Әдетте, ерекше күтімді қажет ететін жандардың қоғамнан сырт қалып жататыны жасырын емес. Мұның бір себебі, олар туралы терең үңіле бермейтініміз. Оларға қолдау, қорған болып жүрген орталықтар мен әлеуметтік қызметкерлер туралы да жиі айтыла бермейді. Міне, сол себепті Ақтауда қаланың 60 жылдығына орай қалалық мәслихат депутаттарының мұрындық болуымен әлеуметтік қызметкерлерге арналған “Ерекше жандар емшісі” атты шара өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
Әлеуметтік қызметкерлерді кәсіби мерекесімен құттықтаған Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев ерекше күтімді қажет ететін тұлғаларға арналған кедергісіз орта қалыптастыруға зор мән берілуге тиіс екенін баса айтты.
-Ерекше күтімді қажет ететін жандардың құқығын қамтамасыз ету және оларды қорғау мемлекеттік-әлеуметтік саясаттың маңызды бағыты саналады. Қолдауға мұқтаж топтардың мәселелерін шешу өзекті проблемалардың қатарында. Себебі, азаматтық қоғамды дамыту, барлық азаматтардың тең өмір сүруі сынды мәселелерді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында жиі айтып, бұл жөнінде нақты жұмыстар жасаланып жатыр. Ерекше күтімді қажет ететін жандарға қол ұшын созып жүрген қызметкерлерге зор алғысымды айтамын. Бүгін Ақтау қаласының депутаттары айналасынан жәрдем күткен азаматтардың қайғысы мен қиындығын бөлісіп, қиындықты бірге еңсеруге аянбай еңбек етіп жүрген жандарға арнап арнайы кеш ұйымдастырып жатыр. Ұйымдастырушы қалалық мәслихат депуттаттарына да осы орайда ризашылығымды білдіремін. Мейірімге толы жүректерімен өз уақыттарын сарп етіп жүрген жандардың еңбегі әрқашан да орасан зор. Себебі, бұл күш-жігерді, ерік-жігерді талап ететін жұмыс, - деді облыс әкімі.
Мерекелік шара аясында әлеуметтік орталықтар мен 45 әлеуметтік қызметкерді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев және Ақтау қалалық мәслихатының төрағасы Сембіғали Закенов марапаттады.
Шарада аймақ өнерпаздарымен қатар ерекше күтімді қажет ететін жандардың өздері де өнерлерін ортаға салып, бір марқайып қалды.