Соңғы қоңырау күні Шетпе-Сайөтес тас жолында болған көлік апатынан ауыр жарақат алған мектеп түлегінің жағдайы жақсарып келеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Маңғыстау облысы көпбейінді балалар ауруханасында ем алып жатқан науқастың емдеуші дәрігері Мария Алдабергенованың айтуынша, баланың жағдайы қалыпқа түсіп, бүгінгі күні өздігінен отырады және жүреді. Айтылған сөзді түсініп, жауап қайтарады. Сөйлеу функциясы да біртіндеп түзеліп келе жатыр.
- 25 мамыр күні Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасының жансақтау бөліміне жол-көлік апатынан өте ауыр жағдайда жарақат алған мектеп бітіруші түлек келіп түсті. Жасөспірім бала бас миының диффузды жарақатын алған. Сондай-ақ, төменгі жақтың сынығы және 2-3 дәрежедегі травматикалық шок алған. Жансақтау бөлімінде бірнеше күн ИВЛ аппаратында болып, одан кейін травматология бөліміне ауыстырылып, сол жерден ем алды. 22 маусым 2022 жылы бала неврология бөліміне ауыр жағдайда ауыстырылды. Науқас түскен кезде өздігінен отыра алмай, жүре алмай, сөйлей алмай, санасы сопорозды күйде болды. Неврологиялық бөлімде 20 күн стационарлық ем шара алып, жағдайы жақсарды. Қажетті дәрі дәрмек, лфк, массаж, электрофорез алды. Емнің нәтижесінде баланың жағдайы жақсарып, бүгінгі күні өздігінен отырып, жүріп келді. Сонымен қатар бала айтқан сөзге түсініп, жауап қайтарып, сөйлеу функциясы біртіндеп қалыпқа келуде, - деді Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасының невропатолог-дәрігері Мария Алдабергенова.
Айта кетейік, Шетпе-Сайөтес тас жолында болған көлік апатынан жарақат алған мектеп бітіруші 7 түлектің алтауы тиісті емін алып, үйлеріне шығарылды.