Мұнайлы ауданының Батыр ауылында қос бірдей медициналық орталықтың құрылысы жүріп жатыр. Бұл туралы Батыр ауылдық округінің әкімі Сауыт Айтбаев мәлім етті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Оның айтуынша, қазір 15 мыңға жуық тұрғыны бар ауылда жалғыз дәрігерлік амбулатория бар. Ал жергілікті халық саны күн сайын артып келеді. Сондықтан медициналық нысан бұл ауылға аса қажет.
“Екі бірдей денсаулық сақтау ғимаратының құрылысының жуырда қолданысқа берілетіні біздің ауыл тұрғындары үшін қуанышты хабар. Аталған орталыққтар ауылымыздың “Астана” шағынауданында салынып жатыр. Бірінің аумағы 300 шаршы метр, екіншісі 500 шаршы метрді құрайды. Біреуі 7 000 тұрғынға қызмет көрсетсе, күніне 100-ге жуық адамды қабылдай алады. Ал екінші орталық 15 000 адамға медициналық қызмет ұсына алады, тәулігіне 300 бен 500 аралығындағы азаматты қамтиды. Құрылыс жұмысы аяқталса, 100-ге жуық маман жұмыспен қамтылмақ”, - деді ауылдық округінің әкімі Сауыт Айтбаев.
Айта кетейік, жаңа нысандар қазан және қараша айларында қолданысқа беріледі.