©
Мұнайлы аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы 2018 жыл бойынша тағам өнімдеріне қауіпсіздік мониторингін жүргізу барысында 20 сауда орны мен 3 дәріханадан өнімдерді сатып алынып, олардың қауіпсіздігін анықтау мақсатында сараптама жасалды. Сараптама нәтижесінде 781 сынама алынып, 2,4% – сәйкессіздік анықталды. Атап айтқанда, «Мусульманский» сервелаты, «Тауық бауырдан істелген нәзік паштеті», «Халял» тұшпарасы, «Мусульманская» құс етінен пісірілген шұжығынан шошқа ДНК-сы анықталды. Яғни шошқа майы қосылғаны белгілі болды. Шошқа еті өнімдерін шығаруға тыйым жоқ. Бірақ сыртқы заттаңбада көрсетілген ақпарат өніммен сәйкес болуы тиіс. Олай болмаса, тұтынушыны алдау болып саналады. Сонымен қатар сүт және сүт өнімдерінің таңбалануы дұрыс емес, яғни мемлекеттік тілде көрсетілмегені анықталды. Өнімнің заттаңбасы мен таңбаламасы – тұтынушының тауардың сапасы мен қауіпсіздігін бағалай алатын ең бірінші, көбінесе бірден-бір атрибуты. Алайда, мониторинг нәтижесі тауарлардың өз таңбаламасына сәйкес келе бермейтінін көрсетіп отыр. Тексеру барысында тағам өнімдері сатылып кеткен. Аталған факт бойынша әкімшілік шаралар қолданылды. Жоғарыда айтылғандарды түйіндей келе, халықтың денсаулығына төнетін қауіптің алдын алу үшін азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігін растайтын құжаттармен бірге, өнімнің құрамына, зат таңбасына (маркировка) назар аударуға шақырамын. Қандайда бір өнімдерді сатып алған кезде чекті міндетті түрде талап етуіңізді сұраймыз.Мадина РАХМЕТОВА, Мұнайлы аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшы орынбасары