Маңғыстау ауданына қарасты Жармыш ауылының 2002 жылы мектеп бітірген түлектері туған жерге тарту жасады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Мектептен түлеп ұшқандарына атаулы жыл болып, көктем келе мерекеге дайындықты күшейтетін түлектер, өскен өлкеге қолдан келген сый-құрметін көрсетіп, үлкеннің алғысын, кішінің құрметін алып бір тарқасатын. Облыс бойынша игі дәстүрге айналған мұндай шаралар Жармышта да жалғасын тапты. Жармыштың 1985 жылы туған түлектері 20 жылдыққа орай, Шоқыр Бөлтекұлына, Сүгір Бегіндікұлына арнап банер жасап, мектеп ішінен «Оқы» атты бұрыш ашып, тағы біршама істер атқарған.
- Биыл мектеп бітіргенімізге 20 жыл деп, қыстан бері дайындық бастап кеттік. Ең бірінші «Ауылға не істейміз, мектепке не тарту жасаймыз?» деген ой тұрды бәрімізде. Содан ойласа келе ауылдың кіре берісін әрлеуге жұмыстандық. Әсем ауылға символдық жылқы тұғырын, жол жиегіне Жармышта кіндік қаны тамған Шоқыр Бөлтекұлына, Сүгір Бегіндікұлына банер жасауға, мешітке жол салуға, 11 жыл оқыған мектебімізге «Оқы» атты бұрыш жасауға бекіндік. Мұның бәрі сәтімен аяқталып, ауыл халқының алғысын алдық, - дейді мектеп түлегінің бірі Еркебұлан Жаулыбаев.