Түпқараған ауданында мемлекеттік рәміздер күніне орай көліктер шеруі ұйымдастырылды. Шеру Форт-Шевченконың кіреберісінен бастау алып теңіз жағалауы алаңына дейін созылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық ҚКО-ға сілтеме жасап.
Оған мемлекеттік көк байрақ ілінген 10-ға жуық жеңіл көлік қатысты. Шараның мақсаты - жастардың бойына көк туымыздың, әсемдігін, әдемілігін паш ету.
- Мұндай құндылықтарымызды енді өсіп келе жатқан ұрпаққа көрсетудің маңызы зор. Патриотизмді нығайту жолында мемлекеттік рәміздерді киелі ұғымға айналдыру айрықша маңызды фактордың бірі саналады. Елдің туы, елтаңбасы мен гимні қоғамдық санада азаматтық асыл құндылықтармен және аса жоғары пайым-түсініктермен астасып жатады, әрі мұның идеологиялық әлеуеті өте зор екені анық, – деді Түпқараған аудандық ішкі саясат, тілдерді дамыту, мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Шолпан Нұрғалиева.
Шара соңы концерттік бағдарламасына ұласты.
Сондай-ақ, Форт-Шевченко қаласының көпқабатты пәтерлеріне тулар ілінді. Бұл өз кезегінде тұрғындарды патриоттық тәрбиеге шақыруға, мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге шақыруды көздейді.