Үлкен жүректі кішкентай адам. Сайөтес ауылындағы Өтес орта мектебінің 4 сынып оқушысы Азамат Тоқсанбай сайыстан ұтып алған 1 миллион теңгесін мектебіне сыйлады. Ол ағаштан жылдам есептегіш ойын құралын жасап шығарған. Азаматтың тың жобасы республикалық әлеуметтік жобалар сайысында үздіктер қатарынан көрініп, 1 млн теңге қаражат ұтып алған еді.
Жас өрен аталған қаражатқа өзі оқитын мектепке заманауи құрал - интерактивті тақта мен гүл құмыраларын тарту етті. Бұл оның білім ордасына деген ерекше алғысы. Азамат Тоқсанбайдың бұл әрекеті көпшілікті сүйсінтті. 4 сынып оқушысы 4 жасынан бастап сандар жаттауға, есепке қызыққан. Ең алғаш жылдам есептегіш ойын құралын қашықтықтан оқу кезінде түрлі түсті қағаздан жасап көрген. Кейін атасы екеуі ағаштан дайындаған. Айтуынша, қазір оның жасаған құрылғысын 1 сынып оқушылары математика сабағында қызығып пайдаланады.
Азамат Тоқсанбай алдағы уақытта өзі жасап шыққан ойын құралын сатып, өзімен қатар балалардың оқу үлгеріміне көмектессе деп армандайды. Жақында Онды ауылында өткен «Тәуелсіздік керуені» облыстық көрмесіне қатысқан Азаматтың құралдарына көрме ұйымдастырушылары да қызығушылық білдірген.