Жалпы білім беретін пәндер бойынша олимпиаданың республикалық кезеңінде үздік нәтиже көрсеткені үшін Ақшұқыр мектеп-лицейі «Ең үздік ауыл мектебі – 2022» номинациясымен марапатталды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ҚКО сілтеме жасап.
Аталған білім ордасы бесінші рет елдегі ауыл мектептерінің арасында көш бастады.
2021-2022 оқу жылында дарынымен дараланып, облыс қоржынына мерейлі марапаттар салған оқушылар облыс әкімі Нұрлан Асқарұлы Ноғаевпен кездесті.
«Жеңістен жетістікке» деп аталатын шара барысында республикалық, халықаралық пәндік олимпиада, ғылыми жоба, шығармашылық байқау жеңімпаздарына өңір басшысының алғыс хаты табысталды.
Айта кетейік, Қаламқас Жәнібекқызы құқық пәні бойынша олимпиаданың республикалық кезеңінде І орын алса, Альбина Итемген Ө.Жолдасбеков атындағы математика және механика бойынша халықаралық зерттеу жобалары конкурсынан ІІІ орынды қанжығасына байлады.
Ал Бекслан Ғалымбекұлы халықаралық «Математика және жобалау» ғылыми жоба байқауының ІІІ орын иегері атанды. Мерей Тұрарбек республикалық пәндік олимпиада, Абайтану олимпиадасы, Қ.Бітібаева атындағы пәндік олимпиада жеңімпазы болды.
Гүлназ Сұлтанмұрат өзін-өзі тану пәнінен республикалық пәндік олимпиаданың жүлдегері атанды. Гүлнұр Гумарова халықаралық «Ғылым әлемін ашамыз» ғылыми жобалар байқауының жүлдегері.
Ақмаржан Саматқызы республикалық «Ділмар» шешендік өнер байқауынан ІІІ орынды жеңіп алса, Шынар Аманбай республикалық Ілияс оқуларының бас жүлдегері атанды.