Ауыр жүк көліктеріне қойылған талап бойынша бірлік білікке(оське) рұқсат етілген салмақ 10 тоннадан аспауы қажет. Бұл ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің м.а. 2015 жылғы 26 наурыздағы №342 бұйрығымен бекітілген ереже. Егер бірлік білікке 10 тоннадан артық жүк кететін болса бұл жол сапасына кері әсер етіп, автокөлік жолының тез бұзылуына әкеледі. Бұл туралы қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингіде Маңғыстау облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Адайбек Қалиев мәлімдеді.
Спикердің айтуынша, өңірдегі автомобиль жолдарының ұзындығы – 2957 шақырымды құрайды. Оның ішінде республикалық маңыздағы – 1013 шақырым, жергілікті маңыздағы - 1944 шақырым. Жалпы автокөлік жолдары ортақ пайдаланылымда, яғни жеңіл және ауыр жүк көліктерімен бірдей қолданылады.
- Ауыр жүк көліктерінің жүкті асыра тиеуінің салдарынан жолдар тез бұзылып, соңы жол-көлік оқиғасына әкелуі мүмкін. Сондықтан, жолдарды тиісті Заң талаптарын сақтай отырып, дұрыс пайдалануға шақырамыз. Бүгінде өңірдегі ауыр жүк көліктерінің жүргізушілері рұқсат етілген бірлік білікке жүктемені 10 тоннадан асырып тасымалдауды сұрап отыр. ҚР «Жолдарда жүруге арналған көлік құралдарының рұқсат етілген параметрлерін» бекіту туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің м.а. бұйрығына сәйкес, ауыр жүк көліктеріне рұқсат етілген бірлік білікке жүктеме 10 тонна деп бекітілген. Әрбір жүргізуші осы заңдылықты түсіну қажет, - деді Адайбек Қалиев.
Қазіргі таңда нормадан артық жүк тасыған ауыр жүк көліктерінің жүргізушілеріне көліктік бақылау инспекциясы айыппұл салуда.
- Бұл жол сапасын сақтау мақсатында жасалып жатыр. Бекітілген ереже бойынша жолда 10 тоннадан артық жүкпен жүруге болмайды. Егер нормадан асып кетсе ауыр жүк көлігінің тиеген жүгі мен жүрген жолын есептеп айыппұл салынады. Барлығы заңмен бекітілген, - деді Маңғыстау облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясы басшысының орынбасары Жақсығали Іздібаев.