Бейнеу ауданында мәдениет және өнер саласы қызметкерлерінің қатысуымен «Өнер барысы» өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ҚКО сілтеме жасап.
Шараны Бейнеу аудандық мәдениет, спорт және дене шынықтыру бөлімі ұйымдастырды. Бәйгеге «Өнер барысы» чемпиондық белдігі және басқа да арнайы сыйлықтар тігілді.
Сайысқа 16 палуан қатысты. 60-90 кг аралығындағы салмақ дәрежесінде бас жүлдені Бейнеу аудандық мәдениет үйінің қызметкері «Сәйгүлік» лақап атымен шыққан Дәулет Сәуірбаев иеленді. Ал 90+ кг салмақ дәрежесі бойынша «Ер Шабай» лақап атымен шыққан белгілі асаба Бауыржан Атамұратов бас жүлдені жеңіп алып, чемпиондық белдікті иеленді.
- Сайыс өте көңілді әрі тартысты өтті. Мұндай жоба Бейнеуде алғаш рет өтіп отыр. 21 мамыр мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай ұйымдастырылған жобамызды көрермендер өте жақсы қабылдады, - деді Бейнеу аудандық мәдениет, спорт және дене шынықтыру бөлімінің басшысы Ынтымақ Божанов.