 30 млн, теңге несие алды. Кәсіпкерлер Атырау, БҚО, Қостанай облыстарынан жем-шөп тасымалдайды.
Ал «Сауқымбек» ұн-жарма зауыты 46 млн теңге несие алып, аудан шаруаларын жеммен қамтамасыз етеді деп келісілді. Жоспар бойынша кәсіпкер Қостанайдан бидай алып, ұн қылады да, қалғанын кебек ретінде шаруа қожаларына ұсынады. Осылайша айына 65 тонна кебек шығарады деген жоспар бар.
«Каспий» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы ауданға Ақмола облысынан 4 вагон арпа әкелді. Арпаның 1 келісі 92 теңгеден сатылды. Алда тағы да 2 вагон кебек, 3 вагон бидай келеді деп күтілуде. Үкімет резервінен бір реттік ішінара аналық малға жем-шөп алу үшін біріліп жатқан қаржылай көмекке 290 үй шаруа қожалығы, 131 ірі шаруа қожалығы 36 388 373 теңгеге құжат тапсырған. Қазір ауданда сатылымда 600 түк жоңышқа шөбі, 1 000 қап кебек, 650 қап арпа бар. Бүгінгі таңда 33 шаруа қожалығы қаржылай көмекке ие болды. Бұл қаражат облыстық ауыл шаруашығы басқармасының құжаттық рәсімдеулерінен кейін рет-ретімен берілетін болады.
Сондай-ақ «Жасыл дәліз-2» бағдарламасы бойынша ауылдардағы мал басын тіркеу жұмысы жалғасып жатыр.
Аудан бойынша 5 342 мал басы тіркелу керек болса, қазір 4 167 мал басы тіркелді.
Тойгүл НҰРЖАНҚЫЗЫ