Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және Маңғыстау мұнайының 60 жылдығы аясында Жаңаөзен қаласының тұрғындары үшін заманауи көпфункционалды спорт кешені ашылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Спорт кешенінде қазақ күресі, еркін күрес, грек-рим күресі, дзюдо, киокушинкай каратэ-до, таэквондо, муай-тай, кудо, грэпплинг және тағы да басқа спорт түрлерімен айналысуға барлық жағдай жасалған. Сондай-ақ, кешенде мини-футбол, волейбол, баскетбол және теннис алаңдары, бокс рингі және екі жолақты жүгіру жолдары орналасқан.
Кешен қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған. Қала тұрғындарына ыңғайлы болу үшін шешінетін бөлмелер мен жанкүйерлердің жылжымалы трибуналары орнатылған. Бұл спорт кешені ауа райына қарамастан жыл бойы жұмыс істейтін болады. Орталық анкерлік жүйенің көмегімен негізге бекітілген екі қабатты ауа өткізбейтін мембранамен жабылған. Аталған дизайн қыста жылуды және жазда салқындықты сақтауға мүмкіндік береді.
-Бүгін ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және Маңғыстау мұнайының 60 жылдығы аясында Жаңаөзен қаласында халықтың игілігіне тағы бір заманауи спорт нысаны пайдалануға берілмек. Бұл нысан спорт сүйер қауым үшін ғана емес, тұтас жаңаөзендіктер үшін маңызды оқиғаға айналды, себебі салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен айналысам деушілердің саны өте көп. Бұл бірінші кезекте спортқа қаламызда қызығушылықтың артып келе жатқандығының кепілі деп айтуға болады және бұл кешенде талай жерлестеріміз, әлемге белгілі спортшыларымыз Әділбек Ниязымбетов, Бекзат Нұрдәулетов тәрізді чемпиондар тәрбиеленіп шығатынына сенімдімін! - деді Жаңаөзен қаласының әкімі Мақсат Ибағаров.
Спорт кешені «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорымен ашылды.
- Бұл Қазақстанда Қор бастамасымен ашылған екінші ауқымды спорт кешені. 2022 жылға дейін осындай спорт кешендері тағы 10 аймақта пайда болады. Бұл бастама кем дегенде 35 мың адамды қамтиды деп жоспарлануда. Бұл кешенді аша отырып және басқа да әлеуметтік жобаларды іске асыра отырып, «Samruk-Kazyna Trust» Қоры «Самұрық-Қазына» компаниялар тобының атынан жүзеге асатынын атап өту маңызды. Компаниялар тобының құрамына Маңғыстау облысында орналасқан ұйымдар да кіреді: «Өзенмұнайгаз», «Қаражанбасмұнай», «Қазақтеңізкөлікфлоты», «CASPI BITUM» және тағы басқалары – деді «Samruk-Kazyna Trust» Бас директорының орынбасары Сергожа Қалиасқаров.