Бүгін, 21 маусымда облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен өткен аппарат жиынында ауылшаруашылығы және ветеринария мәселелері талқыланды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Биыл ауыл шаруашылығы саласын дамыту мақсатында тамыз-қыркүйек айларынан бастап несие беріледі. Нәтижесінде 200-ге жуық жоба жүзеге аспақ. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге де қолдау көрсетіліп жатыр.
- Ұзақ мерзімді келісімшарттар жасасу есебінен ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді өнім өткізу бөлігінде қолдау мақсатында, 2021-2025 жылдарға - әр жылға 3 өнімді өткізуге арналған келісім-шарт жоспары қойылған. Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер өнім өткізу бойынша сауда орындарымен келісімге келіп, тауырларын сатылымға шығаруға мүмкіндік алып отыр. Мәселен, «ПолимерПласт» ЖШС қазіргі таңда айына 15 000 тонна сүт өнімін шығарады. Кәсіпорын тауарды Ақтау қаласымен Мұнайлы аудандарындағы «Анвар», «Дина», «Дана», «Жанарыс» супермаркеттеріне және «Фламинго» балалар демалыс орнына өтізуде. Сондай-ақ, ЖК «Абдуллаева» ағымдағы жылы мамыр айынан бастап 1 гектардан жылыжай өнімін алып бастады. Қазіргі таңда, «Асар-С» сауда орнына айына 10 тонна қияр, 5 тонна қызанақты өткізуде, - деді Қазыбек Тәшімов.
Жайылымдық жерлердегі су мәселесін шешу үшін, бітелген құдықтардың көзін ашу, тазалау жұмыстары жолға қойылған. Қазіргі таңда 445 иесіз құдық анықталған. Оның 341-і Маңғыстау ауданына, 61-і Бейнеу ауданына, 32-сі Қарақия ауданына, 5-еуі Түпқараған ауданына, 6-ауы Мұнайлы ауданына тиесілі.