Маңғыстаулық «Atrium» командасы шағын футболдан Қазақстан Республикасының чемпиондар кубогын жеңіп алды, деп хабарлайды облыстық ҚКО-ға сілтеме жасап.
Шағын футболдан Қазақстан чемпиондар кубогы 21-24 шілде күндері Нұр-Сұлтан қаласында өтті. Спорттық додаға елдің 15 аймағынан 24 командадан 360 спортшы қатысты.
Чемпиондар кубогының нәтижесі бойынша 1-орынды Ақтау қаласының «Atrium» командасы алса, 2-орынды Нұр-Сұлтан қаласының «Сайран» командасы иеленді. Ал 3-орын Шығыс Қазақстан облысының «SHYGYS» командасына бұйырды.
Осымен төртінші рет өткен Қазақстан чемпиондар кубогының финалында маңғыстаулық «Atrium» және елордалық «Сайран» командасы арасындағы кездесу 4:4 есебімен тең аяқталып, серия пенальти бойынша 3:2 есебімен маңғыстаулық команданың пайдасына шешілді.
«Atrium» командасының өкілі Жандос Нұратдиновтың айтуынша, маңғыстаулық жеңімпаз команда 2023 жылы Германияда өтетін әлем чемпионатында ел намысын қорғайды. Команда құрамында әуесқой және кәсіпқой спортшылар бар.
Айта кетсек, «Atrium» командасы Маңғыстау футбол лигасында үш дүркін чемпион атанған болатын.