Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК Маңғыстау облыстық филиалы директорының міндетін атқарушы Сәкен Мұхтаров айтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Оның айтуынша, соңғы үш жылда Маңғыстау облысындағы республикалық маңыздағы автомобиль жолдарына 982 рет бақылау жүргізген.
- Жыл басынан бері 6 нысан бойынша 100 рет бақылау рейді жасалды. 375 сынама алдық. Соның 14-і стандарқа сәйкес келмей шықты. Сондай-ақ 17 кемшілік табылды. Соларды түзетілуін сұрап, әкімдіктер мен уәкілетті органдарға қызметтік хаттар жолданды. Жалпы мамандар соңғы 3 жылда республикалық маңыздағы автомобиль жолдарына 982 рет бақылау рейдін өткізді, жол құрылыс материалдарынан 2405 сынама алды. 2020 жылы 168 сынамалардың 9-ы техникалық стандарттарға сәйкес емес болды және 128 кемшілікті таптық. Анықталған кемшіліктер 2021 жылы толық жойылды. Ал, 2021 жылы 613 жол құрылыс материалдарының 108-і сынама стандарттарға сай еместігін анықтадық және жолдардан 42 олқылықты таптық. Олар да өз кезегінде 2022 жылы белгіленген жоспар бойынша толығымен жойылу керек, - деді Сәкен Мұхтаров.
Бұдан бөлек жергілікті маңыздағы жолдарда 2019 жылдан бастап бүгінге дейін 255 рет бақылау рейді жасалған. 1966 сынама алынып, анықталған кемшіліктер түзетілген. Кейбір сынама құрамы зертханалық сараптамадан өтіп жатыр.
- Филиалымызда мобильді жылжымалы зертхана бар. Осы аппарат арқылы жылына 800 шақырымнан астам жолдарда аспаптық диагностикалау жұмыстары жасалады. Мамандарымыз жол үстіндегі белгілер мен жол таңбаларын да тексереді. Мысалы, 2021 жылы 500-ден астам жол белгісін қарап, техникалық талаптарға сәйкес келмеген жол белгілері бойынша ақпарат жергілікті атқарушы органдарға жолданды. Ал жол таңбаларын тек қана республикалық маңызы бар жолдарда тексереміз. Анықталған кемшіліктер дер кезінде жойылып жатыр, - деді Сәкен Мұхтаров.