Жыл басынан бері судағы қауіпсіздік ережелерін сақтамау салдарынан Маңғыстау облысында 6 адам, оның ішінде 1 жасөспірім көз жұмды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Ал соңғы 5 жылда – 63 адам, оның ішінде 13 бала суда ажал құшқан.
-Жүргізілген талдау – суда қаза болудың негізгі себебі судағы қауіпсіздік ережелерін сақтамауға, тыйым салынған және жабдықталмаған жерлерде суға шомылуға, мас күйінде суға түсуге, сондай-ақ балаларды қараусыз қалдыратын ата-аналардың жауапсыздығына байланысты екенін көрсетті, - дейді Маңғыстау облысының ТЖД бастығының міндетін атқарушы азаматтық қорғау подполковнигі Нұрлан Мақсотұлы Жаңабаев.
Қазіргі уақытта ІІМ-нің 2015 жылғы 19 қаңтардағы №34 «Су айдындарындағы қауіпсіздік қағидаларын бекіту туралы» бұйрығы аясында мәслихаттың нормативтік-құқықтық актілерімен шомылуға тыйым салынған 10 орын анықталған.
Сонымен қатар, департамент басшысы коммуналдық жағажайлар қызметінің сын көтермейтінін айтты.
- Тағы бір маңызды проблемалық мәселелердің бірі – облыс аумағында 8 коммуналдық жағажай бар, бірақ олардың біреуі де судағы қауіпсіздік талаптарына сәйкес жабдықталмаған. Бұл адамдардың суға кетуіне әкеліп соғады. Осыған факт ретінде биыл 2 маусымда Ақтау қаласындағы «Солдат» жағажайында 2005 жылғы азаматтың суға батып кеткенін ескерсек болады. Осындай жайсыз жағдайлар жыл сайын орын алатынын атап өткен жөн, - деді Нұрлан Жаңабаев.