Маңғыстау облысы аумағында 15 қыркүйек пен 15 қазан аралығында проблемалық мәселелерді зерделеу, қызмет көрсетілетін учаскелерде құқық бұзушылықтардың алдын алу және ескерту үшін әкімшілік учаске тұрғындарын барынша қамтуға бағытталған “Учаске” жедел-алдын алу іс-шарасы өткізілуде, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
Учаскелік полиция инспекторлары іс-шара кезінде өздеріне бекітілген әкімшілік учаскелерде халықпен танысу, сондай-ақ әр түрлі құқық бұзушылықтарға жол берген адамдарды анықтау және ішкі істер органдарында есепте тұрған азаматтарды тексеру үшін аулалық және пәтерлік аралау бойынша жүргізеді.
Іс-шараның алғашқы бес күнінде учаскелік полиция инспекторлары 1139
пәтерді және 1268 жеке үйлерді аралап шықты. Тұрғылықты жері бойынша ІІО-да есепте тұрған 300-ден аса адам және 166 азаматтық қару иелері тексерілді.
Жалпы, жедел-профилактикалық іс-шара басталғаннан бері 598 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде республикада тіркеусіз тұрғаны үшін – 89, ұсақ бұзақылық үшін – 87, отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында құқық бұзушылықтарға жол бергендер саны – 30.
Сонымен қатар, учаскелік полиция инспекторлары жергілікті атқарушы органдардың және жұртшылықтың өкілдерін тарта отырып, проблемалық мәселелерді зерделеу және шешу үшін халықпен кездесулер өткізуде.