©
Тұмау - тыныс жолдарын зақымдайтын жұқпалы ауру. Ауруды көбіне тұмаумен ауырған адамдар таратады. Ондай сырқаттар ауруларын сау адамдармен қол алысып амандасқанда, балаларын аймалап сүйгенде, түшкіргенде жұқтырады. Сондай-ақ науқас адамның тамақ ішкен қасығынан, ыдыстарынан, пайдаланып жүрген басқа да заттарынан жұғады. Сондықтан да жұқпалы аурудың бұл түрімен ауырған адамды мүмкіндігінше оңаша бөлмеде күтіп, емдеген жөн. Тұмауға әсіресе жас балалар тез шалдығады. Тұмаудың ауру қоздырғыш вирусының А,В,С және тағы басқа түрлері бар. Солардың бір түрімен ауырған адамда тек соған қарсы белгілі бір уақытқа дейін иммунитет пайда болады. Мысалы, тұмаудың ауру қоздырғышы А вирусы болса, онымен ауырған бала бұл тұмаумен 1-3 жылға дейін қайта сырқаттанбайды, ал егер тұмаудың қоздырғышы В вирусы болса, онда тұмаудың бұл түрімен 3-6 жылға дейін қайтып ауырмауы мүмкін. Тұмаумен ауырған баланың жағдайы көбінесе күрт нашарлайды, басы ауырып, денесінің қызуы көтеріледі, денесі қалтырап-дірілдейді. Тамаққа тәбеті болмайды, лоқсып құсады, әлсіреп орнынан тұруға шамасы келмейді. Көбінесе маңдайы, шекесі солқылдап, көзінің түбі тартып ауырады. Көзі жасаурап, жарыққа қарай алмайды. Ауру басылғаннан кейін 2-3 күннен соң, мұрыннан тоқтаусыз су ағып, қатты жөтеледі. Қатты жөтелетіні соншалық жөтелген кезде кеудесі ауырады. Ал жас нәрестелер емшек еме алмайды, дауыстары қарлығады. Арада 3-4 күн өткен соң жөтелі күшейіп, ересек балалар қақырық тастайды, еріндеріне ұшық шығады. Баланың түсі боп-боз болып, тамағы қызарып, ісінеді. Жүрегінің соғысы жиілейді. Бауыры ісінеді. Тұмау баланың қорғаныс күшін қатты әлсіретеді. Сөйтіп, кейбір органдардың ескілікті ауруын қоздырады. Тұмаудың кейін тыныс органдарының, құлақтың, ми қабығының қабынулары жиі кездеседі. Ауырған баланы уйден емдейді. Ол алғашқы күннен төсекте жатып, оған дәрігер шақырылуы тиіс. Бала ауырған кезде денесінің қызуын жиі-жиі өлшейді. Дәрігер келгенше ауру балаға компот ішкізуге болады. Науқас балаға жиі-жиі қайнаған су, бал қосылған шай, жылы сүт, әр түрлі жеміс-жидек шырынын, көкеніс қайнатындыларын ішкізіп, жылы киіндіріп, тамақты дәмді етіп берген жөн. Бала ауырған кезде тамақты сұйығырақ даярлап, аз-аздан жиі-жиі ішкізген жөн. Айран мен сүттен жасаған тамақтарды және жеміс-жидектерді күн сайын пайдалану қажет. Тұмаумен ауырған кезде мұрыннан тынымсыз су ағатындықтан 2% эфедрин проторгол немесе 0,05% нафтизин және басқа да сұйық дәрілерді пайдалануға болады. Ауру асқынбаған жағдайда антибиотиктер қолданылмайды. Егер ауру асқынса немесе ауыр өтсе-онда бала міндетті түрде ауруханада емделуі тиіс. Бала үйде жатса күн сайын бөлменің есік-терезесін, еденін хлораминмен немесе хлорлы әкпен және басқа да дезинфекциялық дәрілер қосылған сумен бірнеше рет сүрту керек. Желдеткішті жиі-жиі ашып, бөлменің ауасын тазартып отырудың да маңызы зор. Науқас баланың төсек орны, ыдысы, сүлгісі болуы тиіс. Тұмаудың алдын-алу мақсатында бұрын ауырмаған балаларды инфлювак вакцинасымен 4 апта салып 2 реттен егеді. Ауру балаға жақсы күтім, білікті медициналық ем, дұрыс қамқорлық жасаған жағдайда, ол тұмаудан 5-7 күн ішінде айығып кетеді. Сондықтан да баланың үйіндегі күтіміне ерекше көңіл бөлген дұрыс.Жәңгірхан ӘЛІП, Шайыр дәрігерлік амбулаториясының аға дәрігері