Бүгін Жаңаөзен қаласында орналасқан «Балақай» оңалту орталығында 20-шы баланың тұсау кесу рәсімі өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
6 жасқа келіп, алғашқы қадам басқан Жалғастың тұсауын Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Бекбол Орынбасаров кесті.
Шараға Жаңаөзен қаласының әкімі Айбек Қосуақов, оңалту орталығының мамандары мен ата-аналар қатысты. Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Б. Орынбасаров пен Жаңаөзен қаласының әкімі А. Қосуақов құттықтау сөз сөйлеп, оңалту орталығының мамандарына жасап жатқан игілікті жұмыстары үшін алғыс айтты. Мамандар осыған дейін жаңаөзендік бірнеше баланы аяққа тұрғызып, бірнеше тілашар рәсімін өткізген.
Шарада тұсауы кесіліп, алғаш қадам басқан 6 жасар Жалғас Жаңабайға велосипед сыйға берілді. Сонымен қатар Жалғастың анасы сөз алып, орталыққа келгелі баласының бойындағы өзгерістер туралы айтып, оңалту орталығының мамандарына алғысын жеткізді.