Бұл туралы Маңғыстау облыстық Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК Маңғыстау облыстық филиалының баспасөз хатшысы Талғат Әділ мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Уәкілетті мекеме өкілінің айтуынша, 2021 жылы орталық тарапынан барлық облыстағы әкімдіктерде жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінде істейтін қызметкерлерге талдау жүргізілген.
- Барлығы 1 600-ге жуық адамның жергілікті атқарушы органдарда жол саласына қатысты бөлімде жұмыс істейтіні белгілі болды. Бірақ олардың ішінде 190 адамның ғана жол мамандығы бойынша сәйкес дипломы бар екен. Маңғыстау облысында да жол құрылысының қыр-сырын білетін маман тапшы. Олқылықты түзету үшін биыл сәуір айында Ақтауда кәсіби біліктілікті арттыру семинарын өткіздік, - деді Талғат Әділ.
Спикердің айтуынша, сәуір айында Ақтауда кәсіби біліктілікті арттыру мақсатында өткізілген семинарға аудан-қала әкімдіктерінің қызметкерлері мен автожолдарды салушы мердігер мекемелердің мамандары қатысқан. Олар автомобиль жолдарын жөндеу немесе қайта төсеу бойынша жаңа технологияларды қолдануды үйреніп, жалпы осы саладағы соңғы жаңалықтармен танысқан. Семинарға қатысушылардың сұрауы бойынша биыл осындай шара тағы өткізілетін болып шешілді.
Айта кетейік, маңғыстаулық жолдардың сапасын бақылаушылар Ресейге, сондай-ақ Нұр-сұлтан, Алматы және Шымкент қаласында өткен біліктілік арттыру семинарларына барып жүр. Олардан жинақтаған тәжірибесін бүгінде бөлісіп жатыр.
Бұдан бөлек, мамандардың тапшылығын азайту мақсатында 2020 жылы ұлттық орталықтың бас директоры З.Сағыновтың бастамасымен «1000 мектеп» жобасы жүзеге асқан. Маңғыстау облысы бойынша Ақтау қаласы, Мұнайлы, Түпқараған, Бейнеу ауданы бойынша 101 мектепке барып, 9-11-сынып оқушыларымен кездесу өткен. Жалпы 2020-2021 жылдарды қоса алғанда 3 мыңға жуық оқушы қамтылған. Биыл акция «2000 мектеп» атауымен жалғасып жатыр. Әр аудан, ауылды жыл соңына дейін толық қамтуды жоспарланған.
Спикердің сөзінше, филиал ғимаратында қазіргі уақытта жол саласында оқып жатқан колледж-университет студенттерін ақылы өндірістік тәжірибеден өткізу де қарастырылған. Соңғы 2 жылда Маңғыстау политехникалық колледжінің бірнеше студенті осы мүмкіндікті пайдаланып, соның 2-уі жол құрылысы саласында жұмысқа тұрды.
-Бұл бағытта жұмыстар осы қарқында жалғасатын болса, яғни жылына мектеп бітірушілер арасында 2-3 жас жол саласындағы мамандықты таңдаса, Қазақстан бойынша мәселе таяу жылдары шешіледі деп сенеміз, - деді Талғат Әділ.