Жыл басынан бері Маңғыстауда 112 өрт тіркелген. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облыстық ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Александр Алексеев айтты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Оның айтуынша көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 5%-ға төмен. Атап айтқанда, былтыр 118 жағдай болған. Өкінішке қарай, қайғылы жағдайлар да тіркелген.
- Осы жылы өрттен екі адам қаза тапты. Бірі – Түпқараған ауданы, Аташ елдімекенінде қараусыз қалған үйдің жануынан болған өрттен ер адам мерт болды. Екіншісі – Бейнеу ауданында Лада гранта маркалы автокөлігі өртеніп ішінен 68 жастағы ер адамның мәйіті табылған. Ал, Жаңаөзен қаласында hyundai tucson маркалы автокөлік жану кезінде ер адам зардап шеккен, - деді Александр Алексеев.
Ал өрттің басым бөлігі Ақтауда тіркелген. Өрттің шығу салдары көбінесе, тоқ көздерінің қысқа тұйықталуы, өшпенділік мақсатта арнайы өрт қою және абайсызда өртке жол беру болған.
Жыл басынан бері болған өрттің салдарынан барлығы 11 млн 195 мың теңге шығын келген.
Брифингте сөз сөйлеген Маңғыстау облыстық ТЖД бастығының міндетін атқарушы Нұрлан Жаңабаевтың мәліметінше, 2021-2022 жылдары қауіпті маусымда облыс аумағында орманды дала өрттері тіркелмеген.
- Өрттің алдын-алу үшін мамыр айында Бейнеу және Сам мемлекеттік орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемелерінің аумағында орман және дала өрттерінің алдын алу және жою бойынша өрт-тактикалық оқу-жаттығулар өткізілді. Жыл сайынғы тәжірибеге сүйене отырып, орман және дала өрттерінің туындау және оларды жою тәуекелдерін төмендету жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді,- деді Нұрлан Жаңабаев.