Маңғыстау облысының Түркістандағы күндері аясында «Серікбол Қондыбай және түркі мифологиясының зерттелуі» атты III Халықаралық ғылыми-теориялық конференциясы өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Ғылыми-теориялық конференцияның пленарлық отырысында Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ұлықбек Тналиев және Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев сөз сөйлеп, шараны ашып берді.
Конференцияға Түркология ғылыми зерттеу институтының директоры Булент Байрам, Қожа Ахмет атындағы қазақ-түрік университетінің ректоры Жанар Темірбекова, Қожа Ахмет атындағы қазақ-түрік университетінің философ, ғылыми докторы Женгиз Томар, Жапония, «Wako» университетінің профессоры Сакай Хероки т.б.шетелдік және қазақстандық ғалымдар, Серікболтанушылар қатысты.
Сонымен қатар М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының профессоры, филология ғылымының докторы Айгүл Исмақова, Манас университетінің профессоры, доктор Ұланбек Алимов, Беязит атындағы Анкара университетінің профессоры, доктор Йылдырым Сейфуллаһ және Еуразия университетінің доценті, филология ғылымының кандидаты, ақын Оңайгүл Тұржан сөз сөйледі.
Жалпы шара барысында «С. Қондыбай шығармашылығы өнер әлемінде» тақырыбы бойынша кітап және сурет көрмесі ұйымдастырылды. Онда С. Қондыбай туралы жазылған әдеби туындылар жинағы мен ғалымның шығармалары негізінде жазылған монографиялық еңбектер қойылды.
«Қоңыр қаз» анимациялық фильмі мен С. Қондыбай – рух жауынгері» деректі фильмі көрсетілді. Сонымен қатар қала тұрғындары мен қонақтары үшін түркі әлеміне танымал дизайнер Тәрбия Айдынбаеваның «Мифтік кейіпкерлері» атты көрсетілімі ұсынылды.