Бүгін, 17 маусымда облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың қатысуымен ІТ лицейінің түлектеріне салтанатты түрде аттестат тапсыру рәсімі өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шараға облыстың білім саласының қызметкерлері, түлектер мен ата-аналар қатысты.
Шарада аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев түлектерге ақ жол тілеп, аттестат табыстады.
Айта кетсек, шахматтан әлем чемпионы, Бибісара Асаубаева биыл Ақтау қаласындағы IT лицейін «Алтын белгіге” аяқтап жатыр.
- Құрметті ұстаздар мен ата-аналар!Құрметті түлектер! Бүгінгі күн бәріміз үшін өте маңызды. Мектеп – мейірімділіктің, инабаттылық пен руханияттың, білім мен тәрбиенің ордасы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында: «Ел алдында тұрған басты міндеттердің бірі – дені сау, саналы, білімді, парасатты, мәдениетті және ғылыми өресі кең ұрпақ тәрбиелеу” деген болатын. Өз білімдеріңізбен, тәжірибелеріңізбен облысымыздың дамуына, бүкіл Қазақстанның жарқын болашағына үлес қосатындарыңызға сенімдімін! Араларыңызда республикалық, халықаралық олимпиадалардың, байқаулардың, ғылыми жобалардың жеңімпаздары бар. Шахматтан Гиннестің рекордтар кітабына енген әлем, Азия чемпионы Бибісараға елімізде осы спорт түрін дамытуға қосқан үлесі үшін шексіз алғысымды білдіремін,- деді Нұрлан Ноғаев.
Биыл облыста 166 орта мектепті 167 385 түлек аяқтап жатыр. Оның ішінде 9-сыныпты 12 500, 11-сыныпты 7 562 түлек бітірді. 174 түлек «Алтын белгі», 515 түлек “Үздік аттестат” иегері атанды.
Биыл Маңғыстау облысынан 44 оқушы республикалық пәндік олимпиада жеңімпазы атанса, облыстағы 7 мектеп, соның ішінде ІТ лицейі республиканың «100 үздік мектебінің» қатарына енді.