Ақтауда жүк көлігінің жүргізушілері алып жүруге рұқсат етілген жүк салмағын арттыруды сұрайды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz
Жиналған азаматтардың айтуынша, заң бойынша қазір көліктің салмағынан бөлек, 10 тонна жүк тасымалдауға рұқсат. Ал мұндай мөлшерде жүк тасымалдау кәсіппен айналысып отырғандар үшін тиімсіз. Себебі, жүк салмағының сәл асқанына 1 миллион теңгеден астам айыппұл төлеуге тура келеді.
Бетон тасып 6 сағат жұмыс істедім. Сағатына 8 мың теңге төленеді. Сонда алтыным 48 мың теңге. 40 мың теңгесіне 200 литр дизель құямын. Ал сонда 8 мың теңгемен қалай күн көреміз?, - дейді жүк көлігінің жүргізушісі Талғат Жанбатыров.
Кішкентай заңды өзгертіп беріңіздер, 7 000 «Shacman» көлігі бар Маңғыстауда. Жүктің салмағына арттыруға рұқсат берсе... Біздің өтінішіміз – осы. Ешқандай да ереуіл немесе протест емес, - дейді жүк көлігінің жүргізушісі Алексей Тайғараев.
«Shacman» жүк көлігін тізгіндегендер дәл осы көлікке ғана шектеу қойылды деп ренжулі. Олар ауыр салмақтағы жүкті көтеретін трассада «Shacman» жүк көлігіне өзінің салмағынан бөлек, 24 тонна жүк тасымалдауға рұқсат беруді сұрап отыр.
Көлік инспекциясының функциясында тек қана бақылау функциясы бар. Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысына өтініштерін берді. Ары қарай сол кісілер айналысады. Заңда бекітілген күнде жауабын қайтарады деп ойлаймын, - деді Маңғыстау облыстық көліктік бақылау инспекциясы басшының орынбасары Жақсығали Іздібаев.
Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Аманғали Нұрдәулетов өңірдегі жолдың 95 пайызы сапалы, сондықтан, торапты бүлдіріп алмау басты назарда екенін айтты.
Махаббат Нұржанқызы