Мәжіліс депутаттары Еділ Жаңбыршин, Самат Мұсабаев және «Nur Otan» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы төрағасының орынбасары Звира Есбергенова Мұнайлы ауданы тұрғындарымен онлайн қоғамдық қабылдау өткізді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Қабылдауда сауал жолдаған тұрғын Еламан Мақатов Атамекен ауылындағы жер асты сулары мен жауын-шашын салдарынан жиналатын суларды ауыл аумағынан шығаруға арналған дренаж құрылысын бастауға қаражат бөлдіруге ықпал етуді сұрады.
Ал Абай Ұзакбаев Өзбекстан Республикасынан көшіп келген, жақында қандас куәлігін алған. Көшіп келуіне байланысты өзіне және отбасы мүшелеріне жәрдемақы төлеуді заң шеңберінде шешуге көмектесуді сұрады.
Тимур Кемалов жас маман, бюджет саласының қызметкері ретінде тұрғын үй кезегіне тіркелу үшін өтініш білдірген. Алайда жұмыс орны «шаруашылық жүргізу құқығындағы» мекеме болғандықтан және бюджет саласының қызметкері ретінде танылмағандықтан тұрғын үй кезегіне қоюдан бас тартқан. Тиісті заңнамаларға өзгеріс енгізуді сұрады.
Тәрбия Келесбаеваның баласы «аутизм» диагнозымен ауырады және Ақтау қаласындағы жеке меншік оңалту орталықтарына ақылы түрде ем алып жатыр. Аудан немесе облыс көлемінен мүгедек балаларды (ересектерді) тегін оңалту орталықтарын ашуға ықпал етуді сұрады.
Сонымен қатар, Қызылтөбе-2 тұрғын үй алабынан мектеп ашу, Қызылтөбе ауылының жер асты газ құбырын жердің үстіне шығару, Атамекен ауылдық округінің ауыл ішілік асфальт жолдарының құрылысын салу және Қызылтөбе ауылының жоғары жағындағы көшелерге және Қызылтөбе -2 тұрғын үй алабына асфальт жолының мәселелері қарастырылды.