Ақтаудағы №2 мектеп оқушыларының ата-аналары балаларының денсаулығына алаңдайды. Редакцияға қауіптенген ата-аналардан өтініш түсуде. Дегенмен аталған оқу орнында қызылшамен әзірге бір адам ауырған, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Белгілі болғандай, ауруға бірінші шалдыққан – мектеп мұғалімі. Аурудың белгілері демалыс күндері пайда болып, 25 қыркүйекте эпидемияға қарсы шаралар басталған.
– Ең алдымен эпидемиологиялық тексеру жүргізіліп, байланыста болған адамдар анықталып, санитарлық ұйғарым шығарылады. Бүгінгі таңда мектепте онымен байланыста 1320 адам анықталды. Оның 1230-ы – оқушылар , ал қалған 90-ы – мұғалім. Эпидемиологиялық тексеру нәтижесінде байланыста болған балалардың 46-сы екпе алды, деп хабарлады Ақтау қаласының бас санитарлық дәрігері Әсима Жарылғасова.
Қызылша – ауа арқылы таралатын жұқпалы вирустық ауру. Бұл аурудан сенімді және жалғыз қорғаушы – екпе алу.
– Ең алдымен, ата-аналар балаларының денсаулығы мен иммунитетіне мән беруі керек. Ал екпе – баланың иммунитетін қалыптастырудың бір жолы,- дейді Әсима Жарылғасова.
Айта кетейік, қаңтар айынан бастап бүгінге дейін Ақтауда қызылшамен ауырған 91 бала тіркелген. Оның 17-сі – мектеп оқушылары.