Әзербайжан елінің өкілдері жастар орталығымен байланыс орнатуға ниетті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облыстық жастар ресурстық орталығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Маңғыстау облысының жастар ресурстық орталығына Әзербайжаннан Жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Editor.az ақпараттық порталының бас редакторы Фарид Шахбазлы, Жастар қауымдастығы төрағасының орынбасары, Azxeber.com ақпараттық порталының бас директоры Афсаледдин Агаларов, Жастар қауымдастығы төрағасының орынбасары, Azxeber.com ақпараттық порталының бас редакторы Гаджибей Гейдарли және Әзербайжан Республикасының Ақтау қаласындағы бас консулы Эльмар Маммадов келді.
Олар өңір жастарымен кездесіп, екі елдің жастар саясаты арасындағы байланысты нығайту мақсатында идеялар мен ұсынысты ортаға салды.
- Менің ойымша, Ақтау - жастар қаласы. Осы ретте аймақ жастарымен кездесу маңызды. Әрі жылы қарсы алуыңыздың өзі біз үшін үлкен құрмет болды. Біз - Әзербайжандағы ірі жастар қоғамдық бірлестіктің біріміз. Қазір 5 000-нан аса жас осы қоғамдық бірлестікте белсенді жұмыс істеп жатыр. Тек Бакуда ғана емес, елдің әр өңірінде және шетелмен де тығыз байланыстамыз, - деді Жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Фарид Шахбазлы.
Оның айтуынша, Ақтаудағы жастар ресурстық орталықтарының потенциалы жоғары. Сондықтан тығыз байланыс орнатып, бірлесе жұмыс істеу екі ел үшін де пайдалы болмақ.
- Алдымен Қазақстан және Әзербайжан жастарының форумын онлайн өткізу туралы ұсынысым бар. Екі елдің жастары үшін берері мол шара болады деген үміттемін. Бұл ынтымақтастықта жұмыс жүргізудегі алғашқы қадам болатыны анық. Сондай-ақ алдағы уақытта қазақстандықтар Бакуге, ал біздің жастар Ақтау қаласына келіп, тәжірибе алмасады, - дейді Фарид Шахбазлы.
Сонымен қатар Әзербайжанның БАҚ өкілдері шығармашылықпен айналысатын жастарға ақпараттық Azxeber.com, Editor.az порталдарына мақала жазып, қызықты мәліметтермен бөлісуге мүмкіндік беріп отыр.
Ал Маңғыстау облысы жастар ресурстық орталығының мамандары сауал жолдап, пікір айтты. Өз кезегінде облыстың жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың басшылығы алдағы жоспарлар мен ұсыныстарды пысықтайтынын жеткізді.